Воскресенье, 29 сентября

КЕНТАУ: КӨП БАЛАЛЫ АНА ӨЗІН ДЕ ӨЗГЕНІ ДЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫП ОТЫР

0
7

Көп балалы аналарға мемлекет тарапынан мүмкіндіктер жоқ емес, бар. Сол мүмкіндіктердің бірі қайтарымсыз гранттар. Ия, ол сондай көп мөлшердегі сома емес, бірақ іс бастаймын деп ниеттенген әйелдер үшін үлкен көмек. Егер грант қаржысы болмаса, өзінің бизнесін бастау үшін қажетті құралдарды бірден сатып ала алмас еді. Сондықтан, көп балалы аналар өздеріне берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, істерін жолға қойып отыр.
«Бастау бизнес» маған қажетті техниканы сатып алуға мүмкіндік берді
Кентау қаласының тұрғыны Тамара Айнабекова 32 жаста, 5 баланың анасы. Тамара болса тұрмысқа шыққалы бері үй шаруасында, балаларын тәрбиелеуде. Үйленген күннен ата-енесімен бірге тұрады. Тамараның мамандығы психолог болғанымен, психолог ретінде жұмыс істемеген. Бірнеше жыл бала тәрбиесімен үйде отырды. Ал, балалары өскен кезде косметолог болып жұмыс істеді. Осылайша 6-7 жыл біреудің салонында жалданып, қызмет етті.
— Тәуліктеп жұмыс жасау кім-кімді де шаршатады. Балаларға да қарау керек, сол себептен біреуге жұмыс істеуді қойып, балаларымның тәрбиесімен айналыстым. Үйде отырған соң бір жолдасымның табысы жетпейді. Өзіме адамдардың бетін тазалап, әдемілеу қатты ұнайды. Жалпы менің қолымнан келетін және жақсы көріп жасайтын ісім – косметолог эстет. Кішкентай баламды босанғаннан кейін, үйде отырған соң, жайлап адамдарды үйде қабылдап, бетті әрлей бастадым. Бет әрлеу еңбегім өз отбасыма, туысқандарым мен достарыма ұнады. Кейін таныстарым өздері үйге іздеп келіп, қызметіме жүгіне бастады, — дейді ол.
Тамара өзі ізденіп және сұрастыра келе «Бизнес-Бастау» бағдарламасы бойынша жолдама алып, курстан өткен. Өзі жасаған бизнес-жоспардың негізінде 2022 жылдың қазан айында 1 125 000 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Грант қаржысына адамдардың бетіне массаж жасауға арналған қажетті аппараттар, үстел және орындық, кереует сатып алды.
— Бөлінген грант бойынша алған қаржыға міндетті түрде есеп беру қажет. Сол сома аясында алын-ған жабдықтар мен тауарлардың әрбір шығынын растайтын құжаттардың барлығын әлі күнге дейін сақтап келемін. Егер грант қаржысы жетпесе, өз қаржыңыз-ды қоссаңыз болады. Мен бизнес жоспарымда көрсетілген заттарды түгел алдым. Бұл менің өз кәсібімді ашуға үлкен көмек болды. Жастар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың кәсіп ашуына қолдау көрсетіп отырған басшылыққа алғысымды айтамын, — дейді Тамара.
Ең бірінші бетін әрлеткен апайым тұрақты клиентіме айналды
— Қазіргі уақытта қаланың орталығында орналасқан «Муслима» деген сән салонын жалға алып, кәсібімді атқарып келемін. Онда адамдарды қабылдаймын. Екі адамды жұмыспен қамтып, білгенімді үйретіп отырмын. Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ/ЕСП) төлеп жұмыс істеймін. Бизнес-жоспарды өзім жасадым. Қиындау, бірақ жоспарды жасау негіздерін курста оқытады. Барлық есеп-қисабын үйретеді. Бұл курстарда түрлі бағыттағы бизнесті бастау үшін не істеу, неден бастау, қалай жоспарлау керек, ықтимал шығындар мен бәсекелестер сияқты көп нәрсені үйретеді. Осыған дейін мен тек өзіміз үшін ғана бетті әрлейтінмін. Грант алып, шеберлік сағатынан өткеннен кейінгі ең бірінші клиентім келіп бетіне массаж және бетті әрлеу жұмыстарын жасатты. Мен болсам массажды толық жасап көрмеген едім. Бірақ, тәуекел етіп ең бірінші клиентіме толық массаж жасадым. Жасаған әрбір массажым келген адамға ұнауы үшін бар ниетімді салдым, мен үшін өте жауапты қадам болды. Нәтижесінде жасаған массажым клиентіме ұнады. Оның бетінде проблемасы кетіп, қуанып қалды. Міне, осыдан кейін толық және проблемалық беттерге массаж жасауға машықтанып алдым, – дейді кәсіпкер көп балалы ана.
Тамара алғашқы кезде бетке массаж жасауды интернеттен, Youtube желісінен ізденіп, қарап, үйреніп алып, сол бойынша жасап жүрген. Ал, өзінің жеке салонын ашқанан кейін, арнайы мамандардан үйренді. Қазіргі уақытта айына 150-200 мың теңге табыс табуда. Бетті тазалау және әрлеу массажының құны 4000 теңге.
— Кейде күніне 4-5 адам келетін күндер болады, салонға адам келмей қалатын кездер де болады. Кей уақытта 1-2 адам келіп жеңіл массаж түрін жасатады. Мысалы, көктем мен күзде клиенттер көп болады. Бір айда 200 мың теңге табыс таптым. Қазір бәрі тез дамитын заман, бетке массаж жасау саласында да неше түрлі жаңашылдықтар бар. Сол заман талабына сай болып, жаңашылдықтарды да бірге алып жүру қажет. Бетке арналған ұсынатын қызметің бәсекеге қабілетті болу керек. Ол көп ізденіп, көп оқуды талап етеді, — дейді Тамара.
Кәсіпкер келіншек «шығын шықпай, кіріс кірмейді» деген аталарымыздың дана сөзін жанына серік еткен. Сондықтан болар, бет күтіміне байланысты курстарға көп барады. үйреніп келгенін, тұтынушыларына көр-сетеді. Бұл іске отбасыда қолдау көрсетеді.
— Жолдасым – ең басты қолдаушым десем болады. Менің осы бағытта дамуым үшін барлық жағынан қолдау көрсетуде. Шеберлік сағаттары, курстарға қатысу үшін, сонымен қатар бетке арналған массаж жасауға қажетті шығындарымды қамтамасыз етіп отырады, – деді ол.
Нарықтың қозғалтқышы жарнама. Кез-келген істі жүргізіп, алға жетелейтін, клиент әкелетін жақсы жарнама. Бетке арналған массаж жасау ісімен айналысуға бел буған соң жарнама жасау қажет. Осы жағын қалай реттедіңіз деген сұрағымызға Тамара: «Жарнаманы What’s App әлеуметтік желісінде жүргіздім, өзімде бар топтарға тараттым. Негізгі клиенттерім таныстарым мен достарым арқылы келуде. Ең басында жасаған массаждарымды Instagram әлеуметтік желісіндегі өзімнің жеке парақшамда жариялап жүрдім. Уақыт өте келе осы желіде парақша аштым. Оны да дамыту қажет, бір орында тұруға болмайды, жан-жақты оқу, өсу, даму керек. Сонымен қатар, бетке жасалатын массаждың қыр-сырынан бөлек, жасаған еңбекті жарнамалау үшін әлеуметтік желілерде жұмыс жасау мен жарнама жасауды да үйрететін курсты оқыдым», — деді кәсіпкер.
Осылайша кентаулық келіншек өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып отыр.
Осы тұста қала тұрғындары назарына аталмыш жоба аясында ақпарат дайындаған болатынбыз. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленді.
Соның бірі — Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы.
Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, жаңа нишаларды қалыптастыруға, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталып отыр. Осы орайда, «Бастау Бизнес» жобасындағы өзгерістер, жұмыспен қамту жобалары мен оқыту шаралары туралы сіздердің назарларыңызда.
Былтыр нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мерзімі аяқталған болатын. Осыған орай, Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру қолға алынды.
Ол үшін 2022 жылға республикалық бюджеттен 33,2 млрд. теңге, ал жергілікті бюджеттен 8,5 млрд. теңге қарастырылған.
Ұлттық жоба 10 міндетті көздейді, оның 3-еуі халықты жұмыспен қамту үшін жәрдемдесуге бағытталған. Нақтырақ айтсақ, басты мақсат – азаматтардың өз ісін ашып, дамытуына жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту болып отыр.
Бірінші міндет. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту
Жалпы, алғашқы міндет аясында аудандардың шебер-жоспарлары жасалып, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту жүргізілетін болады. Сондай-ақ, жас кәсіпкерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға шағын несиелер мен гранттар беріледі.
Шебер-жоспарлар үй шаруашылықтары мен жергілікті кәсіпорындардың сауалнамалары негізінде жасалады. Жалпы, 2022-2024 жылдары 163 шебер-жоспар әзірленеді. «Шебер-жоспарлар негізінде кәсіпкерлерді қолдау «егістіктен сөреге дейін» өндірістік-өткізу тізбегін құру арқылы қамтамасыз етіледі. Өнім өндірушілер мен сатып алушылардың келісуі, ауыл кәсіпкерлерінің өнімін кепілді түрде сату және сатып алу қамтылады.
«Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде жыл сайын 30 мың адамды, оның ішінде кемінде 6 мың жас азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. Оқуды аяқтаған және бизнес-жоспарын қорғаған қазақстандықтар жеңілдікті шарттармен мемлекеттік гранттар мен микрокредиттер алуға мүмкіндік алмақ.
Бұл ретте, жастардың 20 мыңға жуық өкілін және азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын жыл сайын гранттармен қамту жоспарлануда. Ал, жеңілдікті шарттармен шағын бизнес ашу және отбасылық фермерлік шаруашылықтарды өндірістік-өткізу тізбектеріне біріктіру үшін аудандардың шебер-жоспарлары жасалып, соның негізінде берілетін болады. Сондай-ақ, грант алушылардың санаты да қайта қаралды. 2022 жылдан бастап гранттар жастарға, жұмысқа қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы мүшелеріне және қандастарға жеке кәсіпті ашу мақсатында беру жоспарланып отыр.
Оқу 14 облыста, 160 ауданда іске асырылады, сондай-ақ моноқалалар мен облыс орталықтары, республикалық маңызы бар елорда, Алматы, Шымкент секілді қалалар қамтылған. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында жоба бойынша оқыту «Atameken Academy» платформасында онлайн форматта өтеді.
«Бастау Бизнес» жобасындағы өзгерістер
Биыл «Бастау Бизнес» жобасы «Бастау 2.0» жаңа форматында жүзеге асады. Оның аясында өнім өндіру кезеңдерінің технологиялық карталары әзірленеді. Бұл технологиялық карталар сұранысқа ие бағыттар бойынша халықты кәсіпкерлікке оқытуға және жаңа салаларды таңдауға көмектеседі.
Техникалық карталарға сәйкес нақты кейстерді оқыту неғұрлым сапалы өнім немесе шикізат өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қоса, кепілді өткізуді қамтамасыз етеді, бұл сайып келгенде ауыл халқының табысын арттыруға ықпал ететін болады. Осының аясында Ұлттық палата биыл аудандардың мамандануын айқындау және аудандардың шебер-жоспарларын әзірлеудің бірыңғай әдістемесін әзірлеу және бекіту, сауалнама жүргізу үшін аудандардың (42 аудан) тізбесін айқындауды ұсынды.
Ұлттық жобаға сәйкес, 2021-2025 жылдар аралығында «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде оқудан кейін жеке кәсібін ашқан кәсіпкерлердің үлесін 35%-дан 60%-ға дейін көтеру көзделіп отыр.
Биыл «Бастау Бизнес» жобасын іске асыру шеңберінде Atameken Academy онлайн-оқыту платформасында өтінім беру кезінде ЭЦҚ арқылы авторизациялау, қатысушыларды кезеңдер бойынша бөлуді автоматтандыру сияқты бірқатар өзгерістер болады. Оқуды іске асыру процесінде онлайн өтінім беру, қатысушы статусын верификациялау арқылы жолдамаларды беру кезеңін алып тастау енгізіліп жатыр.
«Бастау Бизнес» түлектерін несиелендіруге бюджеттен 22,5 млрд теңге бөлінді. Ұлттық палатаның ресми сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында бұл туралы мәлімет көп. Кез келген адам оқып танысуына және 1432 байланыс орталығына хабарласып, барлық сұраққа жауап ала алады. Жоспар бойынша, биыл наурызға дейін 5 мың жобаны қаржыландыру жоспарда бар.
Екінші міндет. Жұмыс орындарын көбейту
Ұлттық жобалар шеңберінде 2021-2025 жылдар аралығында жалпы 2,5 млн. жұмыс орны құрылады. Атап айтқанда, тұрақты жұмыс орыны – 803,7 мың, уақытша жұмыс орыны – 1 727,9 мың. Ал биыл, яғни 2022 жылы 443,8 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде бес жылда 995 мыңнан аса жұмыс орны құрылады, оның ішінде 335 мың тұрақты жұмыс орындары, 660 мыңы уақытша болмақ.
Өз кезегінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан 5 жыл ішінде 100 мың тұрақты және де 630 мыңнан аса уақытша жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Оның басым бөлігі жеке бизнес нысандарын жұмыс күшімен қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қоса, жастарды жұмыспен қамтуға тоқталсақ, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларының арқасында 29 жастан аспаған, мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, жақында оқуын аяқтаған немесе мүлдем жоқ адамдарға түрлі қолдау шаралары көрсетілетін болады. Бұл жобалармен 140 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр.
Ал, зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылмақ, оның шеңберінде 20 мың адам қолдау алады.
«Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасын іске асыру арқылы 60 мыңға жуық адамды жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылғанын айтып өтті. Ал, жұмысынан айырылған азаматтарға «Қоғамдық жұмыстар» жобасы арқылы тағы 415 мыңға жуық уақытша жұмыс орны берілмекші.
Осы жобалардың көпшілігіне қатысу үшін жақын орналасқан Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет. Не болмаса, Электронды еңбек биржасы немесе Электронды үкімет порталы арқылы жұмыс іздеп жүрген адам және жұмыссыз ретінде тіркелу қажет.
Осы шаралардың тиімділігін арттыру үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде оларды іске асырудағы кемшіліктер ескерілгенін, оларға сәйкес әрбір нысаналы топтың қажеттіліктерін ескере отырып, өзгерістер енгізілгенін де еске сала кеткен жөн.
Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру барысында барлығы 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. 3,5 млн. адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылып, 1,7 млн адам тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасады. Жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға дейін төмендеп, халықтың нақты ақшалай кірісінің өсмі 27,1% деңгейіне жетеді.
Үшінші міндет. Кәсіпкерлердің дағдыларын дамыту
Кәсіпкерлердің қажеттілігі бойынша дағдыларын дамыту жөніндегі міндет шеңберінде Ұлттық жобада жұмыс берушілердің сұраныстарына сәйкес, оқу ұйымдарында да, тікелей жұмыс орындарында да білім беру, сондай-ақ талап етілетін дағдыларды онлайн оқыту көзделіп отыр.
Осылайша, жұмыс берушілердің сұрауы бойынша білім беру ұйымдарында оқу үшін өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, өңірлік бөліністе сұранысқа ие кәсіптер бойынша қажеттілікті жыл сайын айқындау көзделетін болады. Жыл сайын 11 мың адамды оқыту жоспарланып отыр. Олар оқу ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен, стипендиямен, жол жүруге материалдық көмекпен, тұрумен және медициналық тексеруден өтумен қамтамасыз етіледі.
Жыл сайын 5 мыңға дейін адам жұмыс орнынынан оқуға жіберіледі. Олар оқу аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қызығушылық танытқан жағдайда тұрақты жұмысқа қабылданады.
Талап етілетін дағдыларды онлайн оқыту skills.enbek.kz платформасында жүзеге асады. Онда сұранысқа ие кәсіптер мен дағдыларды ескере отырып, қысқа мерзімді онлайн курстардың легі қалыптасады. Жыл сайын 20-35 мың адамды оқыту жоспарланған.
Электронды еңбек биржасында түйіндеме орналастыру немесе бос жұмыс орындарын іздеу кезінде өтінім беруге және курстан өтуге болады. Ізденушіге тиісті өтінім беру жеткілікті. Курс аяқталғаннан кейін және жұмыс беруші талап ететін дағдыларды игергеннен кейін жұмыс іздеуші дағдыларды игеру туралы сертификат алады және ашық бос орынға өтінім қалдырады.
5 жыл ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 205 мың азамат қамтылмақ, ал 2025 жылға қарай оқудан кейін жұмысқа орналастыру деңгейі 52-ден 80%-ға дейін өседі деп жоспарланған.

Раушан НАРБЕК

Leave a reply