БАСТЫ МӘСЕЛЕ – БАСПАНА ЖАЙЫ

0
95

Түркістан қаласында жергілікті халық саны артып келе жатқаны анық. Осыған орай Мемлекет басшысының Жолдаулары мен жүктеген міндеттерінде айтып өткеніндей, халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар және өңірлердің инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін дамыту – негізгі басымдықтардың бірі болса, тарихи мекенде бұл салада атқарылып жатқан шаруалар аз емес екенін атап өткен жөн.

Соның дәлелі қалаға кіре берістен келісті келбетімен көз сүйсіндірер жаңа қаланың әкімшілік-іскерлік орталығының бой көтеріп келе жатқанын ерекше атап айтуымызға болады. Бүгінгі шығарылымдағы мақаламызда аталған жоба аясында қолға алынған жобаларды мамандардың берген мәліметтеріне сай өз кезегімен оқырман назарына ұсынбақпыз.

Түркістан қаласы облыс орталығы атанған бес жылдың ішінде көптеген қала тұрғындары баспанаға ие болды. Қаламыздың келбеті өзгеріп, аумағы кеңейді. Әсіресе, «Жаңа қала» деп аталатын аумақта биік үйлер бой көтеріп, «көп балалы отбасы» санатына жататын отбасылар үй алу мүмкіндігіне көптеп ие болды.

Осы орайда нақты деректерге жүгінсек, Түркістан қаласы, әкімшілік-іскерлік орталықта 2020 жылдан бастап көпқабатты 89 үйдің, яғни 5649 пәтердің, 360,6 мың шаршы метр құрылысы басталған. Оның ішінде, 2020 жылы: 336 пәтерлі 7 үй, барлығы ипотекалық пәтерлер ретінде пайдалануға берілсе, 2021 жылы: 1921 пәтерлі 29 үй ипотекалық пәтерлердің 1427, кезектегі отбасыларға берілетін 494 пәтер иелері қоныс тойларын тойлаған.

2022 жылға 217,8 мың шаршы метрді құрайтын 3 392 пәтерлі 53 тұрғын үйдің ипотекамен берілетін пәтерлер 2683, кезектегі отбасыларға берілетін 709 пәтер құрылысы жүргізілді. Аталған үйлердің 2 706 пәтері несиелік жүйемен сатылса, 686-сы кезектегі отбасыларға үлестірілген. Сонымен қатар пайдалануға берілген пәтер саны өткен жылдармен салыстырғанда екі есе артқанын да айта кету керек.

Жыл қорытындысымен 202,4 мың шаршы метр 3155 пәтерлі 49 үй ипотекамен берілетін пәтерлер 2482, кезектегі отбасыларға берілетін 673 пәтер пайдалануға берілді. Бүгінде 12 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр.

Қалған 4 үйдің екеуін қабылдау бөлінген қаражатқа қарай тамыз, қыркүйек, қазан айларына жоспарланған. Тағы бір айта кетерлігі, жоғарыда аталған тұрғын үйлердің құрылысы Түркістан қаласы әкімдігінің Тұрғын үй қатынастары бөлімі және тұрғын үй инспекциясы мен облыстық құрылыс басқармасы тарапынан жүргізіліп, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің теңгеріміне алынды.

Бұл жерде тұрғын үй құрылыстары облыстық құрылыс басқармасы тарапынан да жүргізіліп жатқанын айта кету қажет. 2021 жылдан бастап көпқабатты 4298 пәтерлі 68 тұрғын үйдің 264,1 мың ш.м. (барлығы ипотекалық пәтерлер) құрылысы жүргізіліп, соның ішінде 2022 жылға 6 блок 240 пәтер пайдалануға берілді және барлығы ипотекамен сатылды. Ал қалған үйлердің құрылысы аяқталып, ағымдағы жылы халық игілігіне беріледі деп күтілуде.

Жаңадан салынатын үйлер бойынша әкімшілік-іскерлік орталықта 5 қабатты 800 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысына жоба әзірленді және осы бойынша сараптама қорытындысын алды. Қазіргі таңда құрылысына қаржы бөлініп, мердігерді анықтау мақсатында ашық конкурс жарияланды. Жеңімпаздар анықталған соң құрылысы қыркүйек айында басталады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, 7 қабатты 64 тұрғын үйге жаңадан жоба жасалып, сараптама қорытындысы алынды. Аталған үйлердің құрылысын салып аяқтауға қаржы бөлдіру бойынша бюджеттік өтінім берілді.

Қазіргі таңда жыл басынан бері тұрғын үйлердің құрылысы аяқталған жоқ. Бүгінде қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Биыл мемлекеттік бюджет есебінен салынған 4 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі және салынып жатқан үйлердің басым бөлігі ипотекамен беріледі деп жоспарлануда.

Бағдарламаға келсек, 2019-2020 жылдары салынып, 2021-2022 жылдары пайдалануға берілген тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы халыққа үлестірілсе, қазіргі таңда Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде үлестірілетін болады.

 

Leave a reply