ШЫМКЕНТ: ҚАЛА АУМАҒЫНДА ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ ТҰРАҚТЫ МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
45
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Эльмира Ережепованың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде дала-орман өрттері мен қала аумағында құрғақ шөптердің жану салдарын алдын алу туралы сөз қозғалды.
– Табиғи өрттерді алдын алу мақсатында қала аумағында орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тұрақты мониторинг жүргізілуде. Сонымен қатар, ауыл шаруашылық және шаруа қожалықтары мен тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау үшін үгіт-насихат жұмыстары өтуде. Бұл бойынша БАҚ-та 97 үгіттеу шарасы, яғни, телеарнадан 15 сұхбат немесе бейнеролик, радиодан 66 сұхбат, баспа басылымынан 16 мақала ұйымдастырылды. Сондай-ақ қалада 2 баннер және 40 дана аншлаг орнатылды, – деді Э.Ережепова.
Спикердің сөзінше, өрт сөндіру бөлімдері шілде айының 10 күндігінде күн қатты ысып, соның салдарынан тәулігіне 10-нан аса шығулар жасаған. Яғни, 1 шілдеден 14 шілдеге дейін 80-нен аса құрғақ шөптің жану оқиғалары тіркелді. Дегенмен жыл басынан бері қала аумағында табиғи өрт болмаған.
Эльмира Уәлиханқызының айтуынша, осы жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР ӘҚТК-ның 336-бабы (қалдықтарды жинап қою немесе жағу кезінде атмосфералық ауаны қорғау және өрт қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды сақтамау) бойынша айыппұлдың мөлшері арта түскен. Нақтырақ айтқанда, жеке тұлғаларға 20 АЕК-тен басталып, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 АЕК-ке дейін күшейтілген.
Осы орайда ТЖ департаменті табиғи өрттердің туындау қаупін азайту мақсатында қала тұрғындарын өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады:
– Жанып тұрған сіріңке мен темекі тұқылын тастауға жол бермеңіз;
– Орман және дала алқаптарында от жағуға жол бермеңіз;
– Шыны ыдыстарды өзіңізбен бірге алып жүруіңіз керек. Өйткені күн сәулесі әйнектен өтіп, құрғақ шөпті фокустап, өртеп жіберуі мүмкін;
– Жанғыш қоқыстарды шығару және елді мекендер аумағын жинау, құрғақ өсімдіктерден тазарту және минералдандырылған жолақтарды қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды жүргізіңіз.
Еске салсақ, табиғи өрттер туындаған жағдайда дереу өртке қарсы қызметке 101, 112 телефонына хабарласуыңызға болады.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған