Воскресенье, 6 октября

КЕЛЕСТЕГІ 29 ЕЛДІ МЕКЕН ТҰРҒЫНДАРЫН АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

0
62

Түркістан облысында ауыз су саласына 2023 жылы 70 нысанның құрылысына бюджеттен 18,6 млрд. теңге бөлініп, 36 нысан құрылысы аяқталды, қалған 34 нысан 2024 жылға өтпелі болды. Нәтижесінде 20 елді мекен ауыз сумен қамтылды, 9 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылды. Сонымен қатар 3 елді мекенде (Сарыағаш, Төлеби, Қазығұрт) су тазалау имараты мен су жинау қоймасы, 15 мөлтек ауданда су құбырлары салынды. 2023 жылдың қорытындысымен, 800-ден астам елді мекеннің 739-ы (7 қала, 732 ауылдық елді мекен) немесе 89,1% ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Биыл бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Ресей Федерациясынан келген инвесторлармен еліміздегі ауыз су жүйесімен айналысушы ғалымдарды қабылдап, аудандағы ауыз су жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Аудан басшысы өңірдегі өзекті мәселелерді баяндап, мүмкіндіктер жөнінде ақпарат берді.

— Ауданымызда 83 ауыл бар. Оның 66-сы ауыз сумен қамтылған. 7 елді мекен экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып табылады. Бүгінде Келес ауданындағы 10 ауылды Сарыағаш топтасқан су жүйесі ауыз сумен қамтуда. Ал, 27 елді мекенге ауыз суды жеткізуге Дарбаза топтасқан су жүйесі өз жауапкершілігіне алған. Қалған 29 ауылды ауыз сумен қамту шараларын Келес Қызмет мекемесі ұйымдастыруда. Соңғы уақыттағы өзекті мәселенің бірі – жаз айларында ауыз суды халыққа қажетті деңдейде жеткізе алмаудамыз. Бұның себебі Сарыағаш ауданынан қосылған елді мекендердің бізге келетін ауыз су жүйесіне қосылуында болып отыр. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін өзімізде бар ресурстарды ұтымды пайдаланып, таза ауыз су жинайтын бассейндер құруымыз қажет, — деген аудан басшысы өңірдің мүмкіндіктерін атап өтті.

Аудан әкімі Жәнібек Есенұлы Өзбекстан елінен келетін Зах каналының магистралды су құбырын тазарту арқылы Келес ауданындағы 8 ауылға ауыз су жеткізу мүмкіндігін тиімді пайдалануға шақырды. Өз кезегінде келген инвесторлар мен ауыз су саласындағы мамандар аталған мүмкіндкті толыққанды бағамдау үшін нақты зерделеу жұмыстарын жүргізетіндігін, алдағы уақытта қосымша ұсыныстар енгізетіндігін жеткізді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Ащынау-Алпамыс батыр каналы ағын су көзінен елді мекендерді қосымша таза ауыз сумен қамтамасыз ету нысаны бойынша жобалау сметалық жұмыстары жүруде. Аталған жоба арқылы Алпамыс батыр ауылдық округінің Ақжол, Қауыншы, Ұшқын ауылдық округінің Ұшқын, Достық, Қоралас, Біртілек ауылдық округінің Жолбасшы, Көлтоған және Абай ауылындағы жалпы 60 мың тұрғын 24 сағат таза ауыз сумен қамтылатын болады.

Leave a reply