Жастарға мүмкіндік мол

0
41
Жастар – қоғамның ең белсенді бөлігі. Қазіргі таңда жастарды кәсіпкерлікке тарту өзекті мәселелердің бірі. Жастардың жеке кәсіп ашып, жұмыспен қамтылуы – ел экономикасына қосқан үлесі. 
Нарықтық қоғамда өмір сүрген әрбір адам қолындағы ақшасын тиімді жаратып, бір теңгеден екі теңге жасауға бейімделуі қажет. Бұл – бүгінгі күннің басты талабы.  Әрине, кәсіпкер болғысы келетін жастар жоқ емес. Бірақ, олардың көпшілігі кәсіпті неден және қалай бастарын білмейді. Ал, бизнесті дөңгелетіп әкетуге ниеті бар, бірақ, қолында қаржысы жоқ жас не істеуі керек? Көмекті, кеңесті кімнен сұрағаны жөн? Мемлекет тарапынан кәсіп ашамын деген жастарға шын мәнінде қолдау көрсетіле ме?  Міне, осы сұрақтардың жауабын біз сіздерге ұсынамыз. 
Кәсіп бастағанға қолдау көп
Жалпы, Түркістан облысында  478 471  жас бар. Бұл көрсеткіш  бойынша Түркістан облысы бірінші орында.
2022 жылдың 1 шілдедегі көрсеткішіне сәйкес, өңірімізде 29 жасқа дейінгі жастардың арасында 24 466 кәсіпкер тіркелген. Оның ішінде 23 144-і жеке кәсіпкер  болса, 1 322-і заңды тұлға ретінде жұмысын атқаруда. Жалпы, жастар облыс тұрғындарының  15,4 пайызын құрайды.
Қазіргі таңда 2021 – 2025 жылдарға арналған «Бастау-бизнес» кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жұмыссыз азаматтарға арналған кәсіп ашу мақсатында 1,2 миллион теңге
(400 АЕК) көлемінде қайтарымсыз гранттар беріледі. Жаңа бизнес идеяларды қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы–2025» бағдарламасы аясында 2-ден 5 миллион теңгеге дейінгі қайтарымсыз гранттар және кәсіп ашу немесе бар кәсібін дамыту мақсатында жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Агронесие корпорациясы, «Ырыс» микроқаржылық ұйымынан да төмен пайызбен жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, биыл «ZHAS PROJECT» республикалық жобасы іске қосылған. Бұл – жастар корпусын дамытудың пилоттық жобасы. Жобаның мақсаты – жастарға кәсіп ашу, шағын және моноқалаларда жұмыспен қамту, әлеуметтік осал жастарға қызмет көрсету арқылы жас кәсіпкерлер кооперативтерін құру. Аталған жоба осы жылдың маусым-қараша айлары аралығында өтеді. Түркістан облысына 63 жоба, яғни кәсібін ашу 63 қатысушыға 1 миллион теңгеге дейінгі шағын гранттар беріледі.
– «ZHAS PROJECT» жобасы Түркістан облысында 2017 жылы жүзеге асқан. Араға 4 жыл салып қайта іске қосылды. Бұған 29 жасқа дейінгі жастар өз кәсіптерін ашу мақсатында қатысады. Қазіргі таңда 63 қатысушы грантты алып, өз заттарын алып бастап жатыр. Жобаға қатысушыларға екі күн арнайы маркетинг, бизнесті қалай бастау керек тақырыбында трениг өткіздік, – дейді Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ Жастарға қызмет көрсету және NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Дінислам Бимаханбев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекетіміздің басты міндетінің бірі екендігіне тоқталды.  Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жылдық өсімі 2,5 пайыздық шағын несие беріледі. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы 1 қыркүйектегі Жолдауында осылай деп айтты.
Бұл ­– кәсіп ашамын деген жастарға мемлекет тарапынан беріліп отырған үлкен мүмкіндік.
«Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыздық шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұндай мүмкіндіктерді жас буын қалт жібермеуі керек. Мемлекет басшысы жалпы жастар саясатына, жұмыссыздық мәселеліне аса ден қойып отыр. Бұған дейін де жастаға әртүрлі жұмыс беру мүмкіндіктері ұсынылса, бұл жолғы қолдаудың жөні тіптен бөлек болғалы тұр.
Ашса – қаражат жоқ, қаражат болса – идея аз
«Жас кезде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дегенді ұстанатын  қазіргі жастар  жұмыс болса, істеуден бас тартып жүрген жоқ.  Бірақ, сол бизнесті неден, қалай бастауды білмей жүргендер бар.  Мұндайда олардың   Кәсіпкерлер палатасына жүгінгені жөн. Ол жерде бизнестегі перспективалық бағыттар, мемлекеттік қолдау құралдары туралы кеңес алып қана қоймай, кәсіп ашу үшін қандай қадамдар жасау керектігін үйретеді. Палатаның әрбір облыста филиалдары бар. Сонымен қатар, Түркістан қаласында жастарды қолдау мақсатында Жастар орталығы жұмыс атқарады.
Мемлекет тарапынан  қолдау болғанымен, кейде жастардың өзі құлықсыздық танытып жатады. Кейде керісінше, жоқтан бар жасап, алға қарай ұмтылып жатады. Бірі мал бордақыласа, бірі дүкен ашып, енді бірі шағын цех құрып, маңдай терімен табысқа кенеліп жүр. Бастысы, болашақта жастарымыз жұмысшыдан жеке кәсіпкер, өзгеге жұмыс беруші тұлға ретінде қалыптассын деп тілейік.

Leave a reply