ШЕБЕРДІҢ ҚОЛЫ ОРТАҚ

0
36

Абайхан Рысбаев: ТУРИЗМ ДАМЫҒАН ЖЕРДЕ ҚОЛӨНЕР ДЕ ДАМИДЫ

Қолөнершінің табиғаты басқалардан бөлек. Қолына құмырасын алып, қаншама сұлулық үлгілерін жасайды. Өнердің осы түрі қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие. Құмыра жасап, оны сәндеп, күйдіріп, кептіреді. Ақын махаббатын өлеңмен, домбырашы күйімен жеткізсе қолөнерші қолына алған қолөнер бұйымы, құмырасымен жеткізеді. Тақырыпты әрі қарай өрбіту үшін түркістандық шебер, қолөнерші Абайхан Рысбаевпен сұхбаттасқан едік.

-Сәлеметсізбе, Абайхан аға! Алғашқы сізге деген сауалым, өнердің осы саласына қалай келдіңіз сол жөнінде атартып айтсаңыз?

— Өнер адамға бала кезден дариды. Бала кезден бәріміз ойыншық жасап ойнаймыз. Қыздар қуыршақ жасайды, ұлдар аттың мүсіні, түрлі көлік жасап ойнайтынбыз. Сол әдіспен ойнап жүріп мен де осы өнерге қадам бастым. Бала күнімнен сым темір қолыма түссе снымен трактор, комбайн жасап, достарыма беретінмін. Әпкеме түйе, сиыр, жылқы жасап беретінмін темірден, ол төрт түлікті алғандай бақытты болатын. Сөйтіп, ойыншықтарды құрастырып, идеямды арттырып жүріп осы қолөнер саласына келдім.

­          -Кім бағыт-бағдар берді? Кімнен дарыды бұл талант?

— Қолөнерші боламын деген кеудемддегі ізгі арман Алматыға оқуға  жетеледі. Менің осы саланы таңдауыма ағам Асан Бижанов түрткі болды. Ол 42 жасында өмірден өтсе де, артынан өшпес із қалдырып кеткен талантты,  Алматыдағы көркем сурет училищесін бітірген кәсіби маман еді. Ағамның салған суреттері қазіргі таңда «Ұлы Дала Елі» музейінде сақтаулы. Өнерім сол кісіден дарыған болар деймін. Бір оқиға есіме түсіп тұр:  бала күнімде ағам үйге келетін, қолында қара блокноты болушы еді. Сол қойын дәптерін  ашып, біздің көзімізше сурет салатын. Мен соған қызығып, «өскенде Асан ағамдай боламын дейтінмін». Ол кісінің әсері  көп болды. Бір жағынан бұл қанмен келген дарын. Әкем де қолөнермен айналысқан. Сонымен қатар, нағашым да өнерлі кісі болған деседі. Нағашым Төрехан қазақ киіз үйінің сүйегін жасаған ұста. Құс өсірген, тазы асыраған, саятшылық өнері де болған. Аң терісінен аяқ-киім жасаған шебер болған екен. Көзіммен көрмедім, бірақ сол кісінің көзін көргендер үнемі айтып отырады.

  ­­-Қайда оқып, білім алдыңыз?

— Алматыдағы көркем-сурет училищесіне 1979 жылы оқуға түстім. Арасында 2 жыл әскерге кеттім. Сосын 1985 жылы бітірдім. Керамика бөлімінде оқыдым. 1986 жылдан бастап, Арқалықтағы керамика зауытында «құмырашы» болып істедім. Ауа- райының қолайсыздығына байланысты көп тұрақтамай  елге қайттым. Түркістандағы қайта жаңғырту шеберханасында («Казрестравация)» суретші болып қызмет жасадым.

 — Өнеріңіз бағаланып, еңбегіңіз еленді ме? Алған марапаттарыңыз жайлы айтып  өтсеңіз?

— Жалпы, шеберлер конкурсында, туризм саласындағы жәрмеңкелерде қызмет көрсеткеніме байланысты алған 6-7 медальім бар. ЮНЕСКО көлеміндегі  «Ең үздік сапа белгісі» деген сертификат алдым. Ол жеңісіме 3 құмырам себепші болды. Америкада Santefe жермеңкесі болады. Жәрмеңке 2 жылда 1 өтеді. Осы сертификатты жеңіп алмасаңыз, жәрмеңкеге кіре алмайсыз. Сертификатты жеңіп алудың 5 түрлі критерий-талаптары  бар. Солардан өту керек. Ұлттық құндылық, бағасы, сыртқы әдемілігімен бағаланады. Жақында «Танымалдық» деген республикалық көркем академиядан медаль алдым. Айтпақшы, Ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтан медаль алғанмын,

-Шәкірттеріңіз бар ма? Өз ұл-қыздарыңыздың қайсысы осы өнерге жақын, болашақта жалғастырамын деген ниеттері бар ма?

— Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесімін. Біздің негізгі міндетіміз- төл өнерімізді дамыту. Жалпы, мен әр қалаға барып тренинг сабақтарымды өткізіп тұрамын. Тренинг 3 күн болады. Сол 3 күнде керамика өнері жайлы түсіндіріп, оның технологиясын үйретіп, қалай құмыра жасау керек, кептіру, күйдіру осындай технологиялық әдістерін үйретемін. Шебер қанша жасағанымен жарылып кетуі мүмкін.Сондықтан саз балшықтың технологиясын меңгеру керек.  Себебі, саз балшық өте қиын материал. Тренинг-дәрістерімде осы жайлы кеңінен айтып, түсіндіремін. Қатысушы шәкірттер риза болып кетеді. Шәкірттерім әр қалада бар десем артық айтқаным емес. Қызылорда, Атырау, Ақтау, Алматы, Шымкент, Түркістанда дәрістер ұйымдастырдым. Қазіргі таңда Түркістан «Көпсалалы қолөнер колледжінде» керамикадан сабақ беремін. Оларды да шәкіртім деп есептеймін. Керамика кәсібі жоғалып бара жатқан қасиетті, дара  кәсіп. Заманға байланысты жаңарып, жұрттың қызығушылығын арттырып жатыр. Кезінде біздің керамика өндірісіміз жоғары дәрежеде болған. Шеберлер көп болса, бізде сол деңгейді бағындырамыз деп сенемін.

          -Түркістандағы Ахмет Ясауи кесенесі,Рәбия Сұлтан Бегім сынды киелі нысандарғда қолтаңбаңызды қалдырып, үлес қосқан екенсіз.

— Иә, Ахмет Ясауи кесенесінің біраз детальдарына қолғабысым тиді. Рәбия сұлтан Бегім кесенесінің салатиттерін жасадым. Негізі өзім көркемдік детальдарды жасаймын. Маңғыстаудағы біраз мешіттердің детальдарын  жасағанмын. Нұрғали деген архитектор әріптесімнің жобасы болды. Макетін жасап салатиттердің гипстен қалпын алып, жұмысшылармен қосылып жұмыс істедім. Сонымен қатар бірнеше қасиетті нысандар құрылысындағы бояулармен (түс) айналыстым. Түс шығару оңай шаруа емес.  Рәбия сұлтан Бегім кесенесінің күмбезіндегі көк түс шығаруға да ықпал етіп, көмектестім. Көк түс етіп шығару үшін де көп еңбектендік. Айша Бибі кесенесінің рестравциясына  де қолқабысым тиген.

   ­-Қазіргі заманда керамика өнері сұраныста ма?

— Иә, сұраныста. Бұл кәсіппен айналысқан адам нанын тауып жей алады. Қатты байып кетеді деп айта алмаймын, десе де өз ісін өрбітуге мүмкіндік зор. Өйткені Түркістан- туризм қаласы болып, дамып келе жатыр. Сувинер, кәдесый  бұйымдар жасап айналысса, жағдайы жаман болмайды.

-Құмыра ыдыстар қалай жасалады?

— Құмыра жасау үшін сурет өнерін меңгеру керек. Сурет сала білген адамның құмыра жасауға мүмкіншілігі жоғары. Сурет салудың да заңдылықтары бар. Сол заңдылықтарды меңгерсе құмыра жасауға болады. Тренинг сабағымды осы жайлы кеңінен айтамын. Құмыраны кептіру процесі де үлкен роль ойнайды. Ол жерде бояуы да бар. Керамика бояуларын меңгеру керек. Оны күйдіре білу керек.  Өз шәкірттеріме айтып келемін:  бірінші, саз балшықты дайындап алуды үйрену керек. Ахмет Ясауи технологиясы жайында зерттеп, ой түйдім. Қарап тұрсаң бүкіл шикізатының радиусы 50-60 км аумағында материалдары дайын тұрған екен. Сауран қаласында карьер бар. Саз балшықты сол жерден алуға болады. Укаш Ата жақта кауленин, ақ глина бар. Соны араластырып отырып, құмыраны саз балшықтан дайындап алу маңызды.

   —  «Түркістанға туристер өнермен емделу үшін,арт-терапия үшін келеді»,депсіз бір сұхбатыңызда. Осы жайлы нақтырақ айтсаңыз?

— Туризм саласы Түркістанда кеңінен дамып жатқандығы белгілі. Түркістанға келген туристер естелікке сыйлық алып кеткілері келеді. Сол салада сувинерлік бұйымдар жасадым. Тайқазан, түйе, сазсырнай сияқты ұлттық өнерімізді көрсететін бұйымдар жасайтынмын. Туризм дамыған жерде — қолөнер де дамиды. Түркістанға қыдырып келген адамдар жергілікті шеберлердің дүниелерін сатып алғысы келетіні белгілі. Расында, жергілікті шеберлердің өз жасаған заттарын алса, келген туристерге де жақсы болар еді. Өйткені, өз еліне Түркістаннан естелік деп алып кетеді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне байланысты бұйымдар жасап, туристерге сатқан дұрыс деп ойлаймын.

-Әңгімеңізге рақмет, шығармашылық табыс тілеймін!

Арайлым Мәден, ХҚТУ-дің  3 курс студенті.

Leave a reply