ТҮРКІСТАН: ҒАЛАМТОР САПАСЫН ЖАҚСАРТЫП, ІТ САЛАСЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ

0
57

Түркістан облысы әкімінің апталық мәжілісінде өңірді сапалы ғаламтормен қамту мәселесі талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға ІТ саласын дамыту, жолдардың бойынша интернет байланысын күшейту, ауылдарда байланыс сапасын жақсарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Байланыс операторларының жауапкершілігін көтеру, солармен бірлесе жұмыс істеу, инвестиция тарту мәселелері де сөз болды.
– Цифрландыру – заманауи әрі жастарды қызықтыратын сала. Жаңа идеялар ойлаңыздар. Түркістанды ІТ саласы дамыған орталыққа айналдыруымыз керек. Жуырда Татарстанға барып, сол жақтағы ІТ саласындағы жұмыстармен таныстым. Онда арнайы мектептер ашылып, жұмыс істеп жатыр. Түлектерінің 100 пайызы жұмыспен қамтылып жатыр екен. Осы бағытта келіссөз жүргізіп, халық тығыз орналасқан аудандарда ІТ мамандарын даярлайтын орталықтар, мектептер ашуымыз керек. Жұмысты жандандырыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер
көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабековтың айтуынша, Түркістан облысы аумағында жалпы 2 053 379 тұрғыны бар елді мекендердің 386-сы 3G және 304 ауыл 4G мобильді интернет желісімен қамтылған. Түркістан облысының мобильдік интернет желісімен қамтылу деңгейі халық санына шаққанда 92,2% құрайды және ауылдық елді мекен санымен есептегенде 83% құрайды. 139 АЕМ-нің 100-і 2G мобильді байланыс желісімен қамтылған. Жол картасы аясында халық саны 250-ден жоғары 81 елді мекеннің 50-ін 2024-2025 жылдары интернет желісімен қамту жоспарлануда.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысының бекітілген ауылдық елді мекендерін мобильді интернет желісімен қамту жол картасы негізінде биыл байланыс операторлары (Кселл, Билайн) өз қаражаты есебінен 106 базалық станция орнатуды жоспарлап, қазіргі таңда жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Leave a reply