Воскресенье, 29 сентября

«Ауыл аманаты» жобасы аясында сайрамдық кәсіпкер 2,5 пайызбен несие алып, кәсібін ашты

0
119

Бүгінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей қадағалауымен аталған жобаны үйлестіру, тұрғындардың кәсіп ашуына қолдау көрсету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында пилоттық жобаға қатысқан Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылдық округі бойынша 20 азамат несие алуға өтінім жолдаған. Бүгінде 10 азаматтың жобасы облыстық комиссия қарауынан өтіп, мақұлданған.  Несиелендірілген азаматтар ішінде облыс бойынша бірінші болып несие алып, өз кәсібін ашқан – Ақбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Тұрар Сүлейменов.

Кәсіпкер өз жобасын іске асыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында сүт бағытындағы мал шаруашылығы бойынша 8,6 млн теңге несие алуға мүлкін кепілге қоя отырып,  өтінім жолдаған. Нәтижесінде, облыстық комиссияның оң шешімімен 8 млн теңге қаржы берілген.

Кәсіпкер несие қаржысына Ақмола облысынан 16 бас сауын сиыр әкелген. Бүгінгі күнде әр сиырдан 10 литрден сүт алып, «Натур Продукт» ЖШС-на өткізуде. Кәсіпкер өз кәсібін дамыту аясында алдағы уақытта мал басын ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында елімізде «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Аталған бастама «AMANAT» партиясының үйлестіруімен жүзеге асырылады.

«Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агро бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу.

Бұл ретте «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылда кәсібін дөңгелетуді көздейтін кәсіпкерлер үшін 2025 жылға дейін 2,5 пайызбен шағын несие беріледі.

Жоба бойынша микрокредиттерді ісін жаңадан бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыстан босатылған қызметкерлер; дара кәсiпкер ретiнде тiркелмей табыс алу мақсатында тауарларды өндiру (өткiзу), жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөнiндегi қызметтi дербес жүзеге асыратын тұлғалар және (немесе) әрекет етпейтiн дара кәсiпкерлер; отбасылық кәсiпкерлiкте ақысыз қызметтi өз бетiнше жүзеге асыратын адамдар; табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен, сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар; табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады. Микрокредиттер 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін беріледі. Микрокредиттің ең жоғары сомасы — ауылдық елді мекендерде (олардың әкімшілік бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалаларда – 2,5 мың АЕК-ке дейінгі соманы құрайды.  Өз кезегінде, кооперативтер малдарды азықтандыру және басқа шығындарды азайтуға көмектеседі.

Қаржыландыру 2023-2025 жылдар аралығында үш кезеңде өтеді. Несие беру 2023 жылы басталды. Шағын кредиттер ірі қара мал өсіруге, құс шаруашылығына, наубайхана немесе кондитерлік өндірісті дамытуға, туризм кәсібімен айналысуға беріледі. Кепіл мүлкі болмаған жағдайда, кәсіпкер меншік иесінің келісімімен кепілдікті нотариалды рәсімдеу арқылы туыстарына немесе достарына жүгінуіне болады.

Осылайша «AMANAT» партиясы аталған жобаны жүзеге асыруға қолдау танытып, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді. Ауқымды ақпараттық марафон 40 күнге жалғасты. Сарапшылар 28 шілде мен 10 қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірін аралап, тұрғындар арасында «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты мен міндеттерін түсіндірді. Ақпараттық науқан аясында Қазақстанның 17 облысындағы 179 ауданның 394 ауылы мен ауылдық округінен 250 мың адам қамтылды.

Leave a reply