Е.Бұхарбаев: «500 АДАМ ҚАЛАДАҒЫ 875 КӨШЕ, 220 МЫҢ ТҰРҒЫНДЫ ҚАМТУЫ МҮМКІН ЕМЕС»

0
46

Жәдігер шаһар, бүгінде түркі әлемінің орталығына айналып келе жатқан туған қаламызТүркістанның көркеюі, гүлденуі шаһардың абаттануы мен тазалығы қай-қайсымызды болмасын бейжай қалдырмасы анық. Осы ретте, шаһар шаруашылығы, инфрақұрылымының жай-жапсары туралы қалалық Инфрақұрылым және коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Ерсейіт Бұхарбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Ерсейіт мырза, өзіңізге мәлім, ҚР Үкіметінің Тұрғын үй коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасында бес міндет айқындалған. Соның бірі де бірегейі — «халықты сапалы ауыз сумен және су бұру қызметтерімен ұтымды қамтамасыз ету» деп аталды. Осы міндеттің жүзеге асуы бойынша қаламызда қандай жұмыстар атқарылуда және осы бағытта қандай жоспарлар бар?

– Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы бері бірнеше кезеңге бөлініп, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары қолға алынды. Оның ішінде ауыз су – ең өзекті мәселе болып іріктелді. Сол тұстағы облыс басшылығы, қала басшысы ерекше ден қойып күн тәртібінде бірінші кезекке қойды. Бірінші кезекті тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі, одан кейін қаланың микроклиматын жақсарту мақсатында қаланы көгалдандыру, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша бірнеше жиындар өтіп шешімдер қабылданды. Сол шешімдердің негізінде қаланың Бас жоспары бекітілген болатын. Бас жоспарға сәйкес жүйелі жұмыстар атқарылды, әлі де жалғасып келеді. Жалпы, қалада су көзі Кентаудағы «Мырғалымсай» су қоймасынан тартылады, одан бөлек Шобанақта 4 ірі резервуарымыз бар, негізгі су қорымыз осы нысандар. Қалада 2 су қоймасы бар. Ол орталық су қоймасы (Б.Майлин көшесіндегі) және Әкімшілік-іскерлік орталықтағы (жаңа қала аумағы) жаңадан салынған су қоймасы. Қалаға осы екі су қоймасынан су тартылады. Бұл су қоймаларының сыйымдылығы – 72 000 м3 құрайды. Орталық су қоймасының сыйымдылығы 5000 м3-ты құрайды. Бұрыннан бар Орталық су қоймасы облыс орталығы болғаннан кейін күрделі жөндеуден өтіп, сыйымдылығы кеңейтілді. Себебі, қалаға көгілдір отынның келуіне байланысты тұрғындардың жайлы тұрмысқа көшу (жаппай үйлерде душ-ванна орнатуы) себепті суды тұтыну деңгейі де артты. Су тұтынуға сұраныс бұрынғыдан анағұрлым артты. Нақты айтсақ, қалада 41528 абонент болса, оның 41100-і, яғни 98,9 пайызы бүгінде сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Одан бөлек қалада бізде 21 су ұғымалары бар, бірақ біз негізгі су көзі ретінде Кентаудан келетін суды қарастырғанбыз, сондықтан ол су ұңғымалары біздің артық су қорымыз ретінде резервте тұр. Қысқасы, халықты толыққанды сумен қамту мүмкіндігіміз бар. Ауыз су тұрғындарға құбыр арқылы жеткізілетіні мәлім. Жаңа қала аумағында жаңа су жүйесі магистральдары құрылып жатыр. Бірақ, негізгі халықтың шоғыры ескі қалада. Ескі қала аумағында су магистралы сонау 60-70 жылдары жүргізілген темір-шойын құбырлар, олар бүгінде тозған. Тұрғындардың су тұтыну деңгейі көбейген сайын су жүйесінің қысымын да көтеруге мәжбүрміз. Алайда, әлгі ескі құбырлар жоғары қысымға шыдас бермей, әр-әр жерден жарылып жатыр. Осындай жағдайларды ескере отырып бірнеше жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Ол жобалар бойынша кезең-кезеңге бөлініп су жүйесі магистралін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

Қазіргі таңда бізде 4 ірі жоба іске асып жатыр. Бірінші – Яссы-Шауғар мөлтекауданында су құбыры желілерін қайта құру жобасы 2021 жылы басталып жоспар бойынша 2023 жылы аяқталу керек. Жобаны «Азия-Сервис» ЖШС жүргізуде, одан бөлек 1-2 мөлтекауданы және Ремзауыт аумағында ауыз су құбырларын қайта жаңғырту жобасы жүруде. Бұл жобаны «Құрылыс -Тед» ЖШС жүргізуде, бұл да 2021 жылы басталған, жыл соңына дейін аяқталып, толықтай пайдалануға беріледі.Үшінші бағыт Мақтазауыт аумағында ауыз су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстарын «Үш сай» ЖШС жүргізіп жатыр. Ал, төртінші жобамыз «Түркістан қаласындағы жаңа қоныстанған тұрғындарды ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы» деп аталады. Бұл бірінші кезекте, әлбетте су жүйесі тартылмаған жаңа аумақтар, сосын ескі (бұрыннан бар) аумақтарда су тартылмаған көшелерді қамтиды. Бұған дейін қаланың көп бөлігінде ауыз су жүйесі құрылмаған, тұрғындар құдық қаздырып, жерасты суларын пайдаланып келген. Мысалы, Шауғар мөлтекауданындағы Н.Төреқұлов көшесіне осы уақытқа дейін су жүргізілмеген. (Бұрын ол аумақта түрме болған екен, 90-жылдардан кейін үйлер салынып, бірнеше көше түсіп қазір үлкен аумақ саналады). Осы Н.Төреқұлов көшесі аумағы, Отырар тұрғын үй алабында, Оралман, Яссы-Шауғар, Бірлікте (Бірлік аумағы қатты өріс алып, ұлғайып кеткен) қаншама көшелерге ауыз су жүйесі тартылмаған. Жаз айларында ол аумақтарда жерасты (құдық) су көздері тартылып кетіп, тұрғындар судан тапшылық көреді. Осы жағдайлардың барлығын ескеріп аталған жаңа аудандарды (оның ішінде ескі көшелер де бар) су құбырларын тартып жатырмыз. Бұл жобаны «Бақ береке-2030» ЖШС жүргізуде. Қала тұрғындарын ауыз сумен қамту осылай 4 ірі жоба аясында жүріп жатыр. Осы жобалар толық жүзеге асқанда біз тұрғындарды ауыз сумен қамтуды – 99,9 пайызға жеткіземіз деп есептеймін.

 

– Ауыз сумен қатар, қалалықтардың ең бір түйткілді мәселесі сарқынды су жүйесі деп ойлаймыз. Кәріз жүйесімен қаланың тұрғын алаптары қаншалық қамтылған?

– Иә, тұрғын үйлер ауыз сумен қамтылған соң, екінші кезекте туындайтын мәселе сарқынды су яки, кәріз жүйесі. Облыс орталығы болғанға дейін қалада кәріз жүйесімен 27% ғана қамтылған екен. Ол 1-2 мөлтек аудандағы көпқабатты тұрғын үйлер, осы аумақтағы мемлекеттік және әлеуметтік (мектеп, балабақша, емхана т.б.) мекемелер орналасқан нысандар ғана сарқынды су жүйесіне қосылған болатын.

Бүгінде қала бойынша қуаттылығы тәулігіне 20000 м3 сарқынды су тазарту ғимараты бар. Қабылданып жатқан сарқынды су көлемі тәулігіне 4500- 5000 м3, 27 дана КНС, 127 шақырым сарқынды су құбырлары қолданыста. Бүгінгі таңда сарқынды су жүйесіне пайдалану көрсеткіші 27%-дан 32%-ға жетіп отырмыз. Бұл әлбетте өте төмен көрсеткіш. Бұл бағытта да жүйелі және қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кәріз жүйесін жүргізу бойынша да бірнеше жоба қолға алынды. Атап өтер болсақ, 2021 жылы басталып 2023-2024 жылдары аяқталатын жалпы 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Олар: Тұран-2, Отырар-2, Яссы-Ыждыхат, Бекзат, Ортақ-1, Ортақ-2 аумақтары бойынша жүруде. (Жоба құны 24 009,0 млн.тг, нәтижесі: 34 157 абонентті қамтиды). Ортақ аумағы өте кең, көлемді аумақ болғандықтан 3 кезеңге бөлініп атқарылуда. Иә, бұл жобалар 2021 жылы басталып, бірқатары биыл аяқталмақ, басым көпшілігі 2024 жылы аяқталады. Кәріз жүйесі құрылысы көбірек уақыт талап ететін ауқымды жоба болғандықтан қаланың түрлі аумақтарында қолайсыздықтар туындайды, бұрын асфальтталған жолдар бұзылып, шаң-тозаң, қыста лай-батпаққа айналады. Осы сұхбатты пайдаланып қолайсыздықтар үшін тұрғындардан ғафу өтінеміз. Алайда, мұның бәрі халықтың қажеттілігі, ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар болғандықтан тұрғындар түсіністікпен қарайды деп сенемін. 2024 жылы бұйыртса, осы жобаларымыз аяқталған кезде біздің кәріз жүйесімен қамту деңгейіміз 50%-ға жететін болады. Бұлардан кейінгі кезекте «Түркістан-Қызылорда» массивін де сарқынды су жүйесі құрылысы биыл басталады. Яғни, 2 нысанның «Ортақ 3» пен «Баянауыл» аумағының жобалық-сметалық құжаттары әзірленді, бұйыртса биыл құрылысы басталып, 2025 жылы аяқталады. Сол кезде біздің қаланы кәріз жүйесімен қамтуымыз – 95,5 пайызға жетеді.

Кәріз жүйесімен қамту маңызды мәселе. Бірінші кезекте ол қаламыздың экологиялық, санитарлық жағдайының қалыпты болуы, тұрғындардың денсаулығы үшін маңызды. Бүгінде тұрғын үйлердің дені «септикті» пайдаланады. Алайда, олардың көбі талапқа сай емес. (Септик толықтай бетондалып, сыртқа бір тамшы да шықпайтын, толған уақытында сорғы мәшинелерімен сыртқа шығарып тастап отыруы тиіс). Үй ішінен шыққан сарқынды суды бетондалмаған, жай бір шұңқыр іспетті қазып, бетін жауып қойып сонда жіберетін жерлестеріміз де аз емес. Ол лас су жер астына сіңіп, әлгі біздің 21 су ұңғымасына қосылып жатыр. Ауаны ластап жатыр.

 

–Түркістан – туристік қала, сырттан келетін қонақтар көп. Осы ретте қоғамдық орындарды абаттандыру мәселесі бойынша не жұмыс жасалды, қандай түйткілді мәселе бар?

–Түркістан – түркі дүниесінің рухани орталығы, ірі мәдени қала деген мәртебеміз бар. Түркістан қаласын еліміздің ірі туристік орталығына айналдыру мақсаты белгіленген. Осы ретте қалада көптеген жұмыстар атқарылуда. Қаланы жасыл қалаға айналдыру, қала тұрғындарын жайлы тұрмыс деңгейіне жеткізу бойынша бірнеше кезеңдік жұмыстар жүріп жатыр. Оның ішінде абаттандыру мақсатында 32 парк пен аллеялар бар. Жалпы, Түркістан қаласының қазіргі таңдағы көгалдандыру жұмыстары мен күтіп-баптау жұмыстары жалпы 258 нысанда, аумағы 626 га құрайды. Оның ішінде: Саябақтар бойынша – 32 нысан 318 гектарды; скверлер, бульварлар – 32 нысан, 59 гектарды, жасыл аймақтар мен көше бойлары – 47 нысан, 189,4 гектарды құрайды. Ал, жалпы қала көшелерінің бойында орналасқан жасыл желектер мен ағаш көшеттеріне келсек, олардың ұзын саны – 154 көше, яғни 59,4 гектарды құрайды.

Жалпы қала аумағындағы нысандарды күту жұмыстарын 2500 жұмысшы мен 450 техника атқарады. Сонымен қатар, 2022 жылы балалар жылына орай қала көлемінде тұрғындардың өтінішімен 10 жерге спорт алаңшалары мен ойын алаңшаларының құрылысы жүргізіліп, халық игілігіне берілді. Биылғы жылы сол үрдісті жалғастыру мақсатында, 25 жерге спорт алаңшасы мен ойын алаңшасын салуға бюджет есебінен қаражат қарастырып, қазіргі таңда құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қала ішіндегі және көп қабатты үйлер аулаларындағы спорт алаңдары мен ойын алаңдары соңғы үлгідегі техникалық нормаларға сай келетін ойын элементтерімен қамтамасыз етілді.

Жалпы абаттандыру жұмыстары Түркістан қаласының даму бағдарламасына сәйкес, кезең-кезеңімен жүргізілетін болса, 2025 жылдың соңына қарай халық көп шоғырланған аумақтар мен көп қабатты үйлердің алды толығымен абаттандырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасалынады. Қала ішіндегі 22,5 шақырымды құрайтын ирригациялық арықшалар іші қала әкімдігіне қарасты мекемелер тарапынан толықтай тазаланып, қазіргі таңда су қабылдауда. Қала ішіндегі көгалдарға және басқа да қажетті аумақтарға су апару үшін қажеттілігіне қарай «Жасыл Түркістан» мекемесі қызмет атқаруда.Тал-дарақтарды суаруға жаз маусымында су жетіспей қалады. Қала бойынша жасыл алқапты суарудың гидрантты жүйесіне көшірдік. Қала көлемінде гидрантты жүйемен суғару жұмыстары 10 кезеңге бөлінген. Бұл бойынша да жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Бұл суды үнемді пайдалануға мүмкіндік беретін тиімді суару әдісі. Яғни: су буға айналып азаймайды, жол жөнекей жерге сіңіп, соңына жетпей қалмайды, суарылатын нысандарға нақты, шығынсыз жетіп отырады.

 

– Жақсы екен, алайда ағаштардың біздің қаламызды жерсініп, алып кетуі, жалпы нәтижесі бойынша проблема жоқ емес-ау. Осы жөнінде не айтасыз?

– Иә, ондай мәселе де бар. Бізде егіліп жатқан талдар көбіне «Елдар қарағайы», қара ағаш, терек, тұт ағашы, жиде талдары. Осы ағаштар Түркістан топырағын жерсініп, тез алып кетіп жатыр. Жерсінбейтіні көбінше декоротивті ағаштар. Қаланы көріктендіру мақсатында декоротив ағаштар: шыршалар, қайыңдар егілген. Бірақ олардың жерсінуі қиын екен. Бұл бойынша арнайы мамандар: агрономдар, ботаник-ғалымдар жұмыс жасап жатыр. Келісімшарт бойынша мердігер мекеме 3 жылға дейін ағаштарды өсіріп, күтіп-баптауға кепілдік береді. Сол 3 жылдың ішінде қураған ағаштарды қайта егіп, қалпына келтіруге мердігер тарап міндеттенеді. Қураған ағаштардың орнына қайтадан егуге мемлекет қайта қаржы бөлмейді. Шарттағы міндеттемеге сәйкес шығынды өтеп, қалпына келтіреді, орындамаған жағдайда шығындарды сот арқылы мемлекетке қайтарамыз. Ондай жағдайлар да болды. Жалпы, осыған дейін егілген талдардың өнімділігі – 60%. Алдағы уақытта оны 70-75%-ға жеткізсек дейміз.

Жалпы, Түркістан шөл аймақ белдеуіне жатады, көгалдандыру біршама күрделі жұмыс. Ағаштардың жерсінуі, көгалдандыруда нәтижеге жетуі үшін жергілікті жерде тұқымбақтарына мән беріп жатырмыз. Мұнымен «Жасыл аймақ» ЖШС айналысады. Биылғы жыл біз осы «Жасыл аймақтың» және ХҚТУ ботаникалық бағының тұқымбағынан көшеттер алып отырғыздық. Одан бөлек өзіміз жаңа 3 га жерге тұқымбағын құрдық. Әзірге сынама ретінде құрылды, 3 жылдан кейін нәтижесін білеміз. Егер нәтижелі болса, алдағы уақытта осы тұқымбақтың көлемін ұлғайтып, дамытамыз деген жоспар бар.

 

–Түркістан таза қалаға айналды ма? Өткен жылдары «Бірліктегі» қоқыс алаңы туралы БАҚ-та біраз дабыл қағылды. Білуімізше, Түркістан облысы заңсыз қоқыс полигондары көп өңір екенбіз, осы мәселе қалай шешімін тапты?

– Жалпы қала көлемінде санитарлық тазалық жұмыстарымен «Түркістан Жарық-Тазалық» ЖШС және «ШымкентСпецКомплекс » ЖШС айналысады.

Қала көлемінде 875 көше бар. Оның ішінде механикалық жолмен тазаланатын 136 көше, қолмен тазаланатын 787 көше. Орталық маңызы бар 39 көшеге арнайы техникалар бекітіліп, күніне 2-3 реттен тазалық жұмыстары жүргізіліп, көше бойлары жуылып тұрады.

Қала аумағы 6 тұрғын секторға бөлінген, осыған орай әрбір тұрғын секторда жеке кәсіпкерлер қосалқы мердігер ретінде тартылып, қоқыс алу жұмыстарын жүргізуде. Әрбір көшеден алынатын қоқыстарға жұмыс кестесі түзілген. Бұл жөнінде күнделікті атқарылған жұмыстар бойынша 109 бірыңғай байланыс орталығына мәлімет жолдануда. Белгіленген күннен бұрын көше бойына шығарылған қоқыс иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, екінші рет қайталанған жағдайда айыппұлдар салынады.

– Қаланың тазалығымен арнайы мекемелер айналысса да, көңіл көншітпейді, келеңсіз көріністер әсіресе, ескі қаладағы ірі көшелердің бойында да байқалады. Сонда қалай, тек жаңа қаланы ғана тазалай бересіздер ме?

– Жоғарыда айттым тазалықпен Мемлекеттік сатып алу конкурсынан жеңіп алған екі мекеме айналысады. Келісім-шарт негізінде қаладағы көшелерді сыпырып, лотоктың ішіне толған, аяқжолдарда жатқан қоқыстарды тазалайды. Жол бойындағы скверлер мен аллеяларды тазалайды. Олардың міндетіне осы ғана кіреді. Әрбір үйдің қоқысын шығару олардың міндетіне жатпайды.

Тұрғындар екі нәрсені айқын түсінуі керек: 2 түрлі қоқыс бар. Бірі көшедегі, қоғамдық нысандардағы қоқыс, екіншісі – қатты тұрмыстық-қалдық дейміз, тұрғынның үйінен шығатын қоқыс. Үйінен шығатын қоқысты тұрғынның өзі ақша төлеп шығаруы керек. Бірақ, қалада көп адам қоқысқа ақша төлемейді, ондай әдет қалыптаспаған. Әлгі екі мекеме тек көшенің қоқысын тазалауы тиіс, бірақ адамдар қоқыстарын пакеттер мен қапшықтарға салып, жол бойына тізіп қояды. Қалада қоқыс күнде алынатын 1-санатты Тәуке хан, Б.Саттарханов, Қазыбек би, С.Ерубаев, С.Қожанов секілді көшелер бар, 2-санаттағы қоқыс аптасына 2-3 рет алынатын көшелер, 3 санаттағы аптасына 1 рет қоқыс алынатын ішкі көшелер бар. Тұрғындар кестені біледі. Бірақ, соған қарамастан қалаған күні қақпасының сыртына қоқысты үйіп қояды. Лотоктарға қойып кетеді. Пакеттердің аузы-мұрнынан шығарып қатты тұрмыстық қалдық қана емес, тамақ қалдықтарын да қоя салады. Ол тамақ қалдықтарын түнімен ит-құс түрткілеп, шашып, ақтарып кетеді. Өте тұрпайы көрініс. Одан қала берсе, үйінде жөндеу жүрсе құрылыс қалдықтарын шығарады, малдың қиына дейін қапшық-қапшық қып көше бойына шығарады. Көшені тазалайтындар амал жоқ, ол қоқысты алып кетеді. Негізінде 3 көшеге 1 жүк көлігі қарастырылған, алайда 1 жүк көлігі 1 көшенің басында-ақ толып қалады. Бір көліктің орнына 3 немесе 5 көлік жұмсалады. Ал, қалған 6 көліктің шығынын кім төлейді? Ол көліктердің май-суы, шығындары болады, оны да ескеру керек. (Қоқыс шығарудың өзінің нормативі бар: ол жан басына шаққанда 0,5 кубтен аспауы тиіс). Сол себепті бізде былтырдан «БТО-Түркістан» деген мекеме құрылып, жұмыс істеп жатыр. Олардың міндеті тазалық мекемесінің түбіртегін таратады, қоқыс жинау қызметінің қаржысын жинайды. Тұрғындар арасында түсіндіру жүргізіп, түсінбегендерінен сот арқылы өндіріп қаржы жинайды. Көпке топырақ шашқандай болмайын, алайда айтпасқа амалым жоқ: тұрғындарда ішкі мәдениет жетіспейді. Ауланың сыртына қоқысты шығарса сонымен бітті ме? Жеке тұрғын үйде азаматтар қоқысты ауласының ішінде сақтауы керек. Кестеде бекітілген күні ғана шығаруы керек. Сол кезде оны тазалық мекемесі алып кетеді, тазалық болады. Алайда, осыған халықты үйрете алмай жатырмыз. «БТО-Түркістан» мекемесін құру себебіміз де осы. Аталған 2 мекемеде бар-жоғы 500 адам жұмыс істейді, қалада 875 көше, 220 мың тұрғын бар. Оның бәрін қамту мүмкін емес. Сондықтан тұрғындар саналы түрде әуелі өздерін өзі сыйлап, тазалықты әркім өзінен бастаса тазалықшылардың жұмысын жеңілдетсе деген тілегім бар.

 

– Қоқысты азайту үшін қайтпек керек? Қоқыс полигондарының жұмысы, қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс жасау бізде жолға қойылған ба?

– Түркістан қаласы, Шойтөбе елді мекенінде тұрмыстық қалдықтарды тастауға арналған полигон бар. Аумағы 17.85 га құрайды. Жыл сайын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға есебі беріліп отырады. Экологиялық талаптарға сәйкес залалсыздандыру жұмыстары үнемі жасалынып отырады. Аталған полигонға 2019 жылдан 2023 жылға дейін қоршаған ортаны қорғау эмиссиясының рұқсаты алынған (ҚР Энергетика министрлігінің 07.08.2019 жылғы қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу талап етілетін объектілердің 1-санаттағы №KZ26VCZ00427111). ҚР Энергетика министрлігінің шешіміне сәйкес полигонға жылына 30 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық орналастыруға рұқсат берілген. Қоқыс полигоны 2010 жылдан бастап пайдалануға берілген. Полигонның жобалық сыйымдылығы – 1 млн 250 мың тонна. Заңсыз полигондар «Бірлік» секторында, Кентау тасжолы бойында тағы да бірнеше нүктелерде болған, біз оған тиісті шаралар көріп, ретке келтірдік. Арнайы тақтайшалар орнаттық, жергілікті полициямен бірге рейдттік шаралар ұйымдастырып, заңсыз полигондарға қоқыс тастаған көліктерді ұстап, айыппұл салғыздық. Бұл жұмыстар өз нәтижесін беруде. Белгіленбеген орындарға қоқыс тастау фактілері бойынша Түркістан қаласына қарасты 5 аумақ тіркелуде. Қазіргі таңда жергілікті әкімдік тарапынан қайта тазалау, қоқыс әкелген ауыр жүк көліктеріне айыппұл салу шаралары қолдануда. Дегенмен тұрғындар тарапынан түнгі ауысымда қоқыс тастау фактілері тоқтамай тұр. Бұл жөнінде бірнеше рет рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Аталған аумақтарда негізінен жеке меншік жер ретінде мемлекеттік акт алынған.

Қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) сұрыптау бойынша жалғыз «Акимов Ш.Ш.» ЖК мекемесі ғана жұмыс істейді. Олар Полигонда қоқысты сұрыптау жұмыстарын атқарады. Қағазын, пластигін, темірін, шынысын, ағашын бөлек сұрыптап, Шымкенттегі, Темірландағы қайта өңдеу цехтарына жеткізіп, өз пайдаларын айырады. Қоқысты сұрыптау қуаты (тонна/жыл) 3 000 – 3 500 тн. 2022 жылғы есеп бойынша 36 тонна макулатура, 1848 тонна пластик, 480 тонна шыны, 1136 тонна басқада қоқыстар сұрыпталған. Осы бағытта жұмыс істеп тұрған «Акимов Ш.Ш.» ЖК шағын мекеме. Бұл салаға әлеуетті инвестор тартылса, тұрмыс қалдықтарын халықтан тікелей жинайтын, немесе арнайы контейнерге сұрыптап тастап жинап алатын деңгейге жетсек тазалық мәселесі біршама жақсарар еді. Қоқыстың барлығын кәдеге жаратады. Әзірге қалада қоқысты сұрыптап, әжетке жарататын өндіріс орны ашылған жоқ. Әлемдік тәжірибеде бұл өте тиімді бизнес саналады. Біз де түбінде соған келеміз деп ойлаймын.

— Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңыз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан:

Әтіргүл ТӘШІМ,

«Түркістан».

Leave a reply