ҚАЗЫҒҰРТ: «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОАКЦИЯСЫ «АҚБУРА» ӘУЛИЕ КЕСЕНЕСІНДЕ ЖАЛҒАСТЫ

0
24

Мемлекет басшысының бастамасымен республика көлемінде ұйымдастырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барысында Қазығұрт ауданында жүйелі және жоспарлы түрде ауқымды шаралар атқарылуда. 17 маусымнан бастау алған «Киелі мекен» апталығы бойынша кезекті тазалық жұмыстары Қазығұрт тауының баурайында орналасқан, өзіндік ерекше тарихы мен аңызы-әңгімелерге бай «Ақбура» әулие кесенесінде жалғасты.

Аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен өткізілген сенбілік жұмыстарына ауданның белсенді жастары қатысты. Тазалық жұмыстары барысында әулие кесененің айналасы қоқыстардан тазартылып, шөптері қырқу, ағаштарын бұтау және ақтау секілді істер атқарылды. Ауыл қариялары мен кесененің шырақшысы әулие басында ел амандығы үшін құран бағыштады.

Айта кетейік, Ақбура кесенесі Қазығұрт тауының оңтүстік етегінде, табиғаты әдемі тыныш салқын жерде орналасқан. Кесене төңірегінде ондаған бұлақ ағып баршасының арналары төменірек бір өзенге қосылады. Құрылыс бірнеше жыл бұрын салынғандықтан, тарихи құндылық болып саналмайды. Бірақ осы жерде тыныштық тапқан, 8 ғасыр бұрын өмір сүрген адамның тарихы өте қызық. Ақбура әулие туралы көп аңыз сақталды.

Ақбура бабамыз ХІІ ғасырда өмір сүрген, яғни Қ.А.Иасауидің заманында өмір сүріп, оның шәкірті болған, дін таратқан, дін жолындағы пенде болған деседі. Ақбура бабамыздың азан шақырып қойған аты – Ақберген, бірақ аңыз әңгімелерге сүйенсек жүрген жерінде «зікір» салып, ол уақытта аузынан ақ көбігі ағып, ақ жалын шашып, адам баласы естіп-білмеген алапат күшке ие болып кететін болған. Екі езуінен аққан көпірік екі иығын, омырауын жауып жібереді екен және үнемі ақ бураның үстінен түспейтінімен танымал, сондықтан да ел арасында «Ақ бура» атанып кеткен. Ақбура әулиенің киелілігі сол, таң намазының 2 рәкәтін осы бұлақтың басында оқиды екен де, ал артынан оқылатын екі рәкәт намазды жамағатпен оқимын деп Түркістанға барып, Қожа Ахмет Иасауимен бірге оқыған екен.

Leave a reply