ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ КӨЛЕМІ 1 ТРЛН. ТЕҢГЕДЕН АСТЫ

0
13

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында қазақстандықтарға жолдау жасап, ауыл шаруашылығын дамыту туралы сөз қозғады.

– Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек, деді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, өңірде экономиканың маңызды саласының бірі ауыл шаруашылығында өнім көлемі 5 жылда 2 есе артып, алғаш рет 1 трлн. теңгеден асты. Агроөнеркәсіп кешеніне жалпы 336 млрд. теңге инвестиция тартылған. Салада жаңа технологиялар кеңінен қолдануда. Қарқынды бау көлемі биыл 5405 гектарға жеткізіледі.
Нәтижесінде өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналады. Су үнемдеу технологиясы 28 763 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9303 гектарға ендірілді. Аталған тәсіл, ағын суды 2 есе үнемдеуге, өнімділікті 3 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Республикадағы жылыжайлардың 71% облысқа тиесілі. Жалпы көлемі 1511 гектарға жетті. Өткен жылы 91 мың тонна өнім жиналды. 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарланып отыр. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде 3 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналды. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 60 жобаны іске асыру жоспарланса (құны 54 млрд.тг., 1 318 жұмыс орны), бүгінгі таңға 16-сы іске қосылған.
Одан бөлек, өңір басшсы Қазақстан экспорттайтын ірі қара етінің 85 пайызы Түркістан облысында өндірілетінін жеткізді.

«Облыста мал басы және өнімділігі орташа есеппен 4% өсіп отыр. Ет экспорты бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орында тұр. Ірі қара мал етінің үлесі – 85%, ұсақ мал 60% болды. Биылғы 5 айда 5 мың тонна ірі қара мал еті, 3 мың тоннаға жуық қой еті экспортқа жөнелтілді», – деді әкім.

Сондай-ақ, ол аймақта «Ауыл аманаты» жобасының қалай іске асып жатқанына тоқталды.

«Жоба аясында республикалық бюджеттен облысқа 20 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Пилоттық жобаға 64 ауылдық округ белгіленді. Жобаны іске асыру нәтижесінде 3 413 жаңа жұмыс орны ашылады, отбасылардың орташа табысы табысы 1,5 есе өседі. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30%-ға азайып, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 10%-ға ұлғаяды деп күтілуде», – деді Дархан Сатыбалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде «ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын» деген сындарлы сөз айтты. Бұл көптің көкейінде жүрген ой еді. Сондықтан жұртшылық та жылы қабылдады. Президент ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойды және осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды. Шыны керек, бұл бастамадан күтеріміз көп және оған бәріміз атсалысуға тиіспіз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп нақтылап айтты. Бұл шындық. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін ең алдымен оның дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелерді анықтауға тиіспіз. Оларды біртіндеп шешуді қолға алсақ, алға қойған мақсаттар да өздігінен орындала бастайды. Яғни ауыл шаруашылығы өнімдері артып, азық-түлік қауіпсіздігі төмендейді.

Leave a reply