Түркістан облысындағы су құбыры жоқ 17 елді мекен тұрғындары ауыз суға қол жеткізген

0
25

Түркістан облысында елді мекен тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары күшейтіліп, аталған мәселеге байланысты түзілген жұмыс жоспары қатаң қадағалауға алынды.

– Ауыз су мәселесін толық шешу – ең бірінші міндетіміз. Бұл бағыттағы жобалар сапалы, жұмыстар тиянақты болуы тиіс. Жер асты суын іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, тиісті іс-шараларды жылдамдатқан жөн. Жол карталары мен жоспарлар тағы да нақтыланып, елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту жұмысын 2025 жылы толық аяқтауымыз қажет. Елді мекендерді ауыз сумен қамту жоспары жан-жақты пысықталып, жүзеге асыру жолдары қарастырылсын. Осы салаға қажетті ұсыныстарды жүйелеп, қаржы бөлу мәселесін шешуді тапсырамын, – деген болатын өңір басшысы Дархан Амангелдіұлы.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің айтуынша қазіргі таңда Түркістан облысындағы 831 елді мекеннің 719-ы (7 қала, 712 ауылдық елді мекен) немесе 86,5% ауыз сумен қамтамасыз етілді. Биыл 57 нысанның құрылысына бюджеттен 13,3 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде 43 нысанның құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ал, қалған 14 нысан бұйыртса келер жылы пайдалануға берілмек. Нәтижесінде су құбыры жоқ 17 елді мекен, атап айтар болсақ, Бәйдібек ауданында – 1, Сарыағаш ауданында – 6, Келес ауданында – 4, Қазығұрт ауданында – 1, Ордабасы ауданында – 4, Отырар ауданында 1 елдімекен ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Одан бөлек 11 елді мекеннің, атап айтар болсақ, Бәйдібек ауданында – 2, Қазығұрт ауданында – 1, Төлеби ауданында – 4, Мақтаарал ауданында – 1, Ордабасы ауданында – 1, Түлкібас ауданында 2 елдімекенде тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады. Сонымен қатар 16 нысанның жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды.

2015-2021 жылдар аралығында жергілікті атқарушы органдар тарапынан облыс бойынша жалпы 267 елді мекеннің жер асты су қоры бекітілген. Биыл 22 елді мекенде іздеу-барлау жұмыстарын аяқтауға, 88 елді мекенде іздеу-барлау жұмыстарын бастауға және 15 шекара бөлімшесінің іздеу-барлау жұмыстарына облыстық бюджеттен 1,2 млрд. теңге бөлінген.

Реті келгенде айта кетейік, жақында Сауран ауданындағы Аша ауылына таза ауыз су берілді. Жоспарға сәйкес ауыз сумен қамту жұмыстарының екінші кезеңі іске қосылып, ауылдың барлық тұрғындары таза ауыз суға қосылды. Бұған дейін тұрғындар құдық суын пайдаланып келген. Тұрғындардың қуанышымен бөлісуге келген аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев алдағы уақытта тағы да бірқатар ауыл тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізетінін атап өтті.

Жоба құны – 628,203 млн.теңге. Тереңдігі 720 метрлік екі су ұңғымасы қазылған. Оған қоса сыйымдылығы 200 текше метр екі су қоймасы салынды. Сондай-ақ, магистральді таратушы құбырдан – 22,27 шақырым, абоненттік құбырдан – 13,753 шақырым жүргізілді. Бас мердігер мекеме – «Саулет-Бетон» ЖШС. Ал, авторлық қадағалаушы мекеме – «ПСИ Каз Нур» ЖШС. Техникалық қадағалаушы мекеме – «SK Best Spes Story KZ» ЖШС.

Қазіргі таңда ауданға қарасты Ескі Иқан, Ибата, Қосмезгіл, Жүйнек, Қарашық, Шорнақ елді мекендерін таза ауыз суға қосу бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Көп ұзамай аталған ауыл тұрғындары да таза ауыз суға қол жеткізетін болады.

Жалпы облыста өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен аудан, қалаларды сапалы ауыз сумен қамту жұмысы одан әрі жалғасуда. Таяуда Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Қабланбек ауылдық округіне барып, аталмыш ауыл округіне қарасты болған Ақниет, Қанағат, Жонарық елді мекендерін таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Ақниет елді мекенінде жүргізіліп жатқан ауыз су қоймасының құрылыс жұмыстарының жағдайымен танысып, сапасын тексеріп қайтты. Айта кетейік, Қабланбек ауылдық округіне қарасты Ақниет, Жонарық және Қанағат елді мекендеріне ауыз су жеткізу бойынша жүріп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталса, 878 тұрғын үй, яғни үш елді мекеннің 7 мыңнан аса тұрғыны таза ауыз су тұтынатын болады.

Ал, Келес ауданындағы ауыз су мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Әрине, олқылықтарды түзету бағытында кешенді шаралар жоспарланып, тиісті жұмыстар қолға алынған. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Абай су сорғысы стансасында болып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Аудан әкімі бүгінге дейін қандай жұмыстар атқарылды, жаз мезгілінде судың кешеуілдеуінің себебі неде деген сауалдарға нақты жауап іздеді. Осы сұрақтар бойынша «Сарыағаш» ТЖС мекемесінің басшысы Данабек Қонысбаев былай деп түсініктеме берді:

– «Сарыағаш» ТЖС-іне қарасты Абай су сорғы стансасы Келес ауданындағы 9 елді мекенді таза ауыз сумен қамтиды. Су мөлшерінің аздығынан тұрғындарға ауыз су белгілі уақыт кестесімен берілуде, – дейді «Сарыағаш» ТСЖ мекемесінің басшысы Данабек Қонысбаев. Өз кезегінде аудан басшысы басқа да проблемаларға талдау жүргізіп, оны шешу бағытында жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берді. Өңірімізді дамыту мақсатында бектілген 2024 жылға дейінгі Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың Кешенді жоспарына сәйкес облыста бірқатар шаралар атқарылуда. Біз соның ішінде тұрғындарды ауыз сумен қамту мәселесіне кеңірек тоқталып отырмыз. Айталық, бүгінде Түркістан облысында инженерлік инфрақұрылымды жақсарту және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Осы салаға 34,8 млрд. теңгеге 110 нысанның құрылысы жоспарланған, былтыр соның 18-і тапсырылды, қалғаны биылғы жылға өтпелі болған. Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы 712 елді мекенде тұратын тұрғындардың 1971,7 мыңы таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ауыз су бойынша 55 нысанның құрылысына бюджеттен 19,2 млрд. теңге бөлініп, оның 11-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 719 елді мекенде тұратын тұрғындардың 1 979,3 мыңы, яғни 95,6 пайызы таза ауыз сумен қамтылатын болады. Жалпы өңірімізде 2025 жылға дейін елді мекендерді сумен 100 пайыз қамту жоспарланған.

Leave a reply