ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНДА «ХАЙУАНАТТАР БАҒЫ» БҰРЫШЫ АШЫЛДЫ

0
42
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» мекемесінің ауласынан «Хайуанаттар бағы» бұрышы ашылды. ZOO бұрыш қалалық мемлекеттік зоологиялық саябағымен жасалған келісім негізінде құрылған.
Қызмет алушылар саябақта серуендеп, ғажайып құс саналатын тауыстарды, кептер мен көжек, қояндарды тамашалай алады. Бүгінгі таңда оларды күтіп-баптайтын қызметкер мен ветеринар-дәрігер жұмылдырылған.
«Орталықта қызмет алушылардың еңбек дағдыларын арттыру, психикалық күйзелістен шығарып, көңіл-күйлерін көтеру және денсаулықтарын нығайту мақсатында күнделікті таң ертеңгілік серуендер ұйымдастырылады.«Хайуанаттар бағы» бұрышын тамашалайтындар қатары артуда. Сонымен қатар, әлеуметтік –мәдени бағытта мерекелік іс-шаралар өткіземіз», — дейді мекеме басшысы Мұхит Нышамбаев.
Мекеме кәмелет жасқа толған белгілі тұрғылықты жері жоқ, жеке басын куәләндыратын құжаттары жоқ және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған немесе шартты түрде сотталған азаматтарға қызмет көрсетеді. Орталықта қазір 135 –ке жуық азамат қызмет алуда.
Бұдан бөлек, мекеме қызмет алушыларға құжаттарын рәсімдеу, медициналық тексеруден өткізіп, қажет болған жағдайда медициналық ұйымдарға орналастыру, жұмыспен қамту, тұрғын үй кезегіне тұрғызу секілді әлеуметтік көмектер көрсетеді.
Мәселен, жыл басынан бастап 27 азаматтың жеке басын анықтайтын құжаты рәсімделген, 2 азаматқа жасына байланысты зейнеткерлік тағайындауға ықпал етілген, 4 азаматқа мүгедектігіне байланысты жәрдемақы тағайындауға көмек көрсетілсе, 20 қызмет алушы санаторлық-курорттық ем қабылдау үшін кезекке қойылып жолданған. Сондай-ақ, 79 адамға жеке қажеттіліктеріне байланысты басқа да әлеуметтік, медициналық көмектер көрсетілген. Қызметтер алушыларды жұмыспен қамту шаралары да жүзеге асырылуда.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған