ТҮРКІСТАНДЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Жол сапасын жақсарту – өңірдегі басты басымдықтардың бірі. 2021–2025 жылдары аралығында 2 276 шақырым жол жөнделіп, жаңартылмақ. Қазіргі таңда республикалық жолдардың 100%-ы, ал жергілікті жолдардың 99,5%-ы нормативке сәйкес келеді. 2024 жылы 1 161 км жол жөнделіп, 560 км жол пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Түркістан–Шымкент–Ташкент бағытында жоғары жылдамдықты теміржол желісі салу жобасы дайындалуда.
Өңірде 9 индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр. 2025 жылға қарай Сауран және Бәйдібек аудандарында жаңа индустриялық аймақтар іске қосылады. Қазіргі уақытта жалпы құны 130 млрд теңгеден асатын жобалар жүзеге асырылуда, нәтижесінде 6 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.
Ауыл шаруашылығы саласында 216 мың гектар жерге заманауи су үнемдеу технологиялары енгізілуде. Сонымен қатар, жылыжайлар, қоймалар, өңдеу цехтары салынып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 710 миллион АҚШ долларына жетті. Түркістан облысында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. 2021–2025 жылдарға арналған өңірлік даму жоспары аясында облыс елді мекендерін газдандыру көрсеткіші айтарлықтай өсіп, халықтың өмір сапасын арттыруға үлкен үлес қосып отыр. 2025 жылдың 1 қаңтарына қарай Түркістан облысында барлығы 807 елді мекеннің 563-і (яғни 69,7 %) табиғи газға қосылған. Бұл — 1 833 455 адам, яғни облыс халқының 85,5 пайызы. 2024 жылы бұл көрсеткіш 81,5 %-ды құраған болатын. Яғни, бір жылдың ішінде газбен қамтылған тұрғындар саны 80 мыңнан астам адамға артты.
Түркістан облысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 300-ден астам жоба іске асырылып жатыр. Ауылдар мен елді мекендердің инфрақұрылымы жақсарып, ауыз су, газ, электр энергиясымен қамту жалғасуда. Бұрын сапалы ауыз су, газ бармаған елді мекендерге осы игіліктер жетіп, елдің өмір сапасы жақсара түсті. Жыл соңына дейін жобалардың 196-сы аяқталады деп жоспарлануда. Қалғаны келесі жылға өтпелі. Биыл газбен қамту бойынша 112 нысан, ауыз су бойынша 122 нысан, электрмен қамту бойынша 58 нысанның құрылысы қолға алынған. Биыл осы салада 196 жоба жүзеге аспақ, қалғаны келесі жылға өтпелі. 2024 жылы ауыз су бойынша 96 нысан аяқталып, жаңадан 30 елді мекен ауыз сумен қамтылады. 37 елді мекен тәулік бойы сумен қамтылса, 24 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Олардың бірқатарында жаңа құрылыс жүргізілсе, біразына кешенді блок-модульдер орнатылуда. Қайта құру, құбыр тарту, ағымдағы жөндеу жұмыстары арқылы да мәселелер шешілуде. Табиғи газ бойынша 54 жоба биыл жүзеге асады. 58-і келесі жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен 47 елді мекен табиғи газбен қамтылмақ. Газбен қамтылған елді мекендер саны 557-ге, халық саны 1,8 миллионнан асады деп күтілуде. Электрмен қамту бойынша 58 нысанның құрылысы жүруде, оның 35-і биыл аяқталады. Жыл нәтижесінде 41 елді мекеннің халқы сапалы электр қуатына қол жеткізеді. «Қызыләскер», «Алатау» қосалқы станцияларының құрылысы аяқталуда. 383,7 шақырым электр желілері тартылып, 104 трансформатор орнатылады. Өңірде кәсіпкерлік нысандарына инженерлік инфрақұрылым тартылуда. Келес ауданында «ECOCULTURE-EURASIA» ЖШС жылыжай кешені, Шардара ауданында жүгері өңдеу зауыты, Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта және Түлкібас ауданындағы «BeibarsBottlers» ЖШС-інде инфрақұрылым құрылыстары жүргізілген. Сонымен бірге газ тарату станцияларының да құрылысы жүруде. Облысты инфрақұрылыммен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасады.