ТҮРКІСТАН: КЕЛЕС АУДАНЫНДА 300 ОРЫНДЫҚ ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР

0
16

Түркістан облысында биыл 29 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарланған. Оның ішінде бүгінгі таңда 1 тамызға дейін тапсырылатын 15 мектептің жетеуінің үшінші қабты көтерілген. 7 мектептің екінші қабаты көтерілсе, 1 мектептің бірінші қабаты көтерілген.

Осы орайда, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданынан арнайы барды. Іссапар барысында Біртілек ауылдық округіндегі 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Өңір басшысы білім нысанын салу барысында сапаға баса назар аударуды атап өтті. Сонымен қатар құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Отандық компаниялардың құрылыс материалдарының бағасын көтеріп жібергенін айтқан мердігерлер қосымша қаражаттың қажеттігін жеткізді. Облыс басшысы кішігірім мектеп үшін бекітілген қаражаттың жеткілікті екеніне тоқталып, құрылыс жұмыстарын кестеге сәйкес аяқтауды тапсырды.

«Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясындағы құрылысты «Samruk-Kazyna» АҚ тапсырысымен «Шымкент Автоматика» ЖШС жүргізіп жатыр. Жалпы жер көлемі 2,3 га. Өткен жылы басталған білім ошағы биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Жалпы жоба құны 2,6 млрд теңге. Құрылыс алаңында 69 адам, 5 техника жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар аталған бағытта Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылу барысы кезекті рет пысықталды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мектеппен қамту ісінің маңызды екеніне тоқталып, инфрақұрылыммен жасақтау, құрылысты кестеге сай жүргізу жөнінде тапсырма берді.

– «Жайлы мектеп» жобасын сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруымыз керек. Әрбір мердігердің жұмысы бақылауда болуы тиіс. Тұрақты түрде кеңесіп, кездескен мәселелерді жедел шешіп отырайық. Мектептер мерзімінде дайын болуы қажет. Екіншіден, мектептерге білікті директорларды конкурс арқылы тағайындап, тәжірибелі, білімді ұстаздармен қамту жұмысын да жандандырыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдерінің пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. Облыстық құрылыс басқармасы мен аудан, қала әкімдерінің осы мәселеге байланысты жұмыстары сарапталды. Мердігерлерге құрылыс барысында жұмысшылар санын көбейту жөнінде тиісті тапсырмалар берілді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 63 мектептің (2024 жылы – 29 мектеп, 2025 жылы – 34 мектеп) құрылысы жоспарланған. Жоба аясында республикалық бюджеттен 2023 — 2025 жылдар үшін 288,2 млрд. теңге қаралған. 63 мектептің жер телімдері бөлініп, «Самырұқ-Қазына» АҚ-ның атына мемлекеттік актілері рәсімделген.

2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептін 4 мектебі инженерлік инфрақұрылымымен қамтылған. 25 мектепке сараптама қорытындылары алынып, құрылыстарына облыстық бюджеттен толығымен қаржысы қаралған. Бүгінгі таңда барлық мектетердің мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстары басталған.

Leave a reply