Суббота, 5 октября

САУРАНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА 33 ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ

0
49

Сауран ауданында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында сенбілік жұмыстары жалғасын тапты. Ауданда тазалық аптасы тұрақты жүргізіліп келеді. Тазалықты жанына серік еткен саурандықтар бүгін де сенбілік жұмыстарына белсенді қатысып, ортақ мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосуда.
Тазалық жұмыстары Шорнақ ауылдық округі, Қосмезгіл елді мекені, Жаңа мектеп көшесінің бойында ұйымдастырылды. Қызу тазалық жұмыстарына 142 азамат бір кісідей атсалысты. Әр ұжым өздеріне бөлінген 1,2 шақырым көше бойының арам шөптерін шауып, 1 шақырымдық жаяу жүргіншілер жүретін жолдың шеттерін әктеді.

Сонымен қатар аталмыш көше бойындағы қураған ағаштар, арам шөптер шабылып, нәтижесінде 33 тонна қоқыс шығарылды. Оған 4 техника жұмылдырылды. Сенбілікте елді мекендегі жол бойлары мен айналасын тазартып, ағаштардың түбін әктеу, қураған ағаштарды бұтау, арық-атыздарды қатты тұрмыстық қалдықтардан тазарту шаралары қолға алынды. Көше бойы түгел сырланып, әктеу жұмыстары қатар жүргізілді. Айта кетейік, алдағы уақытта аудан көлемінде сенбілік жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.

Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар. Ұрпақты тәрбиелеу үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарасақ, тазалыққа жаны жақын ұрпақ қалыптасатыны ақиқат. Үйдің тазалығы іргесінен, ауласынан көрінеді. Ал, таза көше мен көгал саябақтар елдің айнасы іспетті. Қоршаған ортасы таза елдің жаны да таза. Осындай мысалдарға толы «тазалық» сөзінің мағынасы терең. Жеке тазалықтан бастап, қоғамдық тазалыққа дейінгі әрекеттердің барлығы адамның шынайы ниетімен жасалатын дүние.Елімізде табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Экологиялық науқанға 17 облыс пен 3 қаланың тұрғындары жаппай қатысып, туған жерін, тұрған аумағын таза ұстауға үлес қосуда. Әр өңірдегі жастар ресурстық орталығының бастамасымен қолға алынған акция 5 аптаға жоспарланған.

Leave a reply