ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІН ЖЕРЛЕСТЕРІ ЗОР ҚОШЕМЕТПЕН ҚАРСЫ АЛДЫ

0
36

Каратэден XXXII Жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Дархан Асаділов пен Софья Берульцева туған жерге оралды. Шымкент қаласының халықаралық әуежайында жеңімпаз спортшыларды жерлестері зор қошеметпен күтіп алды.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ғаламдық бәсекеде жүлдегер атанған спортшыларды әуежайдан қарсы алып, жерлестерімізді жарқын жеңісімен құттықтады. Төрт жылдықтың басты бәсекесінде ел үмітін ақтағанын, алдағы дүбірлі додаларда одан да жоғары жетістіктерге жетулеріне сәттілік тіледі.
Қала әкімі сайыпқыран спортшыларға демеуші азаматтардың атынан темір тұлпардың кілтін табыс етті.
Айта кетсек, Токио Олимпиадасында Шымкент қаласынан 10 спортшы бақ сынаған болатын. Каратэ спортынан Дархан Асаділов пен Софья Берульцева жартылай финалға дейін жетіп, қола жүлдегер атанды. Бұл ретте 67 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Дархан Асаділов А тобында Түркия, Әзірбайжан, Жапония және Египет құрамасының өкілдерін жеңіп, үшінші орынға ие болды.

Каратэ спорты Олимпиада ойындарына тұңғыш рет енгізілген еді. Дархан – каратэ тарихында Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері.
Сондай-ақ  жерлесіміз Софья Берульцева каратеден Олимпиада ойындарында әйелдер арасында жүлде алған тұңғыш қазақстандық спортшы ретінде ел спортының тарихына енді. Каратеші Олимпиаданың қола жүлдесімен тоқтап қалмайтынын жеткізді.

«Бізге мұнымен тоқтауға болмайды. Алда бізді Азия және әлем чемпионаты күтіп тұр. Біраз демалыстан кейін қалпымызға оралып, жаттығуымызды әрі қарай жалғастырамыз»,- деді ол. 20 жасар жанкешті Софья жүлдесін марқұм ұстазы Жасталап Санауовқа арнады.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған