ТҮЛКІБАСТА ТАҒЫДА БІР БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛҒЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

0
11

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілді. Жоспарға сай, биыл облыста 6640 тонна балық өсірілуі қажет. I тоқсанның қорытындысы бойынша 2559 тонна өндірілді.

Түлкібас ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді.
Балық шаруашылығын дамытуды қолға алғандардың бірі Ақбиік ауылдық округы, Ақбиік ауылындағы ЖК «Али студия». Шаруа жасанды екі тоған жасап, қазіргі таңда, бұлақ көздері суларынан толтырылған бір тоғанға 5 мың дана форель балығының шабағын жіберді.

Алдағы уақытта екінші тоғанға сазан және карп балық шабақтарын жіберу жоспарында. Жалпы 1 га құрайтын тоған аумағын абаттандырып, айналасы көгалдандырып келушілерге ыңғайлы жағдай жасау ниетте.
Сонымен қатар, шаруа бұнымен тоқтап қалмай балық ұрығын өсіретін технологияны меңгеруді жоспарлауда. Алғашқы өнімін ағымдағы жылдың күз айларында саудаға шығаруды көздеп отыр.

Айта кетерлік, ауданымыздың басқа өңірлерден ерекшелігі бұлақ көздерінен шыққан суларға балықтың форель түрлерін өсіруге мүмкіндік бар. Сол себептен тамақтандыру орындарында (мейрамхана, кафе) үлкен сұранысқа ие балықтың форель түрін көбейтіп мол табысқа жетуге болады.
«Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады.
Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған. Бүгінде жоспарға сәйкес жаңадан 20 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған.
Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр.

Leave a reply