КЕЛЕСТЕ БЕС ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ САЛЫНЫП, АУДАНДЫҚ АУРУХАНА ҒИМАРАТЫ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ

0
11

Өңірдің денсаулық сақтау саласында биыл 8 медициналық ұйымға күрделі жөндеу жұмыстарын өткізу жоспарланған. Бүгінгі таңда Кентау қалалық орталық ауруханасы, Келес аудандық «Абай» ауруханасы, Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына қарасты, Боралдай дәрігерлік амбулаториясы бойынша күрделі жөндеу жұмыстарына мердігер мекемесі анықталып, келісімшарт түзілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина инфрақұрылымын дамыту бағытында нақты тапсырмаларды жүктеген болатын. Осы орайда Түркістан облысының Келес ауданында биыл аудандық орталық ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүреді. Аурухана бас дәрігері Сәуле Исахованың мәліметінше аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген уақытта аурухана ғимараты Абай ауылының Т.Рысқұлов көшесіндегі 105/а мекен-жайына көшеді.

– Бүгінде медицина саласын дамытуға ерекше мән беріліп, халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында кешенді шаралар атқарылуда. Өткен жылы аудандық ауруханаға компьютерлік томография және ультрадыбыстық аппараты алынды. Сондай-ақ 4 жедел жәрдем санитарлық көлігі пайдалануға берілді. Аудандағы күрделі жөндеуді қажет ететін аурухана ғимараттарына зерделеу жүргізіліп, нәтижесінде 22 нысанның құрылысына сәулет жоспарлау тапсырмасы істелді. Дайындалған құжаттар облыстық денсаулық сақтау басқармасына тапсырылды, — деді аудандық аурухананың бас дәрігері Сәуле Исахова.

Осыған дейін «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар аудандардағы медициналық ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, пайдалануға берілген болатын.

Айта кетейік, бүгінде Келес ауданындағы денсаулық сақтау саласында медициналық көмек көрсететін 66 мекеме жұмыс істеуде. Биыл Келес ауданында 5 дәрігерлік амбулатория және 1 фельдшерлік акушерлік пункт салынады. Сонымен қатар, алдағы уақытта аудан аумағындағы Бесқұбыр және 20 фельдшерлік акушерлік пунктті жөндеу жұмыстары жоспарға енген.

Leave a reply