Воскресенье, 29 сентября

Ірі мал бордақылау кешені ашылады

0
107
Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақовтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған семинар өтті. Семинарға ауданға қарасты ауыл округ әкімдері, шаруалар, сондай-ақ Сайрам, Сарығаш аудандарындағы ірі мал бордақылау алаңдарының меншік иелері қатысты. 
Мал шаруашылығы саласындағы өз тәжірибелерімен бөліскен жеке кәсіпкерлер жиынға қатысушыларға мал басын арттыру, бордақылау, нарыққа шығарудың қыр-сырын үйретті.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Азат Оралбаев Шұбар ауыл округі аумағында ірі қара мал бордақылау кешенін құру жобасы жөнінде баяндама жасады.
Айта кетерлігі, алдағы уақытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің Бадам–Шұбар автожолының қиылысқан тұсындағы 400 гектар аумаққа жоспарланған бірегей кешенде автотұрақ, әкімшілік кеңсе, асхана, мұздатқыш қойма, құрама жем өндіру цехы, мал азығын сақтау орны, мал базары және 40 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдары болмақ.
Жоба кешені логистика жүйесінің қолайлылығымен ерекшеленеді. Халықаралық автожол арқылы дайын өнімді 30 шақырым қашықтықтағы үшінші мегаполиске 20-25 минутта жеткізуге болады. Сондай-ақ, тоңазытылған ет өнімдерін көршілес облыстар мен шетелдерге (Өзбекстан, Ресей) экспорттауда қолайлы теміржол желісі де аудан іргесінде тұр.
Ірі қара малды жем-шөппен қамтамасыз ету үшін арнайы кешен аумағында құрама жем цехы салынып, мал азығы, мал бордақылаушы шаруаларға төмендетілген бағада ұсынылатын болады.
Бордақылау алаңдарындағы ірі қара малдар арнайы ветеринариялық лабораториядан тексеруден тұрақты өткізіліп тұрады. Дайын болған өгізшелер мал сою бекетінде сойылып, бастапқы өңдеуден өткізіліп, республика аумағымен шет мемлекеттерге экспортталады.
Жоба бойынша 40 мың мал бордақылау алаңдарына шамамен 1 айналымда 36 мың тонна шөп, 48 мың тонна жем қажет болады. Бұл қажеттілікті ауданның егістік, шабындық алқаптарынан алынатын жем-шөп қоры қамтамасыз етпек.
Мал бордақылау алаңын қажетті инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында ауыз су, электр жарығы, «көгілдір отын», асфальт, көше жарықтандыру бойынша арнайы жобалар әзірленіп, тиісті мекемелермен бірлескен жұмыстар қолға алынуда.

Leave a reply