Суббота, 21 сентября

САУРАН: ИҚАН КІШІ ШҰРАТЫ АТАУЛАРЫНЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ

0
70


Иқан кіші шұраты (оазисі) Түркістан ауданы территориясындағы 7 – ші (СБ – тан есептегенде) шұрат. Оның жалпы көлемі 1700 шаршы км-ді құрайды, бұл аймақтың 550 шаршы км-і таулы жерлер, ауыл шаруашылығына пайдалануға 300 шаршы км-і жарайды, ал, қалған 350 шаршы км-і жайылымдық жерлер. Қалған жерлерді тау, тас, тұз, өзен бассейіндері, елді мекендер, жолдар т.б. басып жатыр. Бұл кіші шұрат ОШ — да Бәйдібек ауданы жерлерімен, СБ-да Шаға, ОБ-да Тамдыөзек кіші шұраттарымен шекаралас орналасқан.
Ең ірі су көздері Көкқиясай, Иқансу және Шылбырөзен, Кеңес дәуірінде Арыс – Түркістан каналы мен көптеген арықтар, су жүйелері салынды.
Кіші шұраттың СШ-тан ОБ-қа дейінгі ұзындығы 69 км, ал, ені СБ-тан ОШ-қа дейін 25 км-ге жетеді.
Осы Иқан кіші шұратында тас, қола, ерте темір ғасырларының есепсіз ескерткіштерімен бірге ерте және кейінгі ежелгі дәуірдің тұсында (б.з.д. V ғ. – б.з. V ғ.) өмір сүрген ондаған қоныстар мен қалалар, ерте және дамыған ортағасырларға тән (V – XIV ғғ.) қала құрылысы ескерткіштері мен кейінгі ортағасырлар, жаңа заман тұстарындағы (XV – XVIII ғғ., XIX ғ.) үлкен қалалар, сәулет ескерткіштері орналасқан. Ең ежелгі дәуірге жататын Ақтөбе – Ибата қаласы мен кейінгі ортағасырлық Иқан қаласының өмір сүру кезеңдерін қоссақ 2300 жылдан асып кетеді. Олардың тарихын осы шұраттағы Майбалық, Жаңа асар, Ибадулла ата, Дәуленбай төбе, Жүсіп ата қонысы тарихтарынсыз қозғау мүмкін емес.
Адамзат бұл аймақты б.з.д. 500 мыңыншы жылдардан бері қоныс етіп келеді, оған Дәуленбай төбенің маңына жақын Шоқтас елді мекеніндегі ерте палеолит заманының тұрақтары дәлел. Онан соңғы тас ғасырының кейінгі кезеңіндегі ескерткіштер, қола, ерте темір дәуірі қорымдарын, қоныстарын іздеп тауып зерттеу алда тұрған мақсаттың бірі. Біздің алға қойған мақсатымыз Иқан кіші шұратындағы қала құрылысы ескерткіштері, яғни, отырықшылық мәдениетінің орнауы мен егіншіліктің дамуы тұсында өмірге келген қоныстар мен қалашықтарға шолу жасау, олардың атауларының этимологиясына зер салу, Иқан қаласы мен оның маңындағы қалалар, қоныстар тарихына үңіліп, бір ізділікке салып, жалпы жасын анықтау болып отыр. Бұл бағытта біз әзірге тек археологиялық тұрғыдан зерттелген, өмір сүру кезеңі анықталған ескерткіштерге ғана тоқталмақпыз. Зерттелмеген Бақанды, Тассарай, Қаратөбе, Кіндіктөбе, Ибата қоныстары, Қызылту, Тесіктас, Қатынқамал сынды ондаған ескерткіш келешектің мұрасы.
Археологиялық тұрғыдан зерттеліп, есепке алынып, жасы анықталған қалалардың ең көнесі Ақтөбе – Ибата (Ибадулла ата атауының қысқарған түрі) Жаңа Иқанға барар жолда, Иқаннан 15 км жерде орналасқан, жалпы көлемі 2,5 га, оны қоршай алып шахарістаны мен рабады бар (10 га). Қаланың аты өз заманында басқаша болғаны анық, «Ақтөбе» деп, көктем айларында үстіне шөп шықпағасын айналадан ерекшеленіп, аппақ болып тұрғандықтан аталып кеткен. Өмір сүрген кезеңі б.з.д. III – II ғасырлардан б.з. IV –V ғасырлары арасы, яғни, 700 – 800 жылға жуық. Қала Қангүй мемлекеті тұсында өмір сүрген.
Келесі ескерткіш Майбалық (Байбалық) қаласы, ол Иқан елді мекенінен оңтүстік – батысқа қарай 3 км жерде орналасқан. Қаланың орталық бөлігі диаметрі 100 метрдей болып келген шеңбер түрінде, сыртын ромб бейнесіндегі рабад қоршап жатыр. Қала атауы «бай қала» дегенді білдіреді, «балх, балық, балқ» деген сөз көне түркі тілінде «қала» деген атауды білдіреді. «Балх» деген қала Ауғанстанның солтүстігінде ерте орта ғасырлардан белгілі, Әл – Бируни «Джейхун (Әмудария) бір кездері шөл арқылы ағып, Балхан қаласы түбінен бұрылып Хазар (Каспий) теңізіне құйып жатыр» деп жазады. Қаланың Майбалық (Байбалх) аталуы VI ғ. Түркі Қағанаты тұсында болған сияқты, себебі, екі түбірден – Май( бай) анықтауышы мен балық (балх) – зат есімінен құралған бұл атау көне түркі сөзі екендігінде дау жоқ.
Махмут Қашқаридің жазуынша да «балық» қала деген мағына береді, ол ұйғырлардың қол астында ірі–ірі бес қала барлығын, оларды бір атаумен «Бесбалық» деп атайды деп жазады.
Қала алғашында б.з.д. II – I ғғ. Ұлы жібек жолының бойына арнайы салынған бекініс (форпост) түрінде қалыптасып IV ғ. өзінің гүлдену кезеңіне аяқ басқан. Бұл тұста оның көлемі барынша ұлғайып, рабадымен қосқанда 2 – 3 гектарға жетеді, ол заманда көлемі мұндай қалалар орташа көлемдегі қалалар есебіне кірді.
Топонимист ғалым Сүйін Қараев «Байт, баст» деген сөз көне түркі тілінде – бай (богатый) дегенді білдіреді дейді. Ал, «май» сөзі көне түркі тілінде тек майды (жир) ғана емес жер бетіне шығып жатқан мұнайды да білдіреді. Көне түркілерде «май» — «қасиетті», «жарылқаушы пана, қорғаушы» деген де мағына береді, негізінен балаларды қорғаушы құдай – ана есебінде. Мысалы; алтайлықтар – май – эне десе, орхон жазуларында – Үмей, Ұмай – жер мен судың рухын білдіруші ретінде аталады. Тасқа салынған суреттер мен таңбаларды да «май» деп атаған. Яғни, «Майбалық», «бай қала», «қасиетті қала», «қорғаушы (керуендерді) қала» дегенге де келеді.
Жаңа асар қаласы
Бұл қалашық Иқан – Төрткүл жолының сол жағында орналасқан, жергілікті тұрғындар «Яны Асар» (Яныашар) дейді, ол «Жаңа бекініс» немесе Жаңа қала дегенді білдіреді. Осыған қарағанда осы маңда Ескі асар, немесе Асар деген ескерткіш, — көне, ежелгі заман қалашығы болған болуы керек. Алайда, бұл асардан да бүгінгі күні кішкене төмпешіктер ғана қалған, түгелдей тегістеліп мақталыққа айналып кеткен. Е.И.Агеева мен Г.И.Пацевичтің 1947 – 1951 жж. зерттеу жұмыстарының есебі ретінде дайындалып, жарияланған «Из истории оседлых поселений и городов Южного Казакстана» атты еңбектерінде Жаңа асар қаласының планы мен өлшемдері, өмір сүрген кезеңі қоса берілген мәтін келтірілген. План бойынша қаланың цитаделі квадрат түрінде, өлшемдері 60х60 м, оны қоршай 120 х 110 м шахарістан орналасқан, ал, солтүстік – батысында шахарістанға жалғас үш бұрышты болып келген рабады бар, оның өлшемдері 100 – 120 м шамасында. Бұлардан бөлек қалашық сыртында – СШ бетінде бір, оңтүстік бетінде бір ұзындықтары 50 – 55 м, ендері 10 – 20 м болатын екі үлкен құрылыс орны бар, қазіргі күні үлкен жол бойында, Иқанға кірер қақпадан (арка) соң оңтүстік беттегі құрылыс қалдықтары ғана сақталған. Қаланың қалған бөлігі толық жойылған. Е.И.Агеева мен Г.И.Пацевич жер бетінен теріп алынған ыдыс – аяқ сынықтары ішінен ең көнелері IV – V ғғ. жатады, яғни, кейінгі ежелгі дәуірде қоныс пайда болған деп мерзімдеген. Сонымен бірге, керамика ішінен ортағасырлық үлгілерінің де бар екендігін жазады, бірақ ғасырын айтпаған, біздің жобамызша X– XI ғғ. дейінгі ыдыстар болуы мүмкін.
С.П.Толстов «По древним дельтам Окса и Яксарта» атты еңбегінде «По казакски Джеты – асар значит «семь городищ», «семь памятников…» деп жазады Жетіасар мәдениеті жайлы әңгімесінде. Бірақ мұндағы асарлар б.з.д. V ғасырдан VI — VII ғғ. дейін өмір сүрген. Сырдарияның төменгі ағысында (Жосалығы қарама – қарсы) орналасқан 20 – ға жуық асарлардың халқы біздің аймаққа да IV – V ғғ. көшіп қонған болуы керек және ол жалғыз болмағандығын «Жаңа асар» деген атауы көрсетіп тұр, мұндай «асар» атаулы тағы бір ескерткіш Нұртас ауыл округінде де бар, өмір сүрген уақыты IV–V ғғ. — XIII–XIV ғғ. Археолог Т.Өсеровтың айтуынша қазіргі Қызыл шаруадағы Қаратөбе төрткүлі «Күйік асар» деп аталған.
Ибата (Ибадулла ата) қалашығы Жаңа Иқан (Ибата) елді мекенінен солтүстік – шығысқа қарай 2 км жерде орналасқан екі деңгейлі (цитадель, шахристан) қалашық, шахарістаны – 86 х 61 м, цитаделі – 26 х 24 м (кешк – замок болған), рабады – 233 – 133 м. Қалашықтың жалпы көлемі үш гектар. Мұнан басқа ауылдың ішінде, батыс, оңтүстік – батыс беттерінде бірнеше қоныстың орыны бар, әлі күнге зерттелмеген. Елді мекен атауы Жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлікпен қаза тапқан Ибадулла деген жігіттің атынан шыққан, оның мүрдесі Иқансу өзенінің бойына жерленіп жанына мешіт салынған.

Дәуленбай төбе қалашығы
Қалашық үш рет зерттелген (К.А.Ақышев, 1970; Б.Әділгереев, 1985; Ә.К.Ақышев, 2014), табылған жәдігерлер I – VI ғғ. мерзімделген.
Ескерткіш атауы төбенің батыс етегінде қоныстанған тұрғынның есімінен қалыптасқан деген пікір бар, бірақ оның қай жылдары отырғаны белгісіз.

Leave a reply