ШЫМКЕНТ: «НҰРЛЫ ЖЕР» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 2 МЫҢНАН АСА АЗАМАТ ТҰРҒЫН ҮЙМЕН ҚАМТЫЛДЫ

0
39
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысы А.Рысжановтың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Азамат Жақыпбекұлы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Осы жылы 976 азаматты сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделді. Осы ретте 6 айдың қорытындысы бойынша 608 азамат тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде 300 жалдамалы баспана жұмыс істеп жүрген жастарға, 18 пәтер жетім балаларға, 148 пәтер көп балалы отбасыларға және 142 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына берілді. Қалған 368 пәтер тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуына қарай үлестіріледі. Ал «7-20-25» бағдарламасы бойынша 2-деңгейлі банктер арқылы нарықтан 972 азамат несиелендіру шартымен, «5-20-25» бағдарламасымен 581 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді, – деді басқарма басшысы.
Спикердің сөзінше, қазіргі таңда арендалық тұрғын үйлер белгіленген тәртіппен кезек арқылы көп балалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға қарастырылған. Ал бюджеттік ұйым қызметкерлеріне «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясындағы несиелік бағдарламалар ұсынылуда.
Сонымен қатар, биыл мұқтаж жандар үшін қайтарымсыз негізде әр азаматқа 1 миллион теңгеден берілетін тұрғын үй сертификаттары қарастырылып отыр. Бұл мемлекеттік көрсетілетін қызмет электрондық форматқа көшкен. Осы ретте құжаттарды қабылдау осы жылдың 26 шілдесінен бастап «www.kezekte.kz» сайты арқылы жүзеге асырылады.
Айта кетейік, 4 557 азамат мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға алған баспаналарын қалдық құнын төлеу арқылы жекешелендіруге құқылы. Бұл кәмелетке толған отбасы мүшелерінің келісімімен және кәмелетке толмағандардың құқықтарын ескере отырып, жүргізіледі. Сондай-ақ, алдағы уақытта өңірімізде реновациялау бағдарламасы аясында тозығы жеткен және апатты деп танылған баспаналар түбегейлі жаңартылады.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған