ОТЫРАР АУДАНЫНДА 8 БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢШАСЫ САЛЫНАДЫ

0
35

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Сейтжанов Жансұлтан Әділжанұлы түс ауа Қоғам, Қарғалы ауыл округтерінің тұрғындарымен кездесіп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесуде алдымен ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндаған соң, алда тұрған міндеттер мен атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Ол өз сөзінде: «Ауданда абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары аясында 8 елді мекенде балалар ойын алаңшасы, 8 елді мекенде спорт алаңшалары салынатын болады. Бұл өз кезегінде жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға, ауданда бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жұмыстардың жалғасы»,-деп атап өтті.
Бұдан бөлек Арыстанбаб кесенесінің маңайын, аудан орталығы Шәуілдір-Темір елді мекендерінің аралығын абаттандыру, Темір жол өткеліне жөндеу, абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ, жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қоғам ауыл округі, Мыңшұқыр елді мекеніндегі «Пышақшы», Талапты елді мекеніндегі Е.Құдайбергенов, Қарғалы ауыл округі Қарғалы елді мекеніндегі «Қарғалы-4» көшелеріне және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қоғам елді мекеніндегі Бескепе, Ж.Жұмагелдиев, Қ.Қайназаров, Б.Әшіров көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп күтілде.
Кездесу барысында тұрғындардың ағын су, жолдарды жөндеу, ойын алаңшасын салу секілді бірқатар мәселелерге қатысты қойған сауалдарына жауап берген Жансұлтан Сейтжанов жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, заң аясында тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.

Leave a reply