Білім саласында қордаланған мәселе көп

0
57

Президент еліміздің демографиялық, көші-қон, технологиялық даму барысын да ескеруді ұсынды. Бұл мәселенің демографиялық және экономикалық қырын бірдей ұштастыра білген жөн. Осы орайда, Үкіметке еңбек нарығын дамыту жоспарын шұғыл әзірлеуді тапсырды. Адам капиталын дамыту ісінде білім саласы негізгі рөл атқарады. Таяуда Білім және ғылым министрлігі екіге бөлінгені белгілі. Бұл қадам қордаланған мәселелерді шешу үшін қажет.

«Үкімет және жаңа министрліктердің басшылары отандық білім және ғылым саласын тың серпінмен дамытуға күш салады деп сенемін. Мен осы жылды Балалар жылы деп жарияладым. Бірақ соңғы жылдары мектеп қабырғасында зорлық-зомбылықтың көбейіп кеткені алаңдатады. Оның үстіне толық жабдықталған мектептердің 65 пайызында (яғни 3 мың мектепте) бейнебақылау жүйесі талапқа сай емес, кейде мүлдем жұмыс істемейді. Жалпы, еліміз бойынша балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы, яғни суицид азайды. Дегенмен Алматы, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында мұндай оқиғалар көбейіп барады. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, суицидтің алдын алуға, әрбір баланың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар қажет.

Тағы бір түйткілге тоқталсам. Жекеменшік балабақшаларда балаларды ұрып-соғу деректері бар. Сонымен қатар жұмыс істемейтін балабақшаларға қаржы бөлу көбейіп кетті. Мұның бәрі олардың қызметі ашық емес екенін, азаматтық жауапкершілігі жоқтығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, қоғам талабына сай емес. 2011 жылы балабақшалардың лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібін тоқтаттық. Мемлекет бұл қадамға амалсыздан барды. Өйткені мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен барынша қамтуымыз керек болды. Бұл ретте жеке сектордың әлеуетін пайдалану маңызды еді. Нәтижесінде 2 және 6 жас аралығындағы балалардың 88 пайыздан астамы балабақшамен қамтылды. Енді қызмет көрсету сапасын арттыратын кез келді. Үкімет осы мәселені мұқият қарастыруы керек. Лицензиялау тәртібін қайта енгізу, ең алдымен, мемлекетке емес, қоғамға қажет шара. Өйткені басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Келесі мәселе – қосымша білім беру. Бұл – өскелең ұрпақтың қарым-қабілетін дамыту үшін қолға алынған бастама. Қосымша спорттық және шығармашылық білім беру ісіне мемлекет тапсырысы бойынша қаржы бөлінетін болды. Бұл қадам үйірмелер мен секцияларға қатысатын балалардың санын 70 пайызға дейін арттырды. Мұны стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім болды деп санаймын. Дегенмен жоба іске қосылған жылы бірқатар олқылықтарға жол берілді. Яғни қаржы мәселесіне және тиісті порталдың («Артспорт») жұмысына қатысты қателіктер болды», деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзіне сүйенсек, қаржыны артық жұмсау, алаяқтық, ашықтан-ашық жымқыру басталған. Ата-аналар балаларын бірден бірнеше үйірмеге берген. Өкінішке қарай, мұндай теріс пиғыл басқа балалардың жолын кесіп отыр. Қ.Тоқаев кемшіліктің бәрін түзетіп, осы игі бастаманы жалғастыру қажет деп мәлімдеді.

«Әкімдіктер және мәслихаттар қосымша білімге бөлінетін бюджет қаражаты жетпей қалуы мүмкін деп алаңдап отыр. Білімге салынған қаражат мемлекет үшін ең басты инвестиция болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Түптеп келгенде, дамудың бірден-бір жолы – білім саласы. Сондықтан бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз. Үкімет пен әкімдер жұртшылықпен бірлесіп, жобаны жетілдіруге тиіс. Оны сапалы әрі тиімді жасау қажет. Нақты ғылымдар мен инженерия саласы бойынша қосымша білім беруге айрықша назар аудару керек. Балаларды дене шынықтыру және академиялық тұрғыдан бірдей дамыту қажет. Ауылдық жерде тұратын балаларға баса мән берген жөн. Барлық аймақтағы балалардың қосымша білім алуына мүмкіндігі болуға тиіс. Құзырлы министрлік пен әкімдіктер жобаның жүзеге асырылуын реттеп, жіті бақылауы қажет. Бұған дейін бөлінген қаржының жұмсалуын тексеру керек. Бұл міндет Бас Прокуратураға жүктеледі. Анықталған кемшіліктерді Үкіметпен бірлесіп жою қажет.

Үкіметтің басты міндетінің бірі – ана мен баланың денсаулығын сақтау. Өкінішке қарай, сәбилердің өлімі көбейді. Ана өлімі де өсуде. Мен перинаталдық қызметтің жай-күйін тексеруге тапсырма бердім. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдануы керек еді. Бірақ барлық жұмыс аудит деңгейінде тоқтап қалды. Қазіргі перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай емес. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдап, осы мәселені шешу қажет», деді Қ.Тоқаев.

Leave a reply