Суббота, 5 октября

САУРАН: ЖЫЛАҒАН АТА ЖОРЫҒЫНА ШАШ АНАНЫ ҚОСУ КЕРЕК

0
9


Жақында Сауран ауданының бір топ зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдары, әз аналары Жылаған ата кесенесіне барып зиярат етіп, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қорымның маңын қоқыстар мен қалдықтардан тазартты. Жылаған ата үңгірі Сауран орталығы Шорнақтан 30 шақырымдай жерде орналасқан. Қаратау жотасының Жылаған ата шатқалында, Абай елді мекенінен солтүстікке қарай Жылаған ата өзені бойындағы үңгір. «Бабалар сөзінде» Жылаған ата үңгірі туралы аңыз бар.
Аңыз бойынша кезінде байлығы шектен шыққан Гүрзіхан деген кісі болады. Бәйбішесі Шаш-Ана екеуі жастары келіп қалған соң байлықтың базарына тойғаннан соң, «әттең, енді бір осы байлыққа ие болатын перзент болса ғой» деп армандайды. Сол кезең Қазақстанға Ислам дінінің келе бастаған тұсы, Гүрзіхан дін жолына түсіп, Ислам дінін ұстанып, Алладан бала сұрайды. Құдай тілегін қабыл етіп, Шаш-Ана анамыз бала көтеріп уақыты келіп босанады. Босанған бала пердеге оралған күйінде мес сияқты дүниеге келеді. Сол кезде Гүрзіханға Қыдыр ата аян беріп «бұл қасиетті бала, құт- берекенің белгісі, месті жармаңдар өзі уақыты келгенде шығады, әзірше көтеріп жүре беріңдер» дейді. Аянды қабыл алған ерлі-зайыптылар, біраз уақыт көтеріп жүреді, бірақ бала не сөйлемейді, не күлмейді, не жыламайды.
Бір күні көтеріп жүруден шаршаған анасы Игілік ауылының маңындағы өзеннің қасына келгенде месті көтеріп тұрып анасы «сені қашанғы көтеріп жүреміз, не сөйлемейсің, не күлмейсің, не жыламайсың» деген кезде мес қолынан түсіп кетіп ішінен нұрлы жүзді бала шығады, бала местен шыға сала тауды беткейлеп қаша жөнеледі. Ата-анасы ізінен жүгіреді. Бала қашып осы жаққа бағыт алады. Жол бойында ойнап отырып артымнан әке-шешем шөлдеп келе жатыр деп аса таяғымен жерді ұрып қалып сол жерде құдық пайда болады. Бұл Жылаған ата басына бара жатқанда Тасқұдық бар, сол осы. Аталған құдық та киелі саналады. Осы жерге Жылаған ата келіп үлкен тасты асық қылып ойнап отырады, әке-шешесі жеткен уақытта осы жерге бір аунайды да, содан әрі қарай жүреді, анау жерде «Ана жатыры» деген су шұңқыры бар, сол жерге барып ата-анасын күтеді, ол жерге де жеткен мезетте, үлкен үңгірдің ішіне кіріп кетеді де шықпай қояды, ата-анасы болса балаға жалынып-жалбарынып кешірім сұрап, «біз білместік таныттық, бізді кешіре гөр, сен біздің баламызсың» деп тіл қатқанда, бала ата-анасына былай деп жауап қайтарады: «біз мына дүниеде емес, анау дүниеде кездесеміз, мен үшін алаңдамаңыздар және арттарыңызға қарамаңыздар мен бар күшімді салып сіздер жүрген жерді ырыс-ынтымақ пен жақсылық, қуанышқа бөлеймін», дейді.
Әке-шешесі амалы жоқ көніп, мұңайып елге қайтып келе жатқанда, жолда баламыздың жүзіне соңғы рет бір рет қарап қалайық, мүмкін артымыздан келе жатырған шығар деп, Есеккөл деген жерге келгенде арттарына бұрылып қарайды, қараса арттарынан нұр болып ағып келе жатқан үлкен өзен жердің астына сіңіп жоқ болып кетеді. Сол өзеннің аяғы тек 5-6 шақырым жүргеннен кейін қайта шығады, бірақ ол жағын толығырақ ешкім біле бермейді. Бұл үлкен үңгір үш үлкен тесіктен тұрады. Бірінші жоғарыдағы атқылап су ағатын жері, екінші тесігі ата-анасы артына қараған уақытта пайда болған, бұл үңгір кезінде яғни әріде басқаша болған бұл жерді Кеңес үкіметі кезінде геологтар құпиясын ашу мақсатында зерттемек болған, үңгірдің ішіне кіріп көру үшін алып тастарды арнайы құралдармен құлатпақ болған, сол уақытта аяқ астынан осы жерді жыландар мен түйелер қаптап кеткен үшіншісі сол кезде пайда болған. Бұл жердің құдіретін осыдан кейін-ақ түсіне беруге болады.
-Қазір Жылаған ата жері, осы таулы үңгірден ағатын суымен құпиялы да киелі болып тұр, себебі су тек қана құран оқыған кезде ғана ағады және жай ғана емес аяқ астынан, күтпеген жерден сарқырама секілді лақ ете қалады, оның уақытын ешкім білмейді, кейді тіпті бір-екі күндеп ақпай қалатын күндерде болады. Алыстан арнайы ат терлетіп келіп жатқан жамағаттар кейде осы жерде сарқыраманың ағуын тосып күндеп, апталап жататындар бар. Бастысы ниеттің түзу болуы, ниет адал болса бұйырғаны болады. Енді бұл жердің құдіретілігінің тағы бірі жаңағы айтқанымдай, қаншама отандық, шетелдік ғалымдар зерттеп көру мақсатында құралдарымен тексеру жұмыстарын жүргізіп көрді, бірақ техниканы тыңдамайды, құралдары жұмыс істемей қалады. Қазіргі кезде мұнда қаншама туристер мен қызығушылық танытып келіп жатқан адамдар көп болды. Әркімнің мақсаты әртүрлі біреулер ауруына ем іздеп келеді, біреулер киелі жердің құпиясына қызығып келеді. Ауруына ем іздегендер қасиетті үңгірдің зәм-зәм суын ішіп, ауруына шипа тауып жатқандар да бар, Жылаған ата үңгірінің басты қасиеттілігі осында, -дейді Сауран ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов .
ЖЫЛАҒАН АТА ТАРИХИ ДЕРЕК ШЫНДЫҒЫ
Сан ғасырлық қилы-қилы тарихымыздың бір ұшы аңыз-әпсаналарға ұштасатыны мәлім. Десе де, сол аңызды тереңірек үңіліп зерттей түссек, бір шынайы заңдылық, ақиқаттың бола түсетіні хақ. Дана халқымыздың «Сайрамда бар сансыз баб, Түркістанда түмен баб» деуі тектен тек емес. «Ұшса құс қанаты талатын, шапса ат тұяғы күйетін» дархан даламыздың төсінде жатқан әрбір киелі, діни-рухани орындардың өзіндік аңыз-әпсаналары бар. Мәселен, Укаш ата, Ысқақ баба, Көк тонды ата, Үйрек ата мұның бәрінің аңызы сонау ғасырлар тарихынан келе жатқаны барша қауымға аян. Бүгінде халық Түркістан қаласының солтүстігінде 80 км жерде Қаратаудың қойнауында орналасқан Жылаған ата үңгірі мен бұлағына зиярат етіп, Алладан тілек тілейді. Десе де, көпшілік қауым Жылаған атаның әкесі Құрышхан ата (Гүрзіхан) хақында біле бермейді. Құрышхан ата бейіті Түркістан қаласының солтүстігінде 45 шақырым жердегі Абай ауылының ортасында орналасқан. Құрышхан ата жайында сол елді мекенде тұратын көне көз қарияларымыз көп сыр шертеді.
Міне, сондай көненің елесін жамап жүрген Гауһар ана мазарының шырақшысы Нұрғали Алдабергенов ақсақалдың Жылаған ата жайында өрбіткен аңызына сүйенсек: Ерте заманда Құрышхан және Шаш ана деген ерлі зайыптылар өмір сүріпті. Құрышхан мен Шаш ана күні-түні ұйықтамай құдайдан бала тілепті. Бір күннің арайлы таңында Шаш анамыздың түсіне қарт ақсақал кіріп, аян беріп «бойыңа бала бітеді, бірақ, аздап қиыншылығы да бар» дейді. Көп ұзамай, ұзақ күткен Шаш ананың бойына бала бітеді. Ол заманда қуаңшылық болып жұрт көшіп-қонып жүрсе керек, Құрышхан ата мен Шаш ана да қазіргі «Игілік» аталған елді мекеннің жеріне келіп тұрақтайды. Осы жерде күндердің күні ай күніне толмаған Мес (перделі бала), туылып, жерге түскен соң перде жарылып, қазіргі Абай елді мекені мен Игілік ауылы арасында орналасқан «Үржар» деген қырдың үстімен өтіп, Ақтөбе өзеніне түсіп қаша береді. Құдайдан тілеп алған баласынан айрылған ата-ана: «Тоқта балам» деп, артынан қуа береді. Бала Ұятып тауынан өтіп, Қоғашықтан асқан соң, қазіргі үңгірге (Жылаған ата үңгірі) кіріп, ата-анасына «Арқаларыңа қарамаңдар» деген екен. Сонымен, қазіргі Абай (бұрын «Ақтөбе» аталған) ауылының тұсына келгенде «неге қарама» деді екен деп әке байғұс артына қараса іздерін қуалай топан су ағып келеді екен. Әкесі қараған заматтан бастап су сол жерге бірден сіңіп кеткен екен. Қазір де су сол жерге дейін ағып келеді де (әсіресе, жазда) жоқ болады. Бұл қазіргі Ақтөбе өзенінен ағып келетін Абайдағы су қоймасы орыны, — яғни тоған асты.
С.Қожамұратов өзінің «Ортағасырлық қалалар тарихын аңыз-әңгімелермен қоса зерттеу» атты мақаласында: «Жылаған ата аңызын, Абай ауылының солтүстігінде 5 км шамасында, Ақтөбе өзенінің оң жағасында, Қаратаудың етегінде орналасқан Ақтөбе қаласымен және Қаражондағы Шаш ана қалашықтарымен» байланыстырғанды жақсы көреді.
Шаш Ананың Қаражонда қорымы бар
«Қаражондағы жергілікті тұрғындар «Ақтөбе» (Шаш ана қаласы) атап кеткен қала Жылаған ата туралы аңызда айтылатын оның анасы Шаш ана мекендеген қаланың орны болуы мүмкін. Қалашық Шаш ана мазарының оңтүстік шығыс жағында 450 м-дей қашықтықта жатыр. Бүгінде Шаш ана мазары үстіне тот баспайтын қаңылтырдан күмбездеп төрт бұрышты қабірхана салынған. Қабірхананың күншығыс жағынан әлсіз жерасты бұлағы шығып жатыр. Бұлақ суы киіз үйдің орнындай шұңқырға жиналған екен. Жылаған атаның әкесі Құрышханға ұзатылатын Шаштың тек сұлулықтың ғана емес, ел билеушісі, патшалық құрған билік иесі екендігіне көңіл аударатын болсақ және мазараттың қала орнының іргесінде болуы да археологиялық қалашықтың «Ақтөбе» деген атауынан гөрі «Шаш ана қаласы» деп аталуы әлдеқайда дұрыс келетін тәрізді.
Шаш ана ажарлы, билеуші-патшайым болған деседі. Шаш сұлу Қаратаудың бөктерінде құрбы-нөкер қыздарымен сейіл құрып жүрген шағында Тұран өлкесінің келесі бір шаһарында бекзада – ел билеушісі Құрышханмен кездесетін сәттері баяндалады. Аңызда нөкерлерімен саят құрып, аң аулап, тазы жүгіртіп, садақ тартып, қанжығасы майлы, олжалы келе жатқан жас жігіт, қызғалдақ гүлге толы қырмызы қырдан асып, ән салып серуен құрған, жараулы ат мінген, сәнмен киінген, шолпысы сыңғырлаған қыздар тобына жолығып, Шаш сұлуға көзі түсіп, көңілі кетіп, ғашық болғандығы баяндалады. Бірнеше рет жолыққан қыз бен жігіт өзара үйленуге уәделесіп, серт беріскен екен. Аңызда сол уәделескен, сөз байласқан жердің аты қазіргі Серт (Шерт, бұрынғы Құмайлықас) ауылының төңірегі болса керек. Аңыз сарынында аз да болса шындық бар екендігіне сүйенер болсақ, онда Құрышхан патшалық құрған шаһардың орны Қаратаудың бөктерінде болуы мүмкін. Қазіргі Абай ауылынан жоғарыда орналасқан «Ақтөбе» аталған тағы бір қалашық ертедегі Құрышханның ордасы болған шығар деген болжам жасауға жетелейді. Жылаған ата туралы аңызда айтылатын жер-су, бұлақ, үңгір атаулары Қаражондағы Шаш ана қалашығы мен Абайдағы Ақтөбе қалаларының аралығында немесе оларға жақын маңда екендігіне көңіл аударсақ, онда біз қарастырып отырған Ақтөбе қаласының орны Құрышхан мекен еткен шаһар болып шығуы да ғажап емес» дейді мақала иесі.
Екінші бір автор Әбілхан Әбіласан өзінің «Түмен аңыз Түркістан» деген еңбегінде Жылаған ата аңызын оғыздармен байланыстырады. «Жылаған атаның әкесі – Уызхан есімі (Құрышхан-ата аталуы осы төңіректе сол аттас ірі дінбасы өткен деседі) ежелгі түрік тайпалары арасынан шыңып тараған оғыз әпсаналарын – «Оғызнама» (ІХ ғ.) мен «Қорқыт ата кітабындағы» (ХІ ғ.) аңыз-әңгімелерді еске салады. Жылаған ата маңында «Өгізтау» деген де жер аты бар. Мұндағы «Уыз», «Оғыз», «Өгіз» бір сөз. Көне түрікте «уз» — бұқа, өгіз – жалпы сиыр малы мәнінде жұмсалғанын Махмұт Қашқаридағы мақал-мәтелдердің бірінде айтылатын «Сусәгән узқа тәңрі муңус бермәс» — сүзеген сиырға (өгіз, бұқа) тәңірі мүйіз бермес дегендегі «уз» мәнінен байқалады. «Жылаған ата» аңызы өзіндік сипаты жағынан «Қорқыт ата кітабындағы» Төбекөздің оқиғасына ұқсайды. Бұл да Қаратаудың «Ұзынбұлақ» деген жайлауында болады. Аруз Қожаның Қоңыр Қожа Сары шопан дейтін қойшысы «Ұзынбұлақ» жанындағы кішкене бұлаққа келіп қонған қанатты пері қыздарының бірімен жақындасып, келесі жылы қыз сол жерге ораулы күйдегі «Меспен» туған баласын әкеліп «Әй шопан, аманатыңды ал, барша Оғыздың басына пәле әкелдің», — депті дейді. Бір жігіт аттан түсіп тепсе «Мес» одан сайын үлкейеді. Бірнеше жігіт аттан түсіп тепкен екен, ораулысы жарылып, ішінен кеудесі адам, төбесінде жалғыз көзі бар бала шығады. Ол кейін оғыздардан күніне екі кісі, бес жүз қой жейтін Төбекөз дәуге айналады.
Жоғарыда мақала желісінде айтылып өтілген Құрышхан ата мен сол аттас сол өңірде (Абай ауылы) ірі дінбасы болды делінуі дұрыс секілді. О.Дастановтың «Әулиелі жерлер туралы шындық» деген еңбегінде XVIII ғ. Түркістанды Қоқандықтар билеп тұрған шақта сол төңіректе дін иесі Құрышхан атаның болғанын жазады.
Археолог Марат Тұяқбаев та «Оранғай елді мекенінің жасын анықтау және «Уранка» топонимінің шығу тегі» атты мақаласында Қандөз, Аша, Қаз, Шаш ана, Қаратау атаулары Афрасиаб заманынан (б.з.д 625ж. өлген) келе жатқанын айтады. Онда автор Оранғай елді мекенінде орналасқан Қазтөбе қалашығын (ол б.з.д. VI-V ғғ. бастап І-ІІ ғғ.) М.Қашқаридің «Түрік сөздігі» атты еңбекте айтылып өтілген Афрасиабтың Қаз есімді қызының атымен байланыстырады. Осы дәйекті деректерді тізбелеп, «Афрасиаб» аңызына сүйенсек тарихи желі көне заманнан бастау алғанын, яғни, бұл аңыздың желісі б.з.д. VIІ-ІІІ ғғ. сақ дәуірінен келе жатқанын көреміз. Әйтсе де, аңыздың шындық байыбына бару үшін, С.Қожамұратов айтқандай Абайдағы, Ақтөбе, Бұзауқорған, Жаманбай қонысына, Ескі Абайдағы Көксарай І, Көксарай ІІ, Игіліктегі Мес қала қоныстарына және Қаражондағы Шаш ана қалашықтарына жүйелі түрде археологиялық қазба жүргізгеніміз жөн. Сонда ғана Жылаған ата аңызының тарихи тамырының тереңдігі қайдан бастау алғанын білеміз деген ойдамыз.
Түркістандағы Тарихи-мәдени этнографиялық Орталық мұражайы 2011 жылдан бастап «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Тарихи мұра – асыл қазына» атты Нұрлы саяхат экспедициясын дайындап қала тұрғындары мен қонақтарын Жылаған ата үңгірі бағытында туристік сапарға алып барып жүр. Қазіргі таңда Жылаған ата үңгірі мен бұлақтары жайында қысқаметражды деректі фильм түсіріліп телеарналарға жіберіліп келеді.
Шындығында құпиясын ішіне бүгіп жатқан Жылаған Ата кесенесінің маңын тазарту бұл ақсақалдар мен әз аналарымыздың, зиялы қауым өкілдерінің жасаған үлкен адамгершілік қадамы. Алдағы уақытта жергілікті Бабайқорған ауылдық округінің Абай елді мекенінде орналасқан Гүрзіхан ата бейітінің басында болып, одан әрі Игілік ауылындағы «Мес ата» су қоймасына барып, содан кейін «Жылаған ата» кесенесіне одан әрі Қаражондағы Шаш ана қорымына баратын туристік сапар жасаудың қажеттігі туып отыр. Яғни бұл арқылы сапарлаушылардың аңыздан гөрі шындыққа жақын туған жеріміздің тарихи тұлғаларына қатысты төл тарихына көзі жетер еді.
Ескендір ЕРТАЙ.

Leave a reply