Суббота, 5 октября

САУРАНДА КҮНІНЕ 30 ТОННА ҚҰРҒАҚ ҚҰРЫЛЫС ҚОСПАЛАРЫН ӨНДІРЕТІН ЦЕХ АШЫЛДЫ

0
88

Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылдық округінде «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін цехтың ашылу рәсімі өтті. Ашылу салтанатына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат депутаты Абдурашид Жусипов, Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық, ауыл ақсақалдары қатысты. «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бұған дейін де өз кәсібін дөңгелетіп, жемісті жұмыс атқарып келеді. Аталмыш нысанның төрағасы Аброр Рысқұловтың айтуынша, қажетті құрал жабдықтарды Қытай Халық Республикасынан алып келген. Бүгінгі таңда цехта 25-30 адам тұрақты жұмыс істейді. Жалпы цехтың көлемі 1 гектарды құрайды.
Қазіргі таңда онда 12 түрлі құрғақ құрылыс қоспалары дайындалып, нарыққа шығарылуда. Күніне 30 тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруде. Ондағы артықшылық нарық бағасынан әлдеқайда төмен, сапасы жоғары. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие болып, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттыруда. Алдағы уақытта өнім көлемін 2 есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, Сауран ауданындағы Оранғай ауылдық округінде демалыс орындарына арналған үстел, орындық және темір есіктер дайындайтын цех іске қосылды. Жеке кәсіпкер Бабыр Насыров «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 5 млн.теңге несие алып, кәсібін бастаған. Бүгінде өндіріс орны заманауи технологиялармен жабдықталған. Сондай-ақ, цех жылына 3000-нан астам темір есік пен үстел дайындауға қауқарлы. Бүгінде кәсіпкер 12 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың жалақысы 250-300 мың теңге аралығында.

«Қазіргі таңда жиһаздарымызға сұраныс көп. Түркістан қаласы мен Сауран ауданының тұрғындарына өнімдерімізді өткізіп отырмыз. Негізінен қажетті жабдықтарымызды арнайы Өзбекстан елінен алдырамыз. Бүгінде жиһаз өндіру саласы қарқынды дамып, кәсіп жасаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетіліп келеді. Жылдан жылға елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жиһазға деген қажеттілікті арттырады. Осылайша біздің өнімдерге сұраныс арта түспек», — дейді өндіріс орнының басшысы Бабыр Насыров.

Leave a reply