Wednesday, December 4

БІРЕГЕЙ БАСТАМАҒА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ОРТА ҚОЛДАУЫН БІЛДІРДІ

0
83

Түркістандағы «Farab Library» ғылыми-әмбебап кітапханасында АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелерінің Түркістан облысының мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесуі болып өтті. Өңірдің шығармашылық саласы қызметкерлерімен өткен жиынға штаб мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары Қайрат Балабиев және Ерболат Саурықов, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Инара Намазбаева, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбаева қатысты.

Кітапхананың Мархабат Байғұт атындағы залында еркін форматта өткен жиында Парламент Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев елімізді электр энергиясымен қамту мәселесі өзекті болып келе жатқанын айтты. Бұл алдымызда тұрған өндіріс саласының әлеуетін арттыру жөніндегі міндеттерді іске асыруда, біршама қиындық туғызуы мүмкін екеніне тоқталды. Қазірдің өзінде Ресейден алуға мәжбүр болып отырған энергияның көлемі жыл өткен сайын еселеп артып бара жатқанын түсіндіріп, АЭС салу мәселесі қалыптасқан ахуалда ең тиімді нұсқа болып отырғанын жеткізді. «Энергетика министрлігінің болжамы бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну деңгейі 152,4 млрд кВт/сағатқа жетеді екен. Ал бізде жұмыс істеп тұрған электр станциялары небәрі 135 млрд кВт/сағат энергия өндіреді. Екі ортадағы тапшылықты Ресейден алып жауып отырмыз. Былайша айтқанда солтүстік көршімізге энергетикалық тұрғыда тәуелдіміз», – деді Қ.Балабиев.

Осы мәселе бойынша сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов, Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметтері бойынша, жаңартылатын энергия көздері мен атом энергиясы алдағы үш жылда әлемдік электр қуатын өндіру ісінде көш бастайтынын атап өтті. Әлем атом игілігін жақсы түсініп отырған шақта, біздің де бұл тенденциядан қалыс қалмағанымыз абзал екенін айтты. Бұл мәселеде қоғамда радиофобия бар екенін айта отырып, оны еңсеруіміз керек екеніне тоқталды. «Халық арасында бірінші кезекте Чернобыль және Фукусима сияқты апаттар қайталана ма деген қорқыныш бар. Тереңірек үңіліп көрсек, Чернобыль атом электр станциясы 1977 жылы, ал Фукусима АЭС 1971 жылы салынған екен. Олар қазіргі атом электр станцияларымен салыстырғанда апат қаупі жоғары боп келетін ескі буын реакторлары болған. Осы тұста, Семей полигонына қатысты да радиофобия барын жоққа шығаруға болмайды, бірақ ол бейбіт атомға қатысы жоқ мүлдем басқа әңгіме», – деп түсіндіріп өтті Е.Саурықов.

Бұл мәселе жөнінде пікірлерін білдірген Парламент өкілдері, қазіргі станцияларда ыдыраған өнімдердің сыртқа шығуына жол бермейтін күмбез қолданылатынын атап өтті. Егер реактор ерісе немесе зақымдалса, күмбез радиоактивті заттардың бөлінуіне жол бермейтініне назар аударды. Бір сөзбен айтқанда, радиоактивті заттардың бөліну ықтималдығы нөлге дейін төмендетілген деген ақпар берді.

Мәдениет саласы өкілдерімен кездесуде кәсіпкер Инара Намазбаева, АЭС салу бастамасын өңірдің іскерлік ортасы үлкен үмітпен қабылдап жатқанын айтты. Өндірістік әлеуеттің артуы энергияға тікелей байланысты мәселе екенін айта отырып, өндірістік сала қуатының артуы стратегиялық маңызы бар басыдық екенін жеткізді. Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбаева қазір қоғамда ядролық сала мамандарының тапшылығы туралы біржақты пікір қалыптасқанын жеткізді. Қазақстанның ғылыми ортасында өз ісін білетін нағыз кәсіби мамандар көп екенін айта отырып, ел экономикасына қажетті жаңа буын мамандар даярлау ісінде айтарлықтай қиындықтар болмайтынын түсіндіріп өтті.

Театр өкілдері атынан сөз алған Шәкен Амантұров, елімізге белгілі композитор Бекжігіт Сердәлі өнер саласында қызмет атқарып жатқан азаматтар еліміздің дамуына қызмет ететін бастамаларды әрдайым қолдайтындықтарын жеткізді. Жұртшылығымызға таңсық атом энергетикасының пайдасы мен тиімділігі жөніндегі кең көлемді түсіндіру жүмыстарының қасиетті Түркістан жерінен бастау алып жатқаны құптарлық іс екенін білдіріп, Түркістанның мәртебесі қашан да жарқын істің жаршысы болу екенін айтып өтті. Кітапханашылар атынан сөз алған Динара Берікқызы баянды бастаманы қолдайтынын атап өтсе, жас ақын, «Түркістан» газетінің редакция меңгерушісі Азамат Әлібек жалпыхалықтық науқанға арнаған өлеңін оқып берді.

Осы мазмұндағы жиын Түркістан қаласындағы іргелі жоғары оқу орны Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жалғасты. Халықтық штаб мүшелері университтің оқытушы-профессорлық құрамымен және студент жастармен кездесіп, жалпыхалықтық референдумның азаматтық қоғамды біріктірудегі рөлін, атом энергетикасын дамытуда қазақстандық ғылыми әлеуеттің алар орнын, осы саланың қалыптасуында жаңа буын кәсіби мамандар даярлау ісін қарастырып, талқылады. Ашық мазмұнда, еркін пікір алмасу форматында өткен жүздесуде университет ұжымы мен студенттер АЭС салуды қолдайтындықтарын атап өтті.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Leave a reply