ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН «ТҮРКІСТАН БАРЫСЫ» АНЫҚТАЛДЫ

0
29

Сауран ауданы, Шорнақ ауылында орналасқан «Саттар» спорт кешенінде қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турниріне облыстық іріктеу жарысы өтті. Ұлттық спортымызды дамытуға арналған облыстық «Түркістан барысы» турнирінің ашылу салтанатында Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев құттықтау сөз сөйлеп, балуандарға сәттілік тіледі.
Сауран топырағында ұйымдастырылған облыстық турнирге өңірдегі қалалар мен аудандардан барлығы 25 балуан қатысып, өзара бақтарын сынады.
Жарысқа қатысқан апайтөс балауандарды атап өтсек, Шардара ауданынан Ұлықпан Мекенбай, Қайсар Шамшидинов, Мақтаарал ауданынан Жолдасбек Караманов, Тұрғын Нуров, Түлкібас ауданынан Рахат Сейтмаханбет, Асылхан Нұржігіт, Бәйдібек ауданынан Әл Фараби Бекқұлұлы, Бекнұр Қуандық, Отырар ауданынан Асқар Туреқұлов, Жолдасбек Бектұрсынов, Ордабасы ауданынан Айбек Қоспанов, Мейірхан Бейсенәлі, Созақ ауданынан Бақберген Тұрсын, Асылан Жақаев, Түркістан қаласынан Бибарыс Әбдіғани, Алмас Бекарыстан, Кентау қаласынан Сардар Абдисамитұлы, Нұрлыбек Асенов, Сауран ауданынан Дидар Хамза, Еркеғали Қуандық, Арыс қаласынан Еркінбек Бөлен, Сарыағаш ауданынан Ақсұлтан Маханбет, Санжар Мырзияров, Жетісай ауданынан Ислам Шодибай, Мұратхон Тұрсынов сынды жауырыны қақпақтай балуандар боз кілем көркін қыздырды.
Білекті һәм жүректі балуандардың арасынан бабы мен бағы қатар шапқан түркістандық Бибарыс Әбдіғани (лақап аты «Түркістан барысы») барлық қарсыласының жауырынын жерге тигізіп, «Түркістан барысы» турнирінің жеңімпазы атанды. Ал шардаралық Қайсар Шамшидинов екінші орынды иеленсе, Сауран ауданының үміті Еркеғали Қуандық үшінші орын иегері атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді облыстық спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев және Түркістан облысының қазақ күресі федерациясының вице-президенті Әсет Жұмашевтар арнайы тағайындалған алғыс хаттар және белбеу, медальдармен марапаттады. 1 орынға – 500 000 мың, 2 орынға – 200 000 мың және 3 орынға 100 000 мың теңгенің қаржылай сертификаттары тапсырылды. Финалға шыққан қос балуан «Қазақстан барысы» турниріне жолдама алды.

Leave a reply