Жерлестеріне үй салып беріп жүр

0
33

Жетісай ауданындағы «Binazar Group» ЖШС басшысы Берік Кембил жуырда 60 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, кілтін үй кезегінде тұрған азаматтарға табыстады. Кәсіпкер бүгінде өз қаржысы есебінен тағы 50 пәтерлі 2 үйдің құрылысын жүргізіп жатыр. Құрылысқа қолданылып жатқан материалдар түгелдей жергілікті құрылыс материалдары. Материалдардың сапасы тиісті мамандар мен жергілікті әкімдік тарапынан қатаң бақылауда. Аталмыш 2 үйдің құрылысы аяқталған соң 50 пәтерді аудан әкімдігі түгел сатып алып, оны жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, халықтың осал тобына жататын азаматтарға, бюджеттік немесе мемлекеттік қызметшілерге, көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ, тұрғын үй кезегінде тұрғандарға үлестірмек.
Көпқабатты үй салынып жатқан жер кеңестік дәуірде өндірістік база болған. Аумағы – 0,41 гектар. Ол соңғы 5 жылда қараусыз қалған. Осы бос тұрған жерді кәсіпкер кәдеге жаратып, жерлестерінің игілігіне бермекші. Әрине, үй салып. Сәуір айында қазығы қағылған ғимарат қыркүйек айында толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр. Оның жалпы құны 780 млн. теңгені құрайды. Тұрғын үй алаңында балалардың ойын алаңшалары мен спорт-воркаут, автотұрақтар да қоса салынатын болады.
Сонымен қатар 3857 адам тұрғын үй кезегінде тұратын ауданда жақын күндері сатып алу құқығынсыз тағы 90 арендалық тұрғын үй тапсыру жоспарланып отыр.
Жалпы, Түркістан облысы бойынша баспанасыз ауыл тұрғындарына осындай жолмен 2500 тұрғын үй сатып алынбақ.

Leave a reply