ШЫМКЕНТ: ЖАНАТ ТӘЖИЕВА ЗАҢСЫЗ СЕРТИФИКАТПЕН ЖАЛАҚЫ АЛҒАН ПЕДАГОГТАР ЖАЙЫНДА ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРДІ

0
40
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиеваның қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Жанат Арысбекқызы қалада заңсыз сертификатпен жұмыс істеп жүрген педагогтар туралы түсініктеме берді.
– Мұғалімдер арнайы санат алу үшін Ұлттық біліктілік тестілеуден өтуі керек. Екінші кезекте құжаттамаларды жинақтау арқылы арнайы комиссияның қарауымен өзіне тиесілі санатқа ие болады. Бұл мәселе бойынша көптеген арыз түскендіктен, категория алған мұғалімдердің хаттамасын ҰБТ орталығына жіберу арқылы зерделеу жұмыстарына сұраныс алынды. Нәтижесінде, 2018-2019 жылдары жалпы 348 педагог жалған куәлікпен жұмыс істеп келгені туралы хаттама алдық, – деді басқарма басшысы.
Спикердің сөзінше, хаттама Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігіне тергеп-тексеруге қарау үшін ұсынылған. Осы орайда мемлекетке қаржылай зиян келтіргені анықталған. Қазіргі таңда заңсыз игерілген қаржының 80 пайызы бюджетке қайтарылған. Бұл іс бойынша бүгінде қалалық Әл-Фараби аудандық сотында тергеу процестері жүргізілуде.
Еске салсақ, Жанат Арысбекқызы қалалық Білім басқармасының басшысы лауазымына өткен жылдың сәуір айында тағайындалған еді. Ол басшылық жұмысқа кіріскен соң, осы келеңсіз жағдай негізінде мәселе көтерген. Яғни, бүгінгі зерделеу жұмыстарына Ж.Тәжиева тікелей мұрындық болып отыр.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған