Воскресенье, 6 октября

КЕНТАУ: ҚАЛА ӘКІМІ ЖАНДОС ТАСОВ ШАРУАҚОЖАЛЫҚТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

0
7

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов тұрғындармен кездесуін жалғастырды. Жұмыс сапары барысында алдымен ауылдан Қаратау қорығына қарай 2,7 шақырым жерге жүргізілген жаңа бағаналарды бақылады. «Оңтүстік Жарық» ЖШС тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады. Инвест жобасы аясында бұдан бөлек 5 шақырымнан аса жердің бағаналары жаңартылады. Сондай-ақ жаңа екі трансформатор орналастырылмақ.
Аралау барысында қала әкімі «ЖК Жанегизов» малшаруақожалығына барды. Онда кәсіп иесі жылқы бордақылаумен айналысады. Өткен жылы мемлекеттен несие алып, 12 бас жылқы алған. Бүгінде жылқының саны 50-ге көбейіп отыр. Өз кәсібін одан әрі дамытып, жұмыс күшін көбейткісі келетін кәсіпкер қаладан етті тікелей сатуға арналған орын салуға қолдау көрсетуді сұрады. Осы тұста тарихқа үңілсек, жылқыны ең алғаш қолға үйреткен де қазақ екені мақтаныш. Ағылшын ғалымдары қазақ жеріндегі тайпалар ең алғаш, осыдан 6-7 мың жыл бұрын жылқыны қолға үйреткенін айтқан еді.
Осылай қазақты айдай әлемге паш еткен жылқы туралы не білеміз? Осы түлікке деген көзқарасымыз қандай? Жеті қазынамыздың біріне баланған жануардың тарихына көз жүгіртіп, ерекше қасиеттеріне үңіліп, жылқы шаруашылығының болашағына барлау жасағанды жөн санадық.
Өзгелерден ертерек атқа қонған бабаларымыздың жылқы туралы танымы да басқа халықтардан жоғары болуы заңдылық. Мысалы, жолаушылап келе жатып, құлынның кісінеуінен: «Мынау баяғы жоғалған айғырымның көзі ғой» деп таныған бабаларымыздың көрегенділігі аңызға айналған.
Ең ғажабы, XVIII-XIX ғасырдың өзінде орыс зерттеушісі А.Вилькинс «қазақ жылқысы арқылы біз, орыстар, жылқыға қол жеткіздік» дегенді айтқан. Ең қызығы, орыс зерттеушілері А.С. Красников пен О.С. Турбачев «лошадь» деген сөздің «Алаш» және «ат» сөздерінің бірігуінен туындаған деген қорытындыға келген. Олардың пайымдауынша, көшпенді Алаш тайпалары (шамамен 800-900 жыл бұрын) орыс князьдіктерімен саудаласқан. Орыс кінәздері «Алаштан ат» алдық деп, бұл жануарды «алаш ат», яғни өз тілдеріне бейімдеп «лошадь» деп атап кеткен.
Ежелден бері қазақ жылқылары, қолданылу мақсатына орай негізінен, арғымақ, қазанат, қарабайыр, жабы деп бөлген. Қазақ жылқылары рулық, жерлік сипатына қарай – Адай, Шекті, Найман, Алтай, Жетісу, Іле, Сауран жылқылары деп те жіктеліп жатады. Әрине, бұл қазақы жылқылардың аймақтық түрлері.
Ауызша таралған әңгіме, қағазға түскен деректерге сүйенсек, «арғымақ» деп тек асылтұқымды, таза қанды жылқыларды атаған. Таза қанды жылқы деп қазақ жерінде көбіне түрікменнің ақалтеке мен текежәуміт тұқымдарын атаған, кейбір деректерде және ауызша әңгімелерде араб жылқысы да таза қанды жылқыға жатқызылған.
Орыс зерттеушісі Н.Бахметьев (1870) қазақ жылқысының аптап ыстық пен қақаған аязға төзімділігі, ұзақ жүріске мойымайтыны, жемшөпсіз ұзаққа шыдайтынын жазған. Жорға аттардың жайлы жүрісін, алыс жолға мінуге ыңғайлы қасиеттерін жоғары бағалаған.
Орта Азия мен қазақ даласын көп зерттеген А.Вилькинстің «Заметки о лошадях Туркестана» (1885) атты еңбегі нақты фактілермен құнды. Ол қарабайыр ат жөнінде «арғымақ айғырды қазақ биесімен шағылыстырады, бірінші туғаны арғымақтан айнымайды. Үшінші туғаны бүкіл Орта Азияда құрметтейтін қарабайырды береді…» деген пікір айтқан. Осы еңбекте «Әулиеата қазақтары ұзындығы 100 верстік (80 км) бәйге ұйымдастырып отырған» деген дерек келтіреді. Зерттеуші жергілікті халықтың аттың қандай жүрісін ұнататынына да назар аударған. Алыс жолға ең жақсы жүріс «ход» дей отырып, бұл жүріс Еуропада кездеспейді деп ой түйіндейді (бұл «жорға аяң» болар).
А.Вилькинс өзінің «Лучшие породы киргизских лошадей – Аргымак» атты мақаласында таза қанды жылқыларды басқа жылқы тұқымдарымен араластырмай, тек қоршаған табиғи ортаға бейімдеп, төзімділік пен шыдамдылыққа баулып, алыс қашықтыққа шабуға үйреткенін жазады. Абылай ханның қалмақтармен соғыс кезінде әр түтінге арғымақтан бір бие, бір айғырдан салық салғанын, осы жылқы үйірін «Ханның інжу-маржаны» (Жемчужина ханства) деп атағаны жайлы дерек келтіреді. Осы мақалада таза қанды арғымақтар мен түрікмен жылқыларының бәйге жарысы баяндалады. Жарыстан соң қазақ арғымақтарының қызып алып, ауыздықпен алысып, «көзінен от ұшқындағаны» суреттеледі.
Орыс зерттеушісі Я.Я. Полферов «Қазақтың ең жақсы жылқы тұқымы – арғымақ» деген мақаласында да арғымақ аттың сұлу сымбаты мен жүйрік қасиетін дәріптейді. В.Железнов «Казак Василий Струняшевтің басынан кешкендері» мақаласында арғымақтың ұзаққа шабатынын, шапқан сайын жылдамдығын үдетіп отыратын қасиеттеріне тоқталып, қуғыншылардан қашқанда 200 верст (160 км) қашықтықты шауып өткенін жазған.
В Фирсов (1895) зерттеулерінде «Қазанат – қазақы биелерге асылтұқымнан шыққан айғырларды салудан шыққан будан» деген дерек жазып, «қазақ биесінің тұқымында тұрақтылық бар, олар басқа тұқымдармен будандастырғанда, тек солардың жақсы қасиеттерін алады» деген тұжырым жасаған. Махамбеттің «Арғымақтан туған қазанат» деп келетін өлең жолдарындағы қазанаттың айғыры арғымақ екендігі анық көрінеді. Қобыланды батыр жырында: «Мінуге керек қазанат, Беліңе керек шарболат» деген сөздер қазанаттың ертеде қалыптасқан тұқым екеніне бұлтартпас дәлел.
Сонымен, «Қазанат» деген ұғым асылтұқымды айғырларды жергілікті тұқымның кең құрсақты таңдаулы мама биелерімен будандастырудан алған жылқыны меңзеп тұр. «Қазанат» сөзі – жеңімпаз, мықты жауынгердің жылқысы деген ұғымды білдіреді «Сәдібек Түгел) деген пікірге дендесек, қазанат ұғымы аттың мықтысын дәріптейтінін байқаймыз.
«Қарабайыр» тұқымының будан жылқы екені анық болғанымен, шығу төркіні туралы деректер әр алуан. Я.Я. Полферов «Лучшие породы киргизской лошади – карабайыр» деген мақаласында қарабайыр арғымақ тұқымдарынан алған сұңғақ бойлы әдемі жылқы екенін /121бет/ айта келіп, түрікмен жылқысы мен жергілікті биелерден туған будан /128 бет/ деген анықтама береді. Жалпы, арғымақтан түскен будан немесе қазанаттан алынған будан деген ақпараттар жиі кездеседі. Қалай десе де қарабайыр тұқымының аламан бәйгеге шабатын қарымы мықты жылқы екені шүбә келтірмейді.
Қазақтың Қарабайыр жылқысын қазіргі Өзбекстан мемлекетінде дербес тұқым ретінде танылған «Қарабайыр» тұқымымен шатастырмаған абзал. Менің пайымдауымша, XVIII ғасырдан бері жазба тарихқа енген деректер мен ауызша жеткен әңгіме сарынын салыстырсам, қарабайыр деген атау арғымақтан алынған буданды қолтума мал ретінде қарабайыр немесе кәдімгі қарапайым өзіміздің үйреншікті жылқымыз деген мағынада қолданған іспетті. «Қарабайыр қазанат, қара жолда қалдырмас» деген жыр жолдары осыған куә.
Жабы деп көбіне қазақ жылқысының жыл бойына жайылымда бағылып, қалың қар, көк мұзда тебіндеп шығатын шаруашылық бағытта өсірген түрін атайды. Қазақ жылқысы дегеніміз, – денесі шымыр, тез ет алғыш, оңайлықпен арымайтын, ыстық-суыққа, аштыққа төзімді мал екені даусыз.
Абай айтқандай, «қар тепкенге қажымас қайран жылқы» деген осылар. Қазақ жылқысы мезетінде қажетті коректі бойына жинай алатын, қолайсыз кезеңдерде жинақталған қордың қуатымен қоңын түсірмейтін қасиеті бабалар жүргізген селекциялық жұмыстардың жасампаз жетістігі.
Ен дала төсінде еркін өсіп-өнген қазақ жылқысы, шынымен, табиғаттың төлтума тұқымы. Сұрыптау жұмыстарына орай олардың бірнеше тұқымдық түрлері бар. Ең көп таралғаны – «жабы» жылқысы. Бұл жылқының негізгі қасиеті жемшөп талғамайды, ауа райының қай мезгіліне болса да көнбіс. Пайдалану мақсаттарына орай етті-сүтті бағыттағы жылқы, салт жүріске бейімделген аяңшыл, алыс сапарларға шығуға арналған жүрдек жылқы деп жіктеуге болады.
Жабы – түркі халықтарында көбіне «жүк көтергіш» деген мағынаны білдіретінін ескерсек, шаруаға мығым мал екені түсінікті.
2004 жылдан басталған Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институты мен Кембридж университетінің ғалымдары бірлесіп жүргізген зерттеулері бойынша академик И.Н. Нечаев «…жер жүзіндегі жылқылардың ішінде қазақ жылқыларында ғана алғашқы жабайы жылқы тұқымының бірінші гені бары анықталған» деп жазады. И.Н. Нечаевтің пікірінше, «…осы ген тарпаңдардан қалған. Ертеде қазақтар жабайы тарпаңдарға бие қосып, тұқым алған. Соның жұрнақтары біздің жылқыларда кездеседі» деп ойын түйіндейді.
Байырғы қазақ жылқыны жыл бойына жайылымда баққан. Ерте көктемнен тау етегіне ілініп, жаз жайлау жайлап, күз күзекке тұрақтап, қыс мезгілінде ықтасыны көп, өрісі күнгей бетте орналасқан жайылымдарда ұстаған. Жылқы жейтін шөптерді екі түрге бөлген: ақ от және қара от. Ақ от дегеніміз, – қара топырақты жердің селеулі шөптері, қара от дегеніміз, – сары топырақты жердің жусанды, изенді шөптер.
Халық жырларында «жылқыны мыңнан өсірген, Арқаның тарлау бозы» деген жыр жолдары кездеседі. Осындағы «тарлау» – шын мәнінде, ерекше шөп, жылқының жан азығы. Халық оны тіпті дәріптеп «атқұтыртқан» деп те атайды. Тарлаудан соң жылқының сүйсініп жейтін азығы – бетеге. Сондықтан да бабалардан «бетегелі белге бітем, найза ұстаған ерге бітем» деген де сөз қалған.
Жылқының азығын жан-жақты зерттеген ғалымдар: «Жылқы ажырықты – жыл бойы, шиді – қыстан көктемге дейін, изенді – жыл бойы, ебелекті – күзде және қыста, тас бұйырғынды – күзде және қыста, көкпекті – күзден көктемге дейін, майқараны – күзде және қыста, бетеге, боз ақселеуді жыл бойы жейді» деген тұжырым жасаған.
Көшпенді бабаларымыз жылқының арқасында Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын жалғады. Жалпы, жылқы күш көлігі ретінде ғана емес, қазаққа дәмді әрі сіңімді етімен, шөліңді қандыратын шипалық емі бар сусындық сүтімен қадірлі. Сондықтан да, қазақ тұрмысында жылқы сән-салтанаттың, сұлулықтың символы ретінде әспеттеліп, байлықтың өлшемі ретінде қарастырылған.
Ежелде сән-салтанат үшін бай-дәулетті қазақтар түркімен және араб жылқыларын мінген. Мүсіні сымбатты, жүрісі әсем осы жылқыларды жерсіндіріп, оларды сұрыптау барысында арғымақ тұқымдарының қалыптасқаны жоғарыда жазылды. Оларды іріктеп өз жылқыларымен будандастырған. Осындай селекциялық жұмыстың нәтижесінде кең байтақ дала төсінде табиғи сұрыптаудың тезінен өткен әртүрлі бағыттағы қазақ жылқысы дамыған.
Жүйрік аттар, көбіне, арғымақтар мен будан жылқылардың ішінен шыққан. Осы будан жылқылардан мініске шыдамды, жүріске де ыңғайлы жылқылар іріктеген. Қарабайыр деп аталып жүрген жылқылар осыған саяды.
Жылқыны жанындай көрген қазақ қауымында асылтұқымды жылқылардың, бәйге аттардың, жорғалардың тұқымдары ерекше құрметтелген. Олардың шығу тегі шежіре сияқты атадан балаға айтылып, ауызба-ауыз беріліп отырған. Сонымен бірге, қазақ халқында «сәйгүлік», «тұлпар» деген ұғымдар қалыптасқан. Менің пайымдауымша, жүйрік жылқыларды әспеттеп тұлпар, сәйгүлік деп атаған. Көбіне, жоралғы ретінде қадірлі қонағына мінгізілген әсем аттарды «сәйгүлік» деп дәріптеген.
Тұлпар деген атау, негізінен, бітімі бөлек, ұзаққа шабатын жүйрік әрі мықты аттарды сипаттаған. Тұлпар атауы, көбіне, батырлармен қатар аталады. Ауыз әдебиетте жылқының мықты жүйріктерінен іріктеп тұлпар өсірген, осы тұлпарларды батырлар мінген. Ұлан-ғайыр даланы мекендеген бабаларымыз ел тыныштығы мен жер тұтастығын қорғау үшін алыс жолға талмайтын, қиындыққа мойымайтын, жаратылысы ерекше жылқы қажет болатыны заңдылық.
Мысалы, Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Ер Төстіктің Шалқұйрығы, Қамбар батырдың Қара қасқасы, Қабанбайдың Қубасы. Әдебиетте жырланған тұлпарлардың сипаты да керемет. Мысалы, «шырақтай жанған томағакөз», «салпы ерін», «шықшыты оралып жатқан түбектей», «от орнындай тұяқты» деген теңеулер шын жүйрікке тән нышандар.
Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі дәуірде қазақ жылқысының арғымақ, қазанат және қарабайыр тұқымдары ұзақ шабысқа шыдамдылығымен бабаларымыздың рухын өсірді. Әзірге, қолда бар деректер бойынша таза қанды аталған түрікмен, араб жылқылары осы тұқымдардың қалыптасуына және дамуына тікелей ықпал еткені күмән келтірмейді. Адам қолымен аялап өсірген мәдени сұрыптаудың нәтижесі болғандықтан, түркімен аттары нәзік, кірпияз болып келеді.
Осындайда, бабаларымыздың баптап өсірген арғымақтары мен қазанаттары діттеген жеріне жеткізіп, мерейіңді өсіріп, ел құрметіне бөленгені мақтаныш.
Жылқыға деген бабаларымыздың ерекше құрметіне және қазақ балаларының атқа деген құштарлығына үңілсем, соның астарында жылқы малына тән ерекше қасиеттер жатыр ма деп пайымдаймын. Жылқының басты қасиеті сол – туған жері мен жүрген жерін ешқашан ұмытпайды. Жылқы өте сезімтал мал, сезім түйсігі жақсы жетілгенін ғылым дәлелдеген. Жалпы, көру, есту, иіс сезу, дәм тату қасиеттері де жақсы дамыған жануар. Тазалыққа жаны құштар, мінезі кірпияз. Судың тазасын ішіп, шөптің құнарлысын ғана жейді. Діңкесі құрып, шөлдеп тұрса да лай су ішпейді. Тіпті ағын судың өзін кешіп жүріп, тұнығын таңдап ішеді.
Жылқының көзі айналасын 360 (кейбір деректерде 340) градусқа түгелдей бақылай алады әрі күндіз-түні бірдей көреді. Жылқы басын бұрмай-ақ, артында тұрған барлық нәрсені байқай алады. Сезімтал болғандықтан түнде айналасын жұлдызға қарап барлап жүретін қабілетке ие.
Жылқының өзге малдардан өзгешелігі, бұғана сүйектері жоқ. Бұл жылқыға жүк көтеруге, бәйгеде көсіле шабуға мүмкіндік береді. Күретамырлары жуан болғандықтан қаны айналысқа тез түседі.
Жылқының бір ерекшелігі аузымен дем ала алмайды, егер мұрны жабық болса, олар тұншығып қалады. Жылқы түрегеп тұрып ұйықтай береді. Қазақы пайымда, жақсы аттар, әсіресе жүйрік аттар «аз оттап, көп жусайды» деген пікір бар. Ат жарататын бапкерлер түрегеп тұрып жусаған жылқының күш қуаты бүкіл денесіне тарап, тұлғасының шымыр, тұтас болып қалыптасуына ықпал етеді және аз оттап, көп жусаған жылқы өзін-өзі жаратады деген көзқарасты ұстанады. Жусау дегеніміз жылқының тоғын басып, тыныстап демалуы екенін ескерсек, шынымен, жүйрік аттар өздерін іштей жаратып, денесін жеңіл ұстайтын кінәмшіл болады.
Мал ішінде аязға төзімдісі де жылқы. Далада жайылымда аязда жүрген жылқылар арт жағын (құйрығын) желге тосып, жайыла береді. Суыққа шыдамайтын осал жері – қара сирағы (тізесінен төмен).
Жылқы топпен өмір сүретін жануар. Үйірге салған «айғыр» өз үйірін басқарып, оны қорғай алады, ал мықты айғырлар үйірін қайырып ұстайды. Жылқы малы түйсігі жетілген текті мал болғандықтан, айғыр өз баласына шаппайды. Егер үйіріне бөтен буаз бие қосылса, оны қуалап жүріп іш тастатады. Ал құлындаса, онда құлынды шайнап өлтіріп тастайды. Бұл жауыздық емес, тек қан тазалығын сақтау түйсігі, иелігіндегі үйірдің өзінің ұрығынан көбеюіне жауапкершілік. Үйірін шүйгін өріс пен судың тұнығына жетелеп, аязда, жаңбырлы күнде ықтасын жерге айдап қайыратын айғырдың түйсігіне қайран қаласың. Кейде үйірді мама биелер де бастайды, дегенмен үйірді қайыратын тек айғыр. Кереметі сол, айғырда құлынның туылған сәттегі кісінеген үнін ұмытпайтын және өз баласын жазбай танитын қасиет бар.
Жылқының есті мал екеніне тәнті боласың. Мысалы, екі айғырдың үйірі жайылымда бір жерге тоқайласып қалса, айғырлар біріне-бірі жақындап келіп, тастаған тезектерін иіскеу арқылы қайсысының мықты екенін анықтайды. Осалдау айғыр үйірін алып, басқа өріске кетеді. Міне, түйсікті малдың сезімталдығы.
Әлбетте, шөптің шүйгінін жеп, судың тұнығын ішкен жылқының сүті де, еті де дәмді әрі шипалы. Ғалымдар жылқы етінің көптеген (17 түрлі) ауруға ем болатынын дәлелдеген. Мәселен, жылқының жүрегін жеу ми қызметін жақсартады. Мидағы жасушаларды жаңартып, адамның есте сақтау қабілетін арттырады. Сонымен қатар оның еті жүрек-қан тамыры ауруларына, бүйрек жұмысын жақсартуға, буын сүйектерінің сырқырамауына өте пайдалы. Жылқы етінің ерекшелігі суықта қатпайтыны әрі ет жеген адамның денесін қыздыратын қасиеті. Үлкен кісілер, мысалы менің әжем «сәбиінде жылқының етін жеп, сүтін ішкен адам көкірек ауруына шалдықпайды» деп айтып отыратын.
Жылқы малы жарақат алса да, жаздың аптап ыстығында құрттамайды, осындай қасиет жануарлар ішінде жылқыға ғана тән. Жылқы денесіндегі еттің ерекшелігі болар, ашық жараға шыбын қонбайды.
Жылқының сүті де жанға дәру. Байырғы қазақ жаңа сауылған биенің сүтін жас балаға жылыдай ішкізген. Дімкəс балалардың денсаулығы осы жылқы сүтінің арқасында дұрысталып кеткен. Тіпті кейбір деректерде, жүкті əйелдің бетінде пайда болған қара дақтарға биенің жаңа сауылған сүтінің көбігін жақса, еш дақ қалмайтыны айтылады.
Қымыз дайындау барысындағы микробиологиялық үрдіс кезінде сүттің құрамы адам ағзасына пайдалы коректік заттармен қанығып, дәмі кіріп, қымыздың құрамындағы элементтер тез сіңімді болады. Әсіресе, қымыз қан құрамындағы гемоглобинді, эритроциттерді көбейтетін дəрумендерге бай. Бұрынғы аналарымыздың денсаулығы мықты, дəрі-дəрмексіз дүниеге қаншама ұрпақты əкелулері осы қымыздың пайдасы мен қуаты болар. Бертінге дейін қымыздың дәмін келтіріп, емдік әсерін күшейте түсу үшін оған кепкен сүр қазы, қойдың құйрығы, бал, мейіз, қалампыр, күшала, көк қылша, құйма күміс (жамбы) қосқан. Үзбей қымыз ішкенде экземаның жазылатыны ғылыми дәлелденген.
Қызығы, жылқының тезегі де пайдалы. Мамандардың айтуынша, асма ауруына шалдыққан адамды, жылқы тезегін иіскету арқылы жазуға да болады екен. Байырғы қазақтар үсіген баланың аяғын жылқының тезегіне орап жазған екен.
Жылқы өсірудегі қазақ халқының тамаша өнегесінің бірі балаларды ерте жастан атқа мінуге үйрету. Әрине, ат үстінде бала тез есейіп, ержетеді. «Атқа мінгеннің арқасы қозады» демекші, атқа мінген баланың көңілі марқайып, арманына қанат бітіп, шабыттанып кететіні өз алдына, ең бастысы, әкесіне қолғанат екенін ерте түйсінеді. Адам ат көңілін тапса, ат адамның тақымына жақса, екеуінің арасында жақсы қарым-қатынас орнайтыны белгілі жайт. Дегенмен атқа бейілі ауған адам жаман ойдан да құтылады және адамның бар ықылас-пейілі атқа ауып, бойындағы кейбір жаман қылықтардан арылуына ықпал етеді. Міне, ертеден атқа мінген ата-бабаларымыз жылқы малының пайдасын көп білгендігінің тағы бір дәлелі. Аталмыш түлікті өз пайдасына жаратып отқандардың қатарын «ЖК Жанегизов» мал шаруақожалығы да көбейтуде. Бастысы жегенге азық, мінгенге көлік бола алатын жылқы жануары өз даламызда кіндік қаны тамған азаматтардың пайдасына жарауда.
Сонымен қатар, қала әкімі кәсібін дамытып, жұмыс көзін көбейтемін дейтін кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдан келгенше қолдау болатынын атап өтті.
Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында бірқатар мәселелер көтерілді. Ағын су, ауылды газға қосу, Жылу орталығының қысқы маусымға дайындық барысы секілді сауалдар жолданды. Қала басшысы барлық ұсыныс-өтініштерін тыңдап, заң шеңберінде жауап берді. Біршама жұмыстың жүзеге асырылуы қаржының бөлінуіне байланысты іске асырылатынын түсіндірді. Ауыл тұрғындары қажетті сауалдарына көңілге қонымды жауаптарын алып, әлі де бірқатар істер жүзеге асатынына сенім білдірді. Ауыл қариялары елдің амандығы мен тыныштығын тілеп ақбаталарын берді.

Leave a reply