ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ БАҚ-ПЕН БАЙЛАНЫСЫ НЫҒАЙҒАН

0
50
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы бойынша соттар әкімшісінің кеңсе меңгерушісі Әкежан Елшібаев пен Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенбидің қатысуымен Шымкент қалалық соты Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің 2021 жылдың 6 айында атқарған жұмыстары бойынша брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Әкежан Ақылбекұлы 2021 жылдың 1 шілдесінен Шымкентте жаңадан құрылған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының жұмысы жайында сөз қозғады.
– Жаңа әкімшілік соттың құрылуы – еліміздегі өте маңызды ірі реформа. Бұл әкімшілік сот судьялардың жұмысын және материалдық техникаларын қамтамасыз етеді. Яғни, мақсаты – қаржыландыру, цифрландыру мен жергілікті аудандық және келісілген соттардың жұмысын ұйымдастыру. Бұл ретте сот жүйесін цифрландыру өз тиімділігін көрсетті. Мәселен пандемияға дейін күніне 10 шақты ғана іс қашықтан жүргізілген болса, ал эпидахуал кезінде бұл көрсеткіш 100 пайызға жуықтады. Қала соттары күнделікті 240-қа жуық сот процесін «WhatsApp», «TrueConf», «Zoom», «Skype» және т.б. мобильді қосымшаларының көмегімен өткізіп отыр, – деді Ә.Елшібаев.
Спикердің сөзінше, Соттар әкімшісі басшысының бастамасымен сотқа дейінгі дауларды шешудің нақты тетіктерін пайдалану мен медиация институтын дамыту мақсатында «Шаңырақ» отбасы институтын қолдау орталығы және Медиация орталықтары басшыларының қатысуымен ынтымақтастық туралы меморандум бекітілген.
Брифинг барысында Қабыл Тұрарұлы қала соттарының қоғам және БАҚ-пен бірлесе атқарған жұмыстарына тоқталды.
– Мемлекет басшысы айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру үшін әр сала өз тұтынушыларымен ашық диалог орнатуы қажет. Бұл критерий – Жоғарғы Сот пен жергілікті соттар жұмысының басым бағытының бірі. Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбеков аталған бағытты негізге алып, өткен 6 айда сот пен қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының қарым-қатынасы жанданды. Яғни, жергілікті соттардың тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылды, – деді Қ.Дүйсенби.
Оның айтуынша, сот қызметкерлері тарапынан БАҚ құралдары арқылы және әлеуметтік желілерде сот қызметіне қатысты өзекті мəселелер қоғамға кеңінен түсіндірілді, ал әлеуметтік желі арқылы түскен сауалдарға жедел жауап беріліп отырды және қоғамның қызығушылығын туғызған істер бойынша баспасөз мәслихаттары өткізілді. Ширатып жеткізсек, жыл басынан бері қалалық соттың «Ақпараттық орталығы» мен аудандық және мамандандырылған соттарда БАҚ өкілдерінің қатысуымен резонанстық қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша және сот жүйесіндегі жаңашылдықтарды жұртшылыққа жеткізу мақсатында 24 брифинг өткен. Оған қоса, баспасөз бетінде 195 мақала жарияланып, теле-радиолардан 150 сұхбат берілген. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 20 пайызға жоғары. Бұл ретте қалалық соттың ресми сайтындағы жаңалықтар легі күнделікті жаңартылып отырады.
Айта кетейік, Шымкент қалалық сотында әлеуметтік желі арқылы соттарға түскен сауалдар мен өтініштерге жауап беру мақсатында 73 судья мен 107 маман өзінің фейсбук аккаунтын ашқан.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған