«АШЫҚ ӘКІМДІК» АРҚЫЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ШЕШІМІ ТАБЫЛУДА

0
32
Шымкентте қала әкімінің тапсырмасына сәйкес халықпен кері байланыс орнату жүйелі түрде іске асып келеді. Осыған орай қала тұрғындары әлеуметтік мәселелерін шешу үшін өзі тұратын аудан әкімдігіне жүгіне алады. Бүгін Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев кестеге сәйкес тұрғындарды жеке қабылдады.
Қабылдау кезінде тұрғын Х.Жандарбеков «Сәуле» мөлтек ауданындағы мазараттың шекарасы турасында айтты. Әкім қазір аталған аймақта жерге орналастыру жұмыстары жүргізілуде екендігін, алдағы уақытта жер учаскесінің аумағында орналасқан тұрғын үйлер және кәсіпкерлік нысандар бойынша нақты шаралар қолданылатындығын жеткізді.
Ал тұрғын П.Назанова Қырғы базардың алдындағы жабайы сауданың жабылуына байланысты уәжін білдірді. Алайда аудан әкімі ҚРӘҚБтК-нің 204 бабына сәйкес, белгіленбеген орындарда сауда жасауға болмайтынын, аяқ жолда сауда-саттық жасау жаяу жүргіншілерге кедергі келтіретінін түсіндірді.
Сондай-ақ, Бостандық көшесінің тұрғыны А.Айбекова тұрғылықты жерінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары кезінде бұзылған қоршауын қалыпқа келтіріп беруін сұрады. Аудан әкімі бұл мәселенің қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жолданатынын жеткізді.
Айта кетейік, тұрғындар аудан әкімнің жеке қабылдауына жазылу үшін Әл-Фараби әкімдігіне келіп алдын-ала өтініш қалдыруы тиіс.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған