Воскресенье, 29 сентября

ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ ДАМУЫНДА ЕРЕКШЕ СЕРПІН БАР

0
71

Арыс қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен жол, ауызсу, табиғи газ, жылу, жарықтандыру мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде.

Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың халықпен кездесуінде коммуналдық салада атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Өткен жылы қаладағы орталық қазандықтың тозығы жетуіне байланысты облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, толық жөндеуден өткізілді. Сонымен бірге орталық қазандықты көмірден газ жүйесіне қосу мақсатында модульді қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Бұл өз кезегінде эксплуатациялық шығындарды едәуір азайтып, өңірдің экологиялық жағдайының жақсаруына оң ықпал етері анық.

Газдандыру жұмыстары тұрақты жүзеге асуда. Оған дәлел, бұған дейін «Көктем-1», «Көктем-2», «Алатау» «Саяжай» және Онтам тұрғындары газбен толық қамтылды. Биыл «Почтовый», «Баламекен», «ШПЗ», Сырдария тұрғын аудандары газға қосылуға мүмкіндік алды. Жуық арада – «Стадион», Қалау датқа және Оңтүстік тұрғын аудандары газға қосылмақ.

Ал қала орталығы мен басқа тұрғын аудандар жыл соңына дейін кезең-кезеңімен газға қосылатын болады. Кездесуде қала басшысы барша қала тұрғындарын үйге дейін монтаждау жұмыстарын жүргізіп, тиісті құжаттарын рәсімдеп, газ тұтынуға дайын болуға шақырды.

Айта өтейік, өткен жылы қалаға 22,6 млрд. теңге инвестиция тартылса, биыл құны 18,5 млрд.теңгені құрайтын 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 500-ге жуық жұмыс орны құрылады деп күтілуде.
Атап айтқанда, қаламыздағы ең ірі кәсіпорынның бірі «MEGA-AGAT» серіктестігі жалпы құны 9 млрд. теңгеге жуық 5 жоба іске асырылмақ. Олар: Еуропаның «А» стандартына сәйкес болатын транспорттық-логистикалық орталығы, құны 600,0 млн теңгені құрайтын астық сақтау қоймасы, жүк тасымалын ұйымдастыруға арналған бекет, автомобиль немесе теміржол арқылы тікелей қосылған бағыттар бойынша жүктерді ауыстырып тиеу орталығының қызметін атқару, газбен электр өндіру станциясы.
Қала әкімі орта және шағын кәсіпкерлікті дамытамын деушілерге де барынша жағдай жасалатынын атап өтті.

-Өздеріңізге белгілі, өткен жылы кәсіп ашамын немесе бар кәсібін кеңейтемін деген азаматтарды қолдау мақсатында, «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске қосылды. Биыл министрлікке арнайы хат жаза отырып аталған бағдарламаға Арыс қаласы халқының қатысуына мүмкіндік алдық. Бұл қайта келе бермейтін мүмкіндік. Мен барша қала тұрғындарын бағдарламаға қатысып, өз кәсібін ашуға, сол арқылы қаламызды өркендетуге шақырамын, — деді Гүлжан Мамытқызы.

Айта кетейік, жылдық үстемесі 2,5 пайыздан аспайтын бағдарламаға өткен жылы бес ауылдан 131 азамат қатысып, 770,2 млн. теңгеге қаржы алып, кәсібін ашқан.

Бұл бағытта жауапты мамандар тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда.

Leave a reply