КИЕЛІ ШАҺАРДЫҢ АЖАРЫН АШҚАН ҚОС САЯБАҚ

0
48

Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 5 жыл толды. 2018 жылы еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлының жарлығымен қайта түлеп, түрлене кеткен киелі мекенде таңдай қағып, таңырқай қарайтын дүниелердің күн санап артып келе жатқанын ешкім жоққа шығара алмас. Аз ғана уақыт ішінде адам танымастай өзгеріп, бір көргендер қайта көруге асығатын, келмегендер келудің түрлі амалын іздейтін әсем қала, арман қалаға айналғалы қашан?! Бұлай деуімізге ағымдағы жылдың соңғы бес айының өзінде 500 мыңға жуық туристің рухани астанаға табан тіреуі дәлел болмай немене? Ал, бұл үрдістің дәстүрге айналып, көргендер де арманда, көрмегенде арманда болуына жасыл желектердің, саялы саябақтардың, әдемі скверлер мен түрлі аллеялардың арта түсуі де өзіндік сеп болғанына күмән жоқ. Осындай демалыс орындарының ішінде қазақ ұлтының қос алыбына арналған қос аллеяның ойып тұрып алар орны бары сөзсіз. Төрелігі түркі жұртының темірқазығына айналған Төле би, қазылығы қазақ елінің қазынасына баланған Қазыбек биге киелі мекеннен саябақ ашылмауы әбестік болар еді. Олай болса, шаһар тұрғындарының серуен құрар сүйікті жерлеріне айналған әсем тынығу орындары жайлы ақтара жазсақ.

Жалпы аумағы 7 гектарды алып жатқан Төле би саябағы қарт қаланың ең маңызды территорияларының бірінде орын тепкен. 5 гектар жері көгалдандырылған жасыл желекті аймақта 2000 түп тал егілген. Дәлірек айтар болсақ, 1 260 дана терек талы, 200 дана айлант, 340 дана қарағаш, 100 дана шынар мен 100 дана үйеңкі ағашы аталған демалыс орнының ажарын ашып қана қоймай, ауасының тазара түсуіне әсер етіп тұр. Ұңғыма арқылы суарылу жүйесі жасалған бұл маңда 1000 дана гүл шоқтары егілген. Сарқырап аққан салқын фонтандары жаздың аптап ыстығында таптырмас сая. Сонымен қатар, балалар үшін ойын алаңшалары да орын тауып, жанға жайлы демалыс үшін бар жағдай жасалған деуге толықтай негіз бар. «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС мердігерлік еткен саябаққа Төле би бабамыздың есімі берілгені орынды. Себебі, бұл тынығу орнының өзі де Төле би көшесінде орналасқан.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында киелі шаһардың қақ төрінде қаз дауысты Қазыбек биге ескерткіш ашылған еді. Монументтің ашылуына ұлтымыздың батыр ұлы Тоқтар Әубәкіров арнайы ат басын бұрып, түркі жұртының рухани астанасында дәл осындай ескерткіштің болуы заңдылық екеніне тоқталған еді. Ол өз сөзінде: «Ұлы бабамыз, бүкіл қазақтың басын қосып, бар қазақ бір қазақ болсын деп армандап еді. Ұлы бидің жатқан жерінде ескерткіштің ашылуы сол арманның орындалғаны деп санайық»-деп ағынан жарылған болатын Халық қаһарманы. Иа, Тоқтар ағамыздың сөзінің жаны бар. Ұлтымыздың ұлылығының үлгісіне айналған Қазыбек бидің сан тарихтың сақталған сырлы сандығындай киелі Түркістанда ұлықталуы дау тудырмас мәселе. Ендігі кезекте осы ескерткіш орын тепкен аллея жайында айта кетейік.

Аллея 2020 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің тапсырысына сәйкес, «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС-нің мердігерлігімен құрылысы жүрген. Жалпы аумағы 0,20 гектарды құрайды. Бұл жерде 200 м2 аяқжол, 20 дана жарықшам, 20 дана орындық және 20 дана қоқыс жәшігі орналастырылған. 600 м2 жер көгалдандырылып, сонымен қатар, балалар ойын алаңшасы, футбол алаңшасы және street workout-пен жабдықталған. Аллеяға кіреберісте орналасқан әсем аркалары да аталған тынығу орнының ажарын аша түскен. Қазіргі таңда «Жасыл Түркістан» КММ тарапынан күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде.

Қайта түлеген қарт Түркістанда бүгінгі күні саябақтар саны 32-ге жетіпті. Бұл саялы орындардың жалпы аумағы 318 гектарды құрайды. Сонымен қатар, 32 скверлер мен бульварлар да рухани астанамыздың ажарын ашып тұрғанына көрер көз куә. Аталған жерлермен қоса, көше бойында орналасқан жасыл желектерді күтіп ұстау үшін 2500 жұмысшы мен 450 техника жұмылдырылған. Кешенді жұмыстар биылғы жылы да жалғасын тауып, 249 мың дана түрлі интродукцияланған ағаш көшеттерін егу жоспарланыпты. Жоспарға сәйкес, қала аумағындағы Яссы секторындағы гидрант жүйелері толық жүргізіліп аяқталған, суғару жүйелерімен қамтылған көшелерге ағаш көшеттері егілу қажет болатын. Гидранттық жүйелер жүргізу құрылыс жұмыстары аяқталмай қалу себебінен жалпы көлемі ағымдағы жылдың ақпан айының 20-сынан бастап, 83 мың ағаш көшеттері егілген.

Иә, қос биге арналып ашылған қос бірдей жасыл желекті демалыс орынын айттық. Алайда, оқырманның ой түкпірінде бір сауалдың сақталып тұрғаны сөзсіз. Күллі қазаққа билік айтқан абыздар қатарында әділдігі талай аңызға арқау болған Әйтеке биге арналған саябақтың немесе сквердің болмауы қалай? Ұлтымыз үшін бұл үшеуінің еңбегін бөліп-жарып қарауға болмаса керек. Сондықтан, алдағы уақытта үш жүздің үнін патшаға жеткізіп, қарға тамырлы қазақтың қасиетті тұлғаларына айналған үш алыптың да аттары бірдей ұлықталарына сенім білдіреміз.

 

Leave a reply

Ақпарат қорғалған