КЕНТАУДА КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНУДА

0
26

Түркістан облысында өңірлерді және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту және тұрғын үй құрылысын жүргізу жұмыстары жаласуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бүгін Кентау қаласында салынып жатқан үйлерді аралап көрді. Уәлиханов көшесінде орналасқан №150 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысып, мердігермен кездесті. Құрылыстың сапасына басты назар аударуды ескертті.
Қазіргі уақытта үйлердің кірпіші қаланып, инфрақұрылымы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарын «Іргетас-Құрылыс ІІ» ЖШС жүргізуде. 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланған. Пәтерлердің жалпы ауданы 3 мың шаршы метрден асады. 60 пәтерлі тұрғын үй баспана кезегінде тұрған отбасыларға беріледі.

Айта кетейік, бұл тұрғын үйлердің құрылысына 2020 жылы жергілікті бюджет есебінен 1000,0 мың теңге қаралып, түзілген келісім шарт негізінде құрылыс жұмыстары басталған болатын. Алайда, 2021-2022 жылдарға тұрғын үй құрылысына қаржы қаралмауына байланысты, құрылыс жұмыстарын уақытша тоқтатылған. 2023 жылға 1 көпқабатты әлеуметтік кредиттік тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 300,0 млн теңге қаржы қаралып, 2024 жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Қалған 4 көпқабатты тұрғын үй бойынша республикалық және облыстық бюджеттен қаржы сұратылған.

Түркістан облысында елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту критерийлері жасалды. Ең алдымен мүлдем су, газ құбыры жоқ ауылдардың мәселесін шешуге басымдық беріледі. Сонымен бірге су көздерін барлау жұмыстары назарға алынған.Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстарын жүргізуге негіз болатын шарттарды айтты. Ауыз су жүйесіне тоқталсақ, елді мекенде ауыз су жүйесінің болмауы, бекітілген су қорының болуы, объектілердің (жүйелердің) тозуының нақты жоғары дәрежесі (кемінде 50 %), елді мекендегі тұтынушылар саны, ауылдық елді мекендерде су жүйесін салу бойынша халықтың келісу хаттамасының болуы, құрылыс құнының қолданыстағы нормалар мен ережелерге сай болуы назарға алынады.
Ал газ нысанын салар алдында газ тарату станциясының қажетті қуаттылығын анықтау, станцияға қосылатын елді мекендердің, әлеуметтік және өндірістік нысандардың перспективалық өсімін ескере отырып, қажеттілігін есептеу және өзге де түйткілдер зерттеледі. Электрмен қамту кезінде де жобалар әбден зерделеніп, ең өзекті, өткір мәселелер шешіледі. Тұрғындардың талап-тілектері ескеріледі.

Leave a reply