ЖҰМЫС ОРНЫҢЫЗДА ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ КУӘСІ БОЛСАҢЫЗ 109 БІРЫҢҒАЙ БАЙЛАНЫС НӨМІРІНЕ ХАБАРЛАСУЫҢЫЗҒА БОЛАДЫ

0
51

 

Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов қала әкімдігінің «Instagram» желісіндегі ресми парақшасында өткен тікелей эфир барысында осылай деді.
Осы жылдың 6 айында атқарылған жұмыстар жайын баяндаған басқарма басшысы осы уақыт ішінде 599 арыз-шағымдар мен түсіндірме беру жөнінде өтініштер қаралып, тиісті жауаптар берілгенін атап өтті.
«Мемлекеттік еңбек инспекторларымен жыл басынан бері 104 тексеру жүргізіліп, 182 заңбұзушылық анықталды. Оларға кемшіліктерді жою туралы 68 нұсқама берілген. Тексеру нәтижелерімен 4,5 млн. теңге көлемінде 25 әкімшілік айыппұл салынып, 21 қозғалған әкімшілік іс бойынша 2,9 млн. теңге айыппұл өндірілген. Бірқатары мерзімі келмеуіне байланысты бақылауда. Көптеген еңбек құқығы бұзылған жұмысшылар еңбек инспекциясы басқармасына келіп ашық түрде арыз жазудан қашады. Сондықтан басқарма «iKomek 109» орталығымен еңбек қатынастарында құқығы бұзылған азаматтар мен жұмыс орнында қандай да бір заңбұзушылықты байқаған адамдардың өтініштерін тіркеу бойынша келісімге келді»,-деді Б.Қалжанов.
Еңбек дауларын болдырмауға бағытталған жұмыс барысы тұрақты бақылауда екенін айтқан басқарма басшысы еңбек дауларының алдын алуға бағытталған мониторингтік топ құрылғанын жеткізді. Оның айтуынша, атқарылған жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері 35 кәсіпорындағы 1960 жұмыскердің 166,5 млн. теңге көлемінде жалақы қарыздары төленіп, жұмыскерлердің әлеуметтік құқықтары қорғалған.
Басқарманың, Мемлекеттік ақпараттық ресурстардың бірыңғай порталы, Facebook (enbekshym), Instagram(enbek_inspekciyasy) әлеуметтік желілері және «27-38-42 сенім телефоны» тұрақты жұмыс істейді.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған