Инфляция үдеп барады

0
49

Мемлекет басшысы еліміздің күрделі геосаяси сын-қатерлерге қарамастан, бірқалыпты дамып келе жатқанын атап өтті. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша экономика 3,4 пайызға, ал, нақты сектор 4,1 пайызға өскен. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі саласында айтарлықтай ілгерілеу бар.

«Дегенмен инфляция да бір орында тұрған жоқ» деді Қ.Тоқаев өзінің сөзінде. – Қазір бұл көрсеткіш 14,5 пайызға жетіп, 2015 жылғы деңгейден асып түсті. Бірінші жартыжылдықта экономикамыз қалпына келді. Бірақ, халықаралық институттар Қазақстанның ішкі жалпы өнімі биыл 2 пайызға ғана өседі деп болжап отыр. Бұған дейін олар өсім 3,7 пайыз болатынын айтқан еді. Сондықтан Үкімет ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге тиіс. Ең бастысы, азаматтардың нақты табысын арттыру қажет.

Жалпы, еліміздің экономикасы сын-қатерлерге төтеп беріп жатыр деуге болады. Қазір халықаралық институттар әлемдік экономика қарқыны бәсеңдейді деген болжам айтуда. Соған сәйкес инфляция жаппай өсуі мүмкін. Өңірлік дағдарыстың ұзаққа созылып бара жатқанын байқап отырмыз. Тіпті, бұл ахуал жаһандық тоқырауға ұшыратады деген қауіп бар. Осындай жағдайда Үкіметтің және Ұлттық Банктің негізгі міндеті – инфляцияны тұрақтандырып, азаматтардың табысын арттыру болуға тиіс. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет.

Енді нақты міндеттерге тоқталайын. Бірінші – инфляцияны тұрақтандыру. Қазір инфляцияның шарықтап кетуі ең күрделі мәселе болып отыр. Бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер етті. Оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Жалпы, азық-түлік бірден 80 пайызға қымбаттады. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шықты. Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал, шын мәнінде, керісінше болуы керек».

Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметтің бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойғанын атап өтті. Яғни әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралауға көшкен. Бағаның өсуімен күрестің басқа тәсілдерін қарастыру, жаңа идея енгізу жоқ екеніне тоқталды.

«Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ. Екі жылдан астам уақыт бұрын көтерме сауда орталығы желісі бар Ұлттық тауар тарату жүйесін іске қосу туралы тапсырма берген едім. Үкімет оның орындалуын ұзаққа созып жіберді. Жоспарлар мен мәлімдемелер қағаз жүзінде қалды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі схемасы бойынша ірі кәсіпкерлермен бірге көтерме сауда орталықтарын салу жобалары іске асырылмады. Үкіметке осы салада атқарылған жұмысты қазан айында баяндауды тапсырамын. Мүдделі инвесторларды тартыңыздар.

Келесі, қазіргі таңда өнімді экспорттауға тыйым салу туралы шешім тауар теңгерімін есепке алмай қабылданады. Бұл не тапшылыққа, не қажетті тауарлар өндірісінің тартымдылығының төмендеуіне әкеледі. Осының салдарынан мұндай шаралардың тиімділігі күрт азаяды. Үкімет Негізгі тауарлар теңгерімін қалыптастыру ережесін бекітуге тиіс. Ең бастысы, мониторингтің бірыңғай ақпараттық жүйесін әзірлеуі керек. Бұл шешім қабылдау барысында өнім теңгерімі жөнінде сенімді деректерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Тұрақтандыру қорлары қызметінің тиімділігі төмен. Олардың нарыққа әсері аз. Кейде олар теріс пиғылды адамдардың қалтасын қампайтады. Мұның шешімін табу керек. Бюджетті ұрлау фактілері жиі анықталады. Әкімдер мемлекет қаржысының жұмсалуына бақылауды жоғалтқан. Үкімет «айналым схемасының» көлемін 100 миллиард теңгеге дейін арттыруды ұсынып отыр. Сұрағым бар: күтілетін әсер есептелді ме? Сауда желілеріне емес, тікелей өндірушілерге несие беру қисындырақ болар еді. Қазір Үкіметтен әрекет күтпеймін. Тиімділік тұрғысынан түпкілікті шешім туралы ойлану керек» деді Мемлекет басшысы.

Leave a reply