ШЫМКЕНТТЕ ЕРІКТІ ТҮРДЕ ЕКПЕ АЛҒАН СТУДЕНТТЕР ЖЕҢІЛДІККЕ ИЕ БОЛЫП ЖАТЫР

0
45

Шымкентте ерікті түрде вакцина салдырған студенттер оқу ақысын төлеуде жеңілдікке ие болып, түрлі қалаларға тегін саяхат жасай алады.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде вакцина салдырған қызметкерлерге демалыс беріледі. Ал екпені түгел алған топтардың тәлімгерлері мен старосталарына 30-50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы беріледі.

Сондай-ақ осы лектегі 50 студент жатақханаға бірінші кезекте орналастырылады. Әрбір жүзінші студент Түркістан мен Нұр-Сұлтан қаласына тегін экскурсия жасайды, ал бес жүзінші студентке сыйлыққа планшет беріледі.

Осындай ынталандырудың нәтижесінде университет қызметкерлерінің 90 пайызы, студенттердің тең жартысы екпе алып үлгерді.

Айта кетейік, қазіргі таңда қалада 45 бекетте вакциналау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде қала әкімдігі жанынан ашылған call-center тәулік бойы жұмыс істеуде. Қаладағы бизнес субьектілері үшін «Ashyq» жобасы іске енгізілді. ASHYQ жобасына қосылған бизнес субьектілері саны – 676. Берілген өтініштер – 1182. Бүгінге дейін 139 «сары», 56 «қызыл» статус анықталған.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған