ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕГІ ҰШҚЫН АУЫЛЫНДА КӘСІПОРЫНДАР САНЫ АРТАДЫ

0
17

Келес ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсібін іске асырып, жеке өндірісін дамытып жатқан азаматтар қатары артып келеді. Ағымдағы жылы Ұшқын ауылдық округі «Ауыл аманаты» бағдарламасына енгізілді. Аталған бағдарлама шеңберінде кәсіп ашып, өндірісті дамытуды жоспарлаған азаматтарға қолдау көрсетіледі. Өз кезегінде ұшқындық тұрғындар бағдарлама арқылы шағын кәсіптерінің ауқымын кеңейтуді көздеп отыр. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Ұшқын ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде айтылды.

Биыл Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы толықтай іске қосылады. Өңірге республикалық бюджеттен 11 млрд.теңге қарастырылған. Халықтың 80 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұратын Түркістан облысына қосымша 14 млрд.тг бөлу мәселесі қарастырылуда. Пилоттық жобаға қатысатын 32 ауылдық округте тұратын мыңдаған адам үйін кепілге қойып, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие ала алады. Орташа несие көлемі — 5 млн.теңге.

Ұшқын ауылдық округіндегі ауыл шаруашылығы алқаптарын ағын сумен қамтамасыз етіп отырған Өзбекстан Республикасынан бастау алатын В-24 және В-15 каналдарына механикалық тазалау өткізу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Қоралас елді мекеніндегі «Ащысай» қашыртқысының арнасы «Тұран су» МКК тарапынан түзуленіп, жағасын тау тастарымен бекемдеу жұмыстары жүргізілді.

Ауылдық округіндегі елді мекендерді инженерлік коммуникация жүйелерімен қамту шаралары өз жалғасын табады. Бүгінде ауылдық округ бойынша табиғи газбен 510 абонент қамтылған. Бұл ауылдық округі бойынша 52 пайызды құрайды. Достық және Қоралас ауылдарына табиғи газ тартуға сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарына қаржы қарастырылып, құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер анықталды. Жоба аяқталған соң Ұшқын ауылдық округі 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады.
Өткен жылы Ұшқын ауылындағы Сейфуллин көшесіне асфальт төселсе, Достық ауылындағы Жаңажол, Достық, Озат, Мақташы және Ш.Құдайбердіұлы көшелеріне шағал төсеу жұмыстары жүргізілді. Ауылдық округі бойынша биыл жалпы 7 көшеге асфальт төсеу үшін сметалық құжаттары дайындалды.

Leave a reply