САУРАНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТАТЫН АУҚЫМДЫ ИНВЕСТЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

0
14

Бүгінгі күні Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндет көп. Соның бірі ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық–түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ауыл шаруашылығы- халық шаруашылығының маңызды салаларының бірі, өйткені ол азық-түліктің негізгі өндірушісі болып табылады. Ауыл шаруашылығы АӨК құрылымында ерекше орын алады. Бұл,біріншіден, азық-түлік өндірісі функционалдық рөлді атқарады.Екіншіден,ауыл шаруашылығы кәсіпорындары оның өнімдерін тұтынатын немесе ауыл шаруашылығы тұтынатын өнімді шығаратын ондаған саламен байланысты.

Жуырда ғана Парламент палаталарының бірлескен отырысында ауылды дамытудың тетіктері туралы тапсырма берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы «Ауыл аманаты» жобасына айрықша тоқталып, шаруаларға қажет болса, техника сатып алу үшін субсидия берілетінін айтқан еді. Сондай- ақ, Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы” жарлыққа қол қойған болатын.

Бүгінде оңтүстік өңірлерінде де, соның ішінде Сыры терең Сауран ауданы да – Түркістанмен қатар дамыған көне шаһар. 2021 жылы наурызда Мемлекет басшысының жарлығымен Сауран ауданы құрылып, тарихи мекеннің даңқы қайта жаңғырып, қайтадан Түркістанмен қатар дами бастады. Бұл – ауданның, облыстың туризм саласы үшін аса маңызды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан Сауран ауданының әлеуеті өте жоғары. Ауданның ұйымшыл, еңбекқор халқы негізінен кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына ден қойған. Бүгінде жаңарған ауданда жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп жатыр. Сауран ауданына биыл І тоқсанда 6 млрд 428,9 млн теңге инвестиция тартылды. Осы жылы жалпы құны 13 млрд 129 млн теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асырылып, 329 жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделіп отыр.
Оның ішінде ірі инвестициялық жобаларды атап өтсем, Оранғай елдімекенінде «Балмұздақ» ЖШС-ның балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға қойма салу және «Ныш Ер» ЖШС-ның демалыс аймағы және қонақүй салу жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Ал Шаға ауылдық округінен «Яссы Agro.kz» ЖШС-ның жаңбырлатып суару арқылы картоп, сәбіз өсіру жобасын жүзеге асыру қолға алынады. Үшқайық ауыл округінен «Иманқұл ата» Ш/Қ-ның балық шаруашылығын дамыту мен Шорнақ елдімекенінен «Sauran Plast» ЖК-ның қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кешені жобасы, сондай-ақ, Ескі Иқан елдімекенінен «AgroFoodTrade» ЖШС-ның мақта майын өндіру цехы жобасы іске асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Сауран ауданында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерліктің саны – 6 010.

Брифинг барысында аудан әкімі биыл Аша елдімекенінде ауызсу жүйесі құрылысының 2-ші кезеңі аяқталып, іске қосылатынын, сондай-ақ, 3 шалғай орналасқан елдімекенде кешенді блок модуль орнату қарастырылғанын айтты.

– Өткен жылы Жүйнек, Шыпан, Қызылжол, Достық елдімекендеріне су мұнарасы орнатылып, Бостандық, Еңбекші Дихан, Шоқтас елдімекендерінің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал аудандағы 35 елдімекен орталықтандырылған электр қуатымен қамтамасыз етілген. 1 елдімекен күн сәулесі батареяларынан қуат алады. Аудан халқының өсуіне байланысты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін, өткен жылы 13 трансформатор орнатылды. Биыл 37 дана орнатылады. Сонымен қатар, елдімекендердегі жаңадан қоныстанған аумақтарға электр желілерін жүргізу бойынша жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Ал 11 елдімекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күнге нақты 6 елдімекен табиғи газды пайдаланып отыр. Биыл Ескі Иқан, Ибата, Ойық, Бершінтөбе, Шоқтас елдімекендеріне табиғи газ қосылады, – деді аудан әкімі.

Leave a reply