Суббота, 21 сентября

САЙРАМДА «ТАЗА БЕЙСЕНБІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТКІЗІЛДІ

0
57

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аудан, қалаларда экологиялық мәдениетті қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.Сайрам ауданында «АМАNAT» партиясы Сайрам аудандық филиалы, аудандық мәслихат аппараты, аудандық мәслихатының депутаттары, фракция мүшелері, «Жастар ресурстық орталығы» КММ, «Жастар Рухы» ЖҚ мүшелері, «Көрікті Сайрам» коммуналдық мекемесі және БАҚ өкілдерінің қатысуымен, «Таза Бейсенбі» республикалық экологиялық акциясы өткізілді.

Тазалық шарасына бірқатар күл-қоқыс тазалайтын жүк көліктері жұмылдырылды. Атап айтқанда, Ақсукент ауылдық округі, Қарабұлақ тас жолы даңғылы, көше бойларын және қоғамдық орындарды тазалау жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы науқан аясында 1 408 ауқымды іс-шара өткізілген. Оған 2 156 мемлекеттік орган, 3 204 бизнес өкілі, 74 мыңға жуық тұрғын атсалысқан. Бұл жұмыстар жалғасады.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өз сөзінде, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында құлшыныспен жұмыс істеу керектігін ескертті. Бұл бағытта облыс көлемінде жұмыстар жалғасып, тұрғындардың экологиялық сауатын көтеру, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шаралар жүйелене түседі. Бүгін осы мәселеге байланысты Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен кезекті мәжіліс өтті. Маңызды жиынға Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ерлан Исабеков, Полиция, Экология департаменттерінің басшылығы, аудан, қала әкімдері мен экобелсенділер қатысты. Өңір басшысы «Таза Қазақстан» акциясы бойынша атқарылған жұмыстар әкімдердің қызметін бағалауда назарға алынатынын жеткізді.

– Біз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жалғастырамыз және апта сайын пысықтап отырамыз. Бұл – Президенттің бастамасымен қолға алынған іс. Сондықтан оның маңызын әрбір әкім, әрбір мемлекеттік қызметкер терең сезініп, оны тұрғындарға жеткізе білулері керек. Әріптестер, «Таза Қазақстан» акциясы бойынша құлшыныспен жұмыс істеу қажет. Бұл – біреудің күштеуімен емес, өзіміздің ынтамызбен кірісетін жұмыс. Облыс аумағы таза болса, қоғам да, қоғамның ойы да тазарады. Сондықтан әрбіріңізден осы жұмысты жалғастыруды талап етеміз. Дұрыс нәтиже болмаса, ауыл округі әкімдері, аудан әкімдерінің жауапты орынбасарларына, тіпті, аудан, қала әкімдлеріне қызметтік шара көріледі. Барлық сала басшылары мен өкілдері атсалысуы тиіс. Білім, спорт, мәдениет, медицина мекемелерінің өкілдері өз аумақтарын тазартып, көгалдандырсын. Қоғам болып кіріскенде ғана аймақ тазарып, ажары ашылады, – деді Дархан Сатыбалды.

Өңірде тазалық, абаттандыру жұмыстары жалғасады. Осы салаларға қатысты заңды бұзғандарға қатысты тәртіптік шаралар да тоқтамайды. Тұрғындардың экологиялық сауатын көтеру, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы ақпараттық және түсіндіру жұмыстарына басымдық беріледі.

Leave a reply