КИЕЛІ ШАҺАРДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ БОЙЫНША ДАМУ БАРЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

0
53

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай қала әкімі тұрғындармен ай сайын кездесулер өткізіп, атқарылған жұмыстары жөнінде есеп беруін жалғастыруда. Бұл жолы Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков алты секторды екі күнде аралап шықты. Шаһар басшысы алдымен тұрғындарды жеке мәселесімен қабылдап, тиісті бөлімдерге тапсырмалар белгілеп берді. Жалпы жүздесуде азаматтар толғандырған мәселелерін жолдап, бірқатар өтініштерін айтты.

Отырарлықтардың сауалы 130-ға жақындады

Кезекті кездесулерін Отырар секторынан бастады. Жер саласы бойынша келген тұрғын мәселесінің орындалу уақыты бекітіліп, әлеуметтік көмек сұраған азаматқа демеушілер ұйымдастыру жоспары қойылды.

Жалпы, соңғы кездесуде отырарлықтардың сауалдары бойынша 127 мәселе орындалу кестесіне қойылды. Оның 92-сі орындалып, 32 тапсырма бюджеттік бекітілімге жолданды. 58 тапсырма аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Орындалған тапсырмалардың көрсеткішіне сәйкес, Үштөбе, Мәдениет, Б.Жолымбек көшелеріне тас төселді. Османов, Абақ батыр көшелері орташа жөндеуден өтіп, Қазыбек би, Б.Саттарханов көшелерінде инфрақұрылым жүйесі оның ішінде ауыз су, жарық жүйесі тартылуда. Сонымен қатар, Мәдениет және Т. Баялиев көшелеріндегі трансформаторлар ауыстырылуда.

 

Саурандықтардың сан түрлі сауалы ретімен шешілуде

Түркістандағы Сауран тұрғын үй алабының тұрғындарымен кездесудегі алғы сөзінде қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жалаң баяндама жасағаннан гөрі елді толғандырған мәселелер бойынша жауап беруге дайын екендігін жеткізді. Бұған дейінгі кездесулерде айтылған мәселелердің дені жол, кәріз жүйесі және қоғамдық көліктерді жаңғырту жайына келіп тірелді.

— Біз алдымен мынаған келісіп алайық. Бұған дейінгі кездесулерде айтылған жайлардың көпшілігі бюджетке қатыстылары біраз уақыт алады. Себебі, олар бойынша сметалық –жобалық құжаттары жасалады. Оны жүзеге асыруға қаржы бөлінеді. Бұл үдеріс кемі бір жылға дейін созылуы да мүмкін. Қысқа мерзімде барлық мәселені шешу мүмкін емес. Қазіргі таңда қаланың басым бағыты бойынша үш мәселені алға тартып отырмыз. Біріншісі –жол мәселесі. Кәріз жүйелері өткен жолдарды қалпына келтіріп береміз. Ал, кәріз жүйелері өткізілмегендерінің күте тұруларына тура келеді.

Қазіргі таңда қала аумағының 32 пайызы ғана кәріз жүйелерімен қамтамасыз етілген. Республикалық бюджеттен қаржыландырылуға тиісті алты жоба басталды, олар келесі жылға өтпелі. Төрт жобаның сметалық – жобалық құжаттары жасалып, республикалық бюджетке ұсынылды. Тағы да алты жобаның сметалық-жобалық құжаттары жасалуда. Нәтижесінде, 2025 жылдың соңына дейін 85-90 пайызға дейінгі мөлшері орындалады. Сол кәріз жүйесі жүргізіліп өткен жолды асфальттаймыз,-дейді Нұрбол Әбдісаттарұлы.

Шаһар басшысының айтуынша, шешімін таппай отырған күрделі мәселе қоғамдық көліктермен қамту жайы. Қала тұрғындарының саны күн санап арта түсуде. Жаңадан бағдарлар ашылуда. Бүгінгі таңда киелі қалада жаңартуға тиісті қоғамдық көлік саны 220-ға жетіп отыр. Бұған дейін олардың 85-і жаңаланса, тағы да 75-іне тапсырыс беріліп, олар таяу арада жеткізілетін болады. Нәтижесі көктемде көрінеді. Алдағы жылдары тағы да қосымша елуден астам автобус жаңаланса, бұл проблемаға қалалықтардың басы ауырмайтын болады.

— Тағы бір өзекті мәселе. Түркістандағы білім ордаларының ғимараттарының тозығы жеткен. Олардың жалпы саны — 61 болса, 32-сі мемлекеттік оқу орындары. Олардың жиырмасының тозығы жеткен. Осыларды күрделі жөндеуден өткізу қажет болып отыр. Қалған су, газ келмей қалды деген ұсақ-түйек мәселелерді ретімен дер кезінде шешіп отырамыз,-дейді қала басшысы.

 

Қалдықтарды уақытында шығару да қала көркіне сын

Шаһар басшысы алты сектордың тұрғындарымен кездесуде бұған дейін түскен сауалдар мен «1305» жедел қызмет көрсету орталығына келген арыз-шағымдардың барлығына тиянақты жауап беріп, кейбірін кезең-кезеңімен орындауға уәде берді.

— Өздеріңізбен ақылдаса отырып шешетін бір мәселеміз қоқыстар мен қалдықтарды шығару жайы. Қазіргі таңда қалада 500-дей ғана адам 200 мыңға жуық қала тұрғындарының күл-қоқыстары мен тұрмыстық қалдықтарын дер кезінде шығарып, тазалықты қалпына келтіруде. Қоқыстарды, тұрмыстық қалдықтарды уақытында кесте бойынша шығаруға әдеттенейік. Сол арқылы біз тазалықшыларға көмек бере аламыз. Кездесулерде жиі айтылып жүрген жайдың бірі қаңғыбас иттер мен мысықтардың көбейіп кетуі. Бұл қоқыстар мен қалдықтарды шығаратын да, ит пен мысықтарға иелік етпей, қаңғытып қоя беретін де өзіміз. Олардың барлығына бір ғана малдәрігерлік қызметтің күші жете бермейді. Сондықтан бұл жан-жануарларға да өзіміз ел болып, қамқорлық көзімен қарайық. Тұрмыстық қалдықтарды кесте бойынша шығаруға үйренейік, — деген әкім көпшіліктің сұрақтарына ден қойды.

 

Шағымдар шенеуніктердің шалағайлығынан шығуда

Алты сектордағы кездесулер барысында қойылған сұрақтардың дені жолдар, қоғам-дық көліктердің жетіспеушілігі, аялдамалардың салынбауы, жарықтың уақытында берілмеуі секілді тез арада шешімін табуға тиіс мәселелерге келіп тіреледі.

 

— Мен Сауран мөлтек ауданы Балақаев көшесіндегі 53 үйдің, 10-шы пәтер тұрғыны Ақмарал Байғазиевамын. Сіз өзіңіз де білесіз алтыншы айға кетіп бара жатыр. Балақаев көшесі тұрғындарының өздері заңсыз салып алған құрылыс жүйесі туралы. Осы құрылысты бұзу жөніндегі өтінішімізді өзіңіз қабыл алдыңыз. Алайда, өзіңіздің қол астыңыздағы мамандардың осы жұмысты орындамағаны үшін қарнымыз ашып келіп тұрмыз.

— Біріншіден, осында отырған халықты адастырмаңыз. Онда он екі үйден тұратын тоғыз пәтер бар. Ауызбіршілікпен жасалған нәрсе бітеді. Елдің ауызбіршілігін бұзбаңыздар. Жапсарлас нысан болса, облысқа сотқа берсеңіздер күтіңіздер.

Мен сол кезде сіздерге айтқанмын. Тағы да қайталап айтамын. Бәрі де бір Алланың қолында дейді. Бәрімізге Құдай ұзақ ғұмыр берсін. Сыймай жүрген жоқпыз ғой. Сыйыса алмай жүрміз. Қазіргі бөлініп жатқан қаржыға өздеріңіз жасатып алсаңыздаршы. Бұл сұрақ елдің алдына шығаратындай сұрақ емес. Ары қарайғысын заң аясында шешейік.

 

-Менің аты-жөнім Райса Құттыбаева. Бізге №7-ші автобус келмейді. Күннің астында күтуден шаршаймыз. Сенбі, жексенді күндері мүлдем болмайды. Ойын алаңы жоқ. Осыған көмектессеңіз.

— №7 бағдардағы автобустың жайын бір апта көлемінде шешуге болады. Ойын алаңшасын алдағы жылдарға жоспарлайық.

 

— Мен Есілбаевпын. Жанкелдин көшесінде асфальт, кәріз, ойын алаңшасы жоқ.

— Ол көшеде асфальт жұмысы басталған болатын. Неліктен тоқтатылғанын анықтау үшін, осы жиналыстан кейін Жол бөлімінің басшысы, ЖКХ басшысы сізбен бірге барып көрсін. Сосын шешім шығарамыз.

 

-№2 мөлтек ауданының тұрғынымын. Екінші үйдің артынан қосалқы үй салынған. Егер де мұқтаж жан болса, иесі беруге келісіп отыр. 16 метрлік жазғы үй секілді. Жарығы, дәретханасы жоқ. Соны әкімшіліктің қарауына өткізіп, мұқтаж жанға берсек.

-Округ әкімі сәулетшімен бірге барып көріңіздер. Сосын ақылдасып шешейік.

 

-№2 мөлтек ауданы 12-ші үйінің тұрғынымын. Өткен жолы сіз келіп кеткеннен кейін де ештеңе шешілген жоқ. Футбол алаңында жарық жоқ. №1,2,3 және №17 екіқабатты үйлердің шатырынан су ағады. Сейілбек мырзаға рахмет. Жертөледен шығып жатқан суды құрғатып, тазалап кетті. Біздің айтарымыз осы футбол алаңын жөндеп, жарықтандырып, үйіміздің шатырын су ақпайтындай етіп жөндеп берсе деген ойдамыз. Үйге жапсарласа салынған құрылысты бұзбаса, балаларды машина қағып кетуі мүмкін. Өйткені, жүргізушіге балалар осы жапсарлас құрылыстың артынан көрінбейді. Осыны заңсыз болса, бұзу керек шығар.

-Сауран тұрғын үй алабының басшысы бұл үйлерге 2014-2015 жылдары күрделі жөндеу жүргізілген деп отыр. Келесі аптада шатырынан су кететін үйлердің жағдайымен танысамыз. Сәулет бөлімінің басшысы сектор басшысымен ақылдасып, заңсыз жапсарлас құрылысты полициямен бірге барып көріңіздер. Заң аясында қараңыздар. Ал, футбол алаңын жөндеуден өткіземіз.

 

-Дүйсенбаев көшесі мен Теріскей көшесіне №8-ші автобус келмейді. Елуге жуық адам әкімдікке арыз жазып бардық. Екі апта болды, жауап жоқ. Көшемізде аяқ жол, балалардың ойын алаңшасы жоқ.

— №8 –ші автобус жайын ақылдасайық. Аяқжолды салып береміз. Балалардың ойын алаңының құрылысын келесі жылы жүргізе аламыз.

 

— Естай Қырғызбаевпын. Мұқан Төлебаев көшесінде тұрамын. Бізде машиналар өте көп, жай жүрмейді. Балаларға қауіпті. Соған байланысты елде машинаның жай жүруі үшін «лежащий полиция» деген кедергіні орнатуға бола ма? Аллеямыздағы жарықшамдардың екеуі жанса. Біреуі жанбайды. Осыған назар аударсаңыз.

— Жаңағы жолға кедергілер орнату бойынша полиция бастығы өзіңізбен бірге барып көрсін. Соған орай шешім қабылдайды. Заңдылығын анықтайды. Мүмкіндігі болса жасатамыз. Аллеяның жасалғанына рахмет айтып жатырсыздар. Сол аллеяны күтіп ұстауға өздеріңіз де белсене араласыңыздар. Сектор басшысы сол маңайға бір қоғамдық қызметкерді бекітіңіз. Қалған тұрғындар соған көмектесіңіздер. Жаңа ғана алдындағы екі сектордағы кездесулерде де осы жайлар айтылды. Бір жыл бұрын салынған футбол алаңдары, ойын алаңшалары, аллеяларға қарайтын адам жоқ. Соның салдарынан тозып кетті деген пікірлер айтылып жатты. Ол сіздерге керек дүние. Біз жасап бердік. Өздеріңіз іштеріңізден қоғамдық негізде бір адамды қарауыл етіп қойыңыздар. Қажет болса, біз айлық та төлейік. Ол дүниелерді өздеріңіз көздеріңіздің қарашығындай сақтаңыздар.

 

-Тәңірбергенова Гүлмира. Зейнеткермін. Көп балалы анамын. Басқа қалаларға барсақ, қоғамдық көлікте тегін жүреміз. Бізде ақылы. Одан кейін «Белсенді қоғам» орталығына балдаққа сүйеніп келгенмін. Онда екі аппарат бар. Бірі –зейнеткерлерге, екіншісі –мүгедектерге беріледі. Біреуі бұзылса, бәріміз таласып қаламыз. Сондықтан осы орталықта аппаратты көбейтсеңіздер деп ойлаймын. Депутаттарға айтсақ ауызбен ғана орындайды. Іспен бітіретін адам керек.

— Орталықтағы аппарат жөнінде мамандармен ақылдасып көрейік. Ал, қоғамдық көліктерде тегін жүру мәселесі соңғы уақытта көтеріліп жатыр. Ол шынын айтқанда қуантатын жағдай. Алдымен қоғамдық көліктерімізді ретке келтіріп алайық. Қырқына шыдадыңыздар. Қырық біріне де шыдаңыздар. Бұл мәселені де жөнге қоямыз.

 

-Мен Гүлнара Илясовамын. №50 үйдің тұрғынымын. 2004-2005 жылдары бұл үй ипотекалық несиемен мұғалімдер мен дәрігерлерге берілген болатын. Ол кездері Қазақстанның жағдайы қиындау болатын. Қазіргі күнде шатырлары тозып бітті. Желмен ұшқан кезде пәтер иелері әупіріммен жасадық. Үйлерге жөндеу жұмыстары жасалған кезде, біздің үйіміз қалып кетті. Не себептен екенін білмейміз. Ағаштары да, қасбеті де әбден тозды.

Екінші мәселе. Үйіміздің айналасында толған сырахана, бильярд залдары. Түнімен ұйқы жоқ. Айғай-шу. Қасымызда «Қасиет» деген дүкен бар еді. Атын өзгертіп «Медине» деп қойды. Соған бірнеше рет тәртіп сақшыларын шақырғанбыз. Олар келіп уақытша шуды басып кеткенімен артынша тағы басқалары шулайды. Өзіңіз кешке қарай жаман киім киіп келіп, осындай нысандарды аралап көріңізші. Көп нәрсеге куә боласыз.

— Сіз осы шатырдың жайы және тәртіп сақшыларының жұмысы туралы мәселелер-ді қағазға түсіріп, жазбаша түрде менің атыма және Полиция басқармасы басшысы-ның атына, СЭСБ басшысының атына арыз жазып тапсырыңыздар. Дұрыстап қолға алайық. Керек болса, үйдің тұрғындарына түгел қол қойдырыңыздар. Кафелердегі жағдайларды да жасырмаңыздар.

 

-Азиада Бұхарбаева. Мен Жауғашты базарының түбіндегі №23 үйде тұрамын. Жауғашты базарының аяқжолын бұзып бір кәсіпкер ауласын кеңейткен. Бұл жол арқылы балалар өтеді. Соларға қиын болып тұр. Соны қайта салғызсаңыз.

-Сіз менің атыма хат жазып, осы мәселені толықтырып түсіндіріңіз. Біз соны негізге ала отырып шешім қабылдаймыз.

 

-Мен Бақберген Жакуповпын. Менің үйімнің жартысы бір көшеде екінші жартысы басқа көшеге тіркелген. Әбден күйдім.

— Жалпы жер телімі бойынша сот процесі жүріп жатыр. Бар мәселе 2006 жылы орналасуына байланысты болып отыр. Бұл кісі аукционнан сатып алған. Бұл кісінікінде он соттық. Алты соттығында өз үйі тұр. Төрт соттығына басқа азамат дүкен соғып алған. Сондықтан соттың шешімін күтейік.

 

-Мен 2014 жылы мемлекеттік қызметші ретінде 209-шы болып тұрғын үй кезегіне тіркелгенмін. Былтыр кезегім 11-ге түсіп, биыл 13 кезегіндемін. Сізден сұрайтыным, мемлекеттік қызметкерге тұрғын үй тегін беріле ме, әлде ипотекалық түрде ресімделе ме?

— Оны осында Тұрғын үй және құрылыс бөлімінің басшысы бар. Сол кісімен ақылдасып шешесіз. Сол кісі жан-жақты жауап береді.

 

PS: Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың алты сектордағы тұрғындармен еркін форматтағы кездесулерінің барысында аңғарғанымыз-негізінде тұрғындардың арыз-шағымдарының қордаланып қалуы шұғыл шешілуге тиіс жағдайларға тиісті сала басшыларының уақытында көңіл бөлмеуі салдарынан туындаған. Қала әкімі осы алты сектордағы кездесулерінде тұрғындардың жүздеген сұрақтарына тиянақты жауап беріп, бірқатары жөнінде сала басшыларының жедел шешуін талап етіп, мерзімін де белгілеп берді. Ең көп көтерілген мәселе –тұрғын үй және коммуналдық сала басшыларына тиесілі болып отыр. Бұған тұрғындардың өкпесі қара қазандай. Барлық мәселе бірінші басшының ғана араласуымен бітуі керек пе, немесе сала басшыларының шалағайлығы қашанға дейін жалғасады деген сұрақ көкейімізде қалып қойды.

 

Ескендір ЕРТАЙ.

Leave a reply