САУРАН: ТҮРКІ АҚЫНДАРЫ АТАЖҰРТҚА АТ БАСЫН ТІРЕДІ

0
25


Жуырда Түркия мен Әзірбайжаннан бір топ қаламгерлер Түркістан төрінде жиналып, сан ғасырлық Сауран ауданындағы ескі қалашықтар мен бірқатар киелі орындарды аралады. Бір аптаға жоспарланған достық шараны Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов, әдебиеттанушы Досбол Ислам және аудармашы Гүлназ Файзулла ұйымдастырды. Арыстан баб пен Ясауи кесенесіне зиярат жасаған меймандар атажұрттың белгісі ретінде өздерімен бірге бір уыс топырақ ала кетті.
Рухани саяхаттың жалғасы шаһардағы профессор Құлбек Ергөбек негізін қалаған, Мария Құрышбаева басқарып отырған Түркі тілдес халықтар кітапханасында өтті. Құлбек Сәрсенбайұлы қонақтарды кітапханада күтіп алып, кітап қорымен таныстырды. Әсерлі сұхбат, әдемі тілектер айтылып, қаламгерлер бір — біріне өз туындыларын сыйлады. Бұдан бөлек қонақтар Кентау қаласындағы жазушы Есқара Тоқтасынұлының үш томдық шығармалар жинағының тұсаукесеріне қатысып, ізгі тілектерін білдірді.
ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ОРДА – ОҒЫЗТАУ
— Жүрегі атажұртым деп соққан Түркия және Әзербайжан елінен Түркия Республикасы, Муғла облысы, Фетхие Жазушылар одағының басшысы Жошкун Карабулут бастап келген 20-дан астам ақын-жазушыларды бабаларының мекені болған Өгізтауға, яғни Оғыз хан өмір сүрген қонысқа (Оғызхан қаласы) апардық.
Қаратау бөктерінде қазіргі Сауран ауданына қарасты Бабайқорған Әкімшілігі (Бабайқорған ауыл округі) Өгізтауда VIII-XII ғасырларға дейін мекен еткен Оғыз тайпаларының ортағасырлық қалаларының орнына барып, араладық.
17-ші сәуірден бері қасиетті Түркістан өлкесіне табан тіреп, «ата-жұртым» деп қастерлеген ағайындар бабалар мекенін аралап, киелі орындармен танысып жүр.
Айта кетейін, Түркістан қаласынан 40 шақырымдай жердегі Өгізтауда еліміздің арқалы ақыны Қасымхан Бегманов ағамыздың ата-бабалары да өткен ғасырға дейін мекен еткен. Аталған көне қалашыққа жақын тұста Қасағаңның бабасының «Тұрымбеттің бауы» деген жасыл-желекке оранған керемет бауы жайқалып тұр.
Тарихшы ретінде менің түбі бір бауырлас меймандарды бір замандарда бабалары өмір сүрген Өгізтауға апару керек деген ұсынысымды қонақтардың қасында күні-түні болып, барлық шараларды ұйымдастырып жүрген Гүлназ Файзулла мен Досбол Ислам бауырыма айтқанымда олар қуана келісіп, қонақтарға ұсынысымды айтыпты. Оларда ойланбастан жүректері алып-ұшып барамыз деген. Осы бойынша саяхат ұйымдастырып беруге ұсынысымды Сауран әкімдігіндегі азаматтарға айтқан едім.
Қашанда ұлттық құндылық, рухани істерге қолдау көрсетіп жүретін Сауран ауданы әкімі Мақсат Асылбекұлы Тағатаров және Сауран ауданының мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев бастаған азаматтар қолдап, нәтижесінде тамаша саяхат өтті. Аудан әкімі қатыса алмағанмен, азаматтар сәлемін жеткізді. Осындай ұлағатты, тарихи әрі рухани іс-шараға атсалысып, екі киіз үй тігіп, мол дастархан жайдырған Сержан Байсбаевқа және басқа да ауылдастарға, Абай ауылындағы белгілі ардагер орманшы, аңшы Темірхан Бимаханұлы ағамыз бастаған жерлестерге алғысымыз шексіз,-дейді «Түркістан медиа» холдингінің басқарушы директоры Тельман Әбдібекұлы Бейсенов.
Айта кетейік, VIII-XI ғасырларда қазақ даласында мекен еткен оғыз тайпаларының бірқатары ХІ ғасырдың басында Қапқаз таулары мен Анадолы жаққа көшіп кеткен, яғни қазіргі Әзербайжан, Түркия елдерінде тұрып жатқан бауырлас ұлттар (түріктер, әзірбайжандар т.б) солардың ұрпақтары.
КӨНЕ САУРАН — КӨРІКТІ МЕКЕН
— Біздер алдымен Сауран қалашығына саяхаттап бардық. Сосын Үкаша ата киелі орнына барып, тағзым еттік. Одан кейін Оғыз хан мекеніне аттандық. Қасымызға Өгізтау тарихи мекеніне 2004 жылдары архелогиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, қола дәуірі мен орта ғасыр дәуіріне тән екі қала мен өте көп қорымдардың орнын анықтаған белгілі археолог ғалым, профессор Мадияр Елеуовтің шәкірті, археология ғылыми-зерттеу институты қызметкері Мэлс Бақтыбаевты ертіп бардық. Мэлс бауырымыз Оғыз хан мекеніндегі қаланың тарихын таныстырып, бірқатар мәліметтер берді, — деп жазды журналист, тарих ғылымдарының магистрі Тельман Бейсенов фейзбук парақшасында.
Айтуынша, болашақта бұл жерлерде архелогиялық жұмыстарды бастар болса, мұнда әлемді дүр сілкіндірер сенсациялық жаңалықтар болары сөзсіз. Қазіргі таңда қазба жұмыстарын бастау үшін жобалары министрлікте сараптамадан өтіп жатыр екен.
Әрине, бабалар аманаты мен тарихын қайта жаңғыртар сәтте алыс емес деп ойлаймын.
Әдеби-рухани сапар аясында түбі бір туыс елдердің қаламгерлері қасиетті Түркістан өңірінің тарихымен танысып, атажұртқа деген қимастық сезімдерін білдірді.
10 ғасырдай уақыт өткенде ата-бабаларының мекеніне алғаш рет аяқ басып, топырағын иіскеп мейірленген, жүректері толқып, көздеріне жас алған түркілік бауырлардың сол сәттегі сезімін айтып жеткізу мүмкін емес. Ағайындар тіптен сол жерден бір-бір уыс топырақ алып, өздерімен бірге ала кетуді де жоспарлады.
— Осы саяхатты бастамас бұрын осыдан бірер күн бұрын елімізге белгілі тарихшы, археолог ғалымдармен байланысып, бірқатар мәселелерді ақылдасқан болатынмын. Атап айтқанда, Марат Тұяқбаев ағама бардым, сосын профессорлар Мадияр Елеуов, Мұхтар Қожа, Жамбыл Артыкбаев сынды белгілі ғалым ағалармен сөйлескен едім.
Алла қаласа, Жамбыл және Мадияр ағалармен алдағы мамыр айында кездесіп, мүмкіндік болса Қаратаудың бірқатар тарихи жерлеріне экспедиция (саяхат) жасау жоспарда тұр. Бұл туралы «Turkistan» телеарнасынан көретін боласыздар және өзім кеңінен жариялайтын боламын, — дейді «Түркістан медиа» холдингінің басқарушы директоры Тельман Әбдібекұлы Бейсенов.
PS: Миллиондаған жылдардың тарихы мен оқиғаларын бауырына басқан әлемдегі ең қарт таудың бірі, бірегейі — Қаратаудың сырын ашсақ, Қазақ туризмін дамытуға, әсіресе туған топырағым Сауран ауданының әлеуетінің өркендеуіне де қосар үлесі зор боларына сенімдімін.
Тубегі ӘЛЖАНҰЛЫ.

Leave a reply