Ордабасыдағы өндіріс орындарының жұмысы қарқынды

0
31

Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Ордабасы ауданы, Бадам ауылдық округіндегі “Бөрте милка” сүт-тауарлы фермасында және “JNRAY GROUP” тігін фабрикасында болды.

Вице-премьер аталған кәсіпорындардың жұмысын оң бағалап, мемлекет тарапынан көрсетілген көмектердің тиімді және мақсатты жүзеге асырылып жатқанына алғысын білдірді. Сондай-ақ бірнеше адамды жұмыспен қамтып және отандық өнім өндіріп отыоған кәсіпорындардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жатқан үлесінің зор екенін ерекше атап өтті. Одан бөлек өндірістік қуаттылық арттыру бағытында жұмысты жандандыру мәселесі сөз болды.Сондай-ақ Серік Мақашұлы кәсіпкерлермен тілдесіп, олардың мемлекеттік қолдауға байланысты ұсыныс-тілектерін тыңдады.

Айта кетсек, Тәулігіне 15 тонна сүтті өңдеуге қауқарлы кәсіпорын қаймақ пен айран, сары май, құрт, балмұздақ және балаларға арнап «Бөрте Милка» йогуртының 5 түрін шығарады. Жұмысын бастаған күннен бастап шағын фермерлерден де сүт қабылдай бастаған. Олармен келісім-шарт жасалған. Мұнда барлық жұмыс адам қолымен емес, роботтардың көмегімен атқарылады екен. Фермада салқындату және жарық жүйесі, тіпті, камера орнатылған. Ал сүт өнімдері швед технологиясы бойынша өндіріледі екен.Компания кешені өңірдегі жалғыз роботтандырылған сүт-тауарлы ферма болып саналады. Ферма шведтің DeLaval және голландтық Lely компаниясының ең заманауи технологиясын қолданып соғылған.

Мұндағы барлық жұмысты дерлік роботтар атқарады — сиырды тазалап, сауады және тұратын орнын тазалайды. Жемделетін сиырларды салқындату жүйесі, метеостанциясы бар желдеткіш жүйесі, күндізгідей жарық жүйесі, сиырдың тойғанын анықтау үшін және жағдайын саралап тұратын камералары орнатылған. Фермада өз Селекция және генетика орталығы бар. Голштино-фриз тұқымын алғашқыда Венгриядан әкелген болса, қазіргі таңда өз жерімізде бұзаулар өсірілуде.

Инвестиция көлемі 4,5 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 20% — өз қаражаты болса, 40% – несие, 40% — мемлекет көмегі. Мұнда Гольдштейн Фриз тұқымдас 480 сиыр бар. Әрқайсысына бірегей коды бар чип орнатылған. Сауын сиыр туралы ақпарат жалпы компьютерге түседі. Адамның көмегінсіз 8 робот-сауыншы 480 сиырды сауады. Әр сиырдан тәулігіне 30-40 литр сүт сауылады. Осылайша бір тәулікте шамамен 15 тонна сүт жиналуда.

Leave a reply