ОТЫРАР АУДАНЫНДА «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 600 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

0
21

Отырар ауданында 2024 жылы аудан бойынша 2 мектептің құрылысы аяқталып, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл туралы аудан әкімінің міндетін атқарушы Сейтжанов Жансұлтан Әділжанұлы тоғыз жолдың торабы Темір және аудан орталығы Шәуілдір ауыл округтерінің тұрғындарымен кездесу барысында атап өтті. Кездесуде ауданның 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған соң, алда тұрған міндеттер мен атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Ағымдағы жылы ел игілігіне берілетін қос нысанның бірі Шәуілдір ауылындағы жаңа шағын ауданнан «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық мектеп құрылысы болса, екіншісі Балтакөл ауыл округі Ақкөл елді мекеніндегі «Ақкөл» бастауыш мектептің құрылысы. Аталған мектеп жайлары осы жылдың қыркүйек айына дейін пайдалануға беріліп, оқушылар 2024-2025 оқу жылын осы жаңа мектептерде бастайтын болады.

Айта кету керек, аудан бюджетінің кірістер жоспары 8 млрд 380 млн 994 мың теңгені құрайды. 2024 жылы ауданның өзіндік кірістері 2 млрд 877 млн 887 мың теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 108,7 пайызға артқан. Өткен жылы кездесулерде айтылған Темір, Шәуілдір ауыл округтері тұрғындарының өтініштері мен ұсыныс-пікірлері ескеріліп, көшелерді жөндеу, жұмыссыздық, тұрғын үй алу секілді секілді мәселелер бойынша біршама жұмыстар атқарылмақ.
Мәселен, қазіргі таңда Отырар ауданында тұрғын үйге кезегіне 2005 мұқтаж азамат тіркелген. 2024 жылы тұрғын үй кезегіндегі халықтың әлеуметтік жағынан осал топқа жататын азаматтарға 50 тұрғын үй сатып алу көзделген. Мұнан бөлек «Отырар ауданы бойынша Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде 4461 азаматты жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарлануда.

Сондай-ақ, жергілікті бюджет қаражаты есебінен Темір ауыл округі Темір елді мекеніндегі Б.Момышұлы көшесінің қиылысы мен Жібек жолы даңғылының қиылысы, Шәуілдір ауыл округі Шәуілдір елді мекеніндегі Т.Бозшабаев, С.Құрманбеков, Қ.Сәтбаев, Н.Оңдасынов, Ф.Садықбекқызы, Бозінген, Д.Алтынбеков көшелеріне орта жөндеу, ал, Темір ауыл округі Темір елді мекеніндегі Жібек жолы көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Темір ауыл округі Темір елді мекеніндегі Темірскей орам, Б.Момышұлы қиылысына орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Темір ауылындағы «Темір жол» өткелін жөндеу, Темір елдімекенінен спорт алаңшасын салу, Шәуілдір ауылындағы жаңа мөлтек ауданға газ жүйелерінің құрылысын жүргізу, аудандық орталық емхана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары да ағымдағы жылы іске асатын болады.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары жарықтандыру, жол жөндеу, тазалық жұмыстарын ұйымдастыру, газдандыру жұмыстарына қатысты бірқатар мәселелер бойынша сауалдарын қойып, мамандар тарапынан тұщымды жауаптар алды. Кездесу жиынынан соң Жансұлтан Әділжанұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, талап-тілектерін тыңдады.

Leave a reply