ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИЛІК ТҰРҒЫН ОЮ-ӨРНЕК ТРАФАРЕТІН ЖАСАЙТЫН ЦЕХ АШҚАН

0
14

Бүгінде Түркістан облысында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында тиісті жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Осы ретте Төлеби ауданы, Леңгір қаласында тұратын Индира Ахаева жобаға қатысып, мемлекеттік грантты жеңіп алған. Нәтижесінде жеке тұрғын үйінен ою трафаретін жасайтын цех ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

«Осы салаға қызығушылық танытып, білім алдым. Бүгінде өте күрделі оюларды кесу арқылы өз кәсібімді дамытып отырмын. Қазір Леңгір қаласындағы 5 тігін шеберханасынан тапсырыс қабылдаймын. Олардың ішінде көрпе, киім-кешектерге арналған оюларды қиямын. Қазіргі таңда ұлттық ою-өрнектерді сәулет және киім дизайнінде, зергерлік бұйымдар мен ыдыстар жасауда жиі қолданады. Сондықтан тапсырыс та көп», — дейді кәсіпкер.

Жалпы өңірде кәсіп ашып, табыс тауып отырған тұрғындар қатары артып келеді. Солардың бірі сүйікті ісін кәсібіне айналдырған Төлебилік кәсіпкер, қайтарымсыз грант алып, гипстен монета салатын ойыншықтар жасайды.

Мемлекеттік грант — бұл жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бастапқы капитал. «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз гранттар биылғы жылы да берілуде. 2023 жылы ісін жаңа бастаған жекелеген әлеуметтік санаттарға жататын азаматтарға өз бизнес әлеуетін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берген гранттың 90 адам иегері атанды.

Қайтарымсыз грант алып, сүйікті ісін кәсібіне айналдырғандардың бірі — Кемеқалған ауылдық округі Ақбастау елді мекенінің тұрғыны Есқұлова Ақмарал Сержанқызы. Үйінде отырып-ақ кәсібін дөңгелетіп отырған Ақмарал гипстен монета салатын ойыншықтар жасап, сауда нүктелеріне жеткізіп, тапсырыспен клиент қалауы бойынша арнайы дайындап отыр.

Көп балалы ана Ақмарал Сержанқызының қолынан шыққан «копилка» Г16 деген гипстан жасалады және аудан тұрғындары, әлеуметтік желі арқылы тапырыспен туған күн, тойбастар, тұсау кесер, бесікке салу, құдалық секілді қуанышты күндерге сыйлыққа алады. Кәсіпкер гипсті сауда орнынан сатып алады. Үйінің бір бөлмесін шағын шеберханаға айналдырған ол таңнан кешке дейін түрлі-түсті ойыншықтарды жасауға кіріседі. Ұл-қыздары өздері қалаған жануар бейнеленген «копилканы» бояп, әрлеп, анасына көмек береді. Копилканы арнайы қалыпқа салып, құйып, оған өз қалауымен әр беретін ұл-қыздары өздеріне кәсібі ұнайтынын жасырмады.

Ақмарал Сержанқызы копилкадан бөлек, гипстан шкатулка жасап, құрақ көрпе де тігеді. Тапсырыс артуына орай, кәсібін кеңейтуді жоспарлағанын да айтты.

Leave a reply