Баспана басты бағыт

0
70

Еліміздегі маңызды мәселелердің бірі – халықты баспанамен қамтамасыз ету. Осы орайда, тұрғын үй құрылысы мәселелерін шешу мақсатында президент тапсырмасымен ұзақ мерзімге жоспарланған және тұрғын үй құрылысына қатысты мәселелерді қамтитын бағдарламалардың қабылданғаны белгілі.

Түркістан халқы солардың ішінде — көппәтерлі үйлер құрылысы мен жеке тұрғын үй құрылысын дамыту аясында халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге арналған «Нұрлы жер», «Отбасы банк» және «7-20-25» бағдарламаларының, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының шарапатын көріп, бүгінде тұрғын үйлерге деген қолжетімділігі артып отырғаны рас. Айта кетейік, Түркістан қаласы, Әкімшілік-іскерлік орталықта 2020 жылдан бастап көпқабатты 89 үйдің, яғни 5649 пәтердің, 360,6 мың ш.м. (ипотекалық пәтерлер 4488, кезектегі 1161 пәтер) құрылысы басталған.

Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Байжанов Алмас мырзаның мәліметтеріне сүйенсек, оның ішінде, 2020 жылы: 336 пәтерлі 7 үй (барлығы ипотекалық пәтерлер) пайдалануға берілсе, 2021 жылы: 1921 пәтерлі 29 үй (ипотекалық пәтерлердің 1427, кезектегі отбасыларға берілетін 494 пәтер) иелеріне пәтер кілті табысталған.

2022 жылға 3 392 пәтерлі 53 тұрғын үйдің (217,8 мың ш.м.) (ипотекамен берілетін пәтерлер 2683, кезектегі отбасыларға берілетін 709 пәтер) құрылысы жүргізілді. Аталған үйлердің 2 706 пәтері кредиттік жүйемен сатылса, 686-ы кезектегі отбасыларға үлестірілген. Сонымен қатар пайдалануға берілген пәтер саны өткен жылдармен салыстырғанда екі есе артқанын да айта кету керек.

Жыл қорытындысымен 3155 пәтерлі 49 үй (202,4 мың ш.м.) (ипотекамен берілетін пәтерлер 2482, кезектегі отбасыларға берілетін 673 пәтер) пайдалануға берілді. Бүгінде 12 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр.

Сонымен қатар, жоғарыда аталған тұрғын үйлердің құрылысы Түркістан қаласы әкімдігінің Тұрғын үй қатынастары бөлімі және тұрғын үй инспекциясы мен облыстық құрылыс басқармасы тарапынан жүргізіліп, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің теңгеріміне алынды. Осы ретте айта кеткен жөн, ауқымды іске жұмылдырылған жергілікті және өзге өңірлерден келген 13 мердігер мекеме тұрғын үйлердің сапасына басты назар аударған. Бұл жөнінде облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралап, мердігерлермен кездескен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс барысын қадағалап, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктей келе «Облыс орталығында салынып жатқан барлық тұрғын үйлер көркем келбетімен ерекшеленген, ең бастысы өте сапалы болуы тиіс. Құрылысқа жауаптылар өз жұмыстарына жанашырлықпен қарау керек. Тапсыру мерзімі белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Құрылыстың сапасына басты назар аударып, көпқабатты тұрғын үйлердің сейсмоқауіпсіздігінің сақталуына қатаң бақылау жүргізіп, құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес аяқталуы тиіс. Талапты орындамағандарға шара қолданылады» деген болатын. Сондай-ақ облыс әкімі қала тұр­ғындарымен кездесуінде Түркістан қала­сының тұрғын үй қорынан 2023 жылы 720 пәтер беру көзделгенін, оның ішінде көпбалалы 500 отбасына пәтер беру жоспарланып отырғанын жеткізді.

Бұл орайда, облыстық құрылыс басқармасы тарапынан салынып жатқан үйлерге тоқталсақ, 2021 жылдан бастап көпқабатты 4298 пәтерлі 68 тұрғын үйдің 264,1 мың ш.м. (барлығы ипотекалық пәтерлер) құрылысы жүргізіліп, соның ішінде 2022 жылға 6 блок 240 пәтер пайдалануға берілді және барлығы ипотекамен сатылды. Ал қалған үйлердің құрылысы аяқталып, ағымдағы жылы халық игілігіне беріледі деп күтілуде.

Жаңадан салынатын үйлер бойынша Әкімшілік-іскерлік орталықта 5 қабатты 800 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысына жоба әзірленді және осы бойынша сараптама қорытындысын алды. Қазіргі таңда құрылысына қаржы бөлініп, мердігерді анықтау мақсатында ашық конкурс жарияланды. Жеңімпаздар анықталған соң құрылысы қыркүйек айында басталады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, 7 қабатты 64 тұрғын үйге жаңадан жоба жасалып, сараптама қорытындысы алынды. Аталған үйлердің құрылысын салып аяқтауға қаржы бөлдіру бойынша бюджеттік өтінім берілді. Осы жылдың маусым айынан бастап қабылдау жүргізіліп, биыл мемлекеттік бюджет есебінен салынған пәтерлер пайдалануға берілсе, салынып жатқан үйлердің басым бөлігі ипотекамен беріледі деп жоспарлануда. Сонымен бірге, құрылыс алаңдарында абаттандыру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр.

Leave a reply