Суббота, 21 сентября

СОЗАҚТА ІСКЕ АСЫП ЖАТҚАН ЖОБАЛАРДЫҢ ЖАЙ-КҮЙІ ЗЕРДЕЛЕНІП, ЖҰМЫС БАРЫСЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

0
56

Созақ ауданына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Зұлфұхар Жолдасов жұмыс сапарымен келіп, инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Сапар барысын көгалдандыруға қатысты атқарылған жұмыстан бастап, Шолаққорған-Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аймағында болды. Онда отырғызылған тал көшеттерінің өнімділігімен танысты.

Содан соң аудан әкімі аппараты ғимаратында лездемелік жиын өткізді. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығын табиғи газбен қамту, ауыз су, облыстық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің ішкі көшелерінде жүргізілетін орташа жөндеу жұмыстары және көшелерді жарықтандыру, абаттандыру сынды бірқатар жобаларды таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Жиынға арнайы қатысқан «Стройгаз» ЖШС-нің өкілдері қазіргі таңда газ тарату қондырғысына қажетті блоктар жеткізіліп, монтаждау жұмыстары жүріп жатқанын айтып өтті. Облыс әкімінің орынбасары Зұлфұхар Жолдасов мердігер мекеменің өкілдеріне монтаждау жұмыстарын өз уақытында сапалы атқаруды ескертті. Жауапты мамандарға әрбір істі жіті бақылауды тапсырып, осы жылы Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекені тұрғындарын табиғи газбен қамту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ көркейту-көгалдандыру мен тазалыққа қатысты жұмыстарды да барынша үйлестіру керектігін атап өтті.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары мәжілістен кейін автоматтандырылған газ тарату станциясында болып, атқарылу керек жұмыстарды пысықтады. Бүгінде Шолаққорған ауылын табиғи газбен қамту үшін «Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу» жұмыс жобасы бойынша 190 шақырымды құрайтын 100-ге жуық көшеде орналасқан 3200 абонентке газ құбыры жүргізіліп, шкафты газ реттеу пункітінің орындары дайындалған.

Сапар аясында Зұлфұхар Сансызбайұлы Таукент кентіне арнайы барып, ондағы «Шолаққорған-су» КММ мекемесіне қарасты орталықтандырылған жылу жүйесінде сұйық отынмен жанатын қазандықтардың жай-күйін бақылауына алды. Биылғы жылы Таукент және Қыземшек кенттеріндегі орталықтандырылған жылу қазандықтарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесі толықтай сұйық отынға ауысады.
Сондай-ақ «КХ-2 Уланбел-Созақ-Екпінді» облыстық маңызы бар автомобиль жолының Созақтан Ыбырайға дейінгі аралыққа асфальт жабындысын төсеу жұмыстарының басында болып, Қаратау ауылы мен Сарыжаз елді мекеніндегі облыстық маңызы бар жолдағы күрделі жөндеуден өткен су өткізгіш құбырлардың сапасымен танысты.

Қазіргі уақытта «КХ-2 Уланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының Таукенттен Ыбырайға дейінгі 50 шақырымы, «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі автомобиль жолының 39 шақырымына асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жалғасуда. Осы жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 152 шақырымына асфальт жабындысын төсеу жұмыстары толық аяқталады. Сонымен қатар, Сызған және Басбұлақ елді мекендеріне барып, онда аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы тұрғындарды сапалы таза ауыз сумен қамту мақсатында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар Саржаз, Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінде де қарқынды іске асырылуда.

Leave a reply