Ш.ҚАЛДАЯҚОВ АУЫЛЫНДА ЖАБЫҚ СПОРТ ЗАЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ

0
26

Отырарда бұқаралық спортты дамыту мақсатындағы жүйелі жұмыстар жалғасын тауып келеді. Қарақоңырлық тұрғындардың көптен бері көкейінде жүрген мәселелердің бірі ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалану үшін жабық спорт залын салу болатын. Ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың жерлестерінің бұл мәселесі шешімін табатын күн де алыс емес. Ағымдағы жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен Ш.Қалдаяқов ауылында шағын футболға арналған жабық спорт залының құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Қарақоңыр ауыл округінің тұрғындарымен өткен кездесу жиынында аудан әкімінің міндетін атқарушы Сейтжанов Жансұлтан Әділжанұлы аудан көлемінде өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндай келе, алда тұрған міндеттер мен атқарылатын жұмыстарды атап өтті.

2024 жылы Шәмші ауылындағы «Қайнар», Қостүйін елді мекеніндегі «Әшірбеков», «Ержанов», Бестораңғыл елді мекеніндегі «Д.Шырынбеков», Арыс елді мекеніндегі У.Ілиясов көшелеріне жергілікті бюджет қаражаты есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, «Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл округіне қарасты Әділет, А.Паржанов, А.Мақатов және Көктем көшелері орта жөндеу жұмыстарынан өтеді.

Кездесуде ауыл тұрғындары каналдарды тазалау, көшелер мен тоспаларды жөндеу, жарықтандыру секілді кезегін күткен өзге де мәселелерді қозғап, бұл сауалдарға тиісті мамандар тарапынан тұщымды жауаптар қайтарылды. Кездесуден соң ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдаған Жансұлтан Әділжанұлы заң аясында нақты жауап беріп, тиісті сала басшыларына міндеттер жүктейтінін жеткізді.

Leave a reply